Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған ұлан-ғайыр даланы батыр бабаларымыз бізге аманат етті. Сол аманатты көздің қарашығындай сақтау әрқайсымызға міндет. Ұлттық ұлан әскери институты осы міндет үдесінен шығып келеді. Институттың былтырғы 219 түлегінің алтауы оқу орнын үздік бітірсе, лейтенант Арнат Сыздықовқа “Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін” төсбелгісі табыс етілді. Оның есімі институттың Құрмет тақтасына жазылды. Қазақстандықтармен бірге Қырғыз Республикасының тоғыз және Тәжікстан Республикасының он өкілі офицер атағын алды. Қазіргі таңда институтта жеті мамандық бойынша офицерлерді даярлау жүзеге асырылады.
– Ұлттық ұлан әскери институты ашылғаннан бергі 25 жыл ішінде оқу орнын 3746 жас офицер тамамдады. Оның 260-ы оқуды үздік аяқтап, 45-і “Әскери оқу орнын үздік аяқтағаны үшін” төсбелгісімен марапатталды. Түлектеріміздің 316-сы Ұлттық ұланның, Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және басқа да әскери құрылымдардың бөлімшелерінде лауазымды қызмет атқарады. Кейбіреулері Бас қолбасшылықта және өңірлік әскерлер қолбасшылықтарының штабтарында басшылық етуде, – дейді тактика және жалпы әскери пәндер кафедрасының аға оқытушысы, подполковник Батырбек Сүлейменов.
Институт қабырғасында офицерлердің біліктілігін арттыру факультеті бар. Онда Ұлттық ұланның ғана емес, сонымен қатар ішкі істер, әділет, әскери прокуратура және арнайы құрылымдардың өкілдері біліктіліктерін арттыруда. Аталмыш факультет құрылғалы бері әскери және ішкі істер органдарының 2,5 мың, ал прокуратураның 600 өкілі қайта даярлаудан өтті.
Ұлттық ұлан әскери институтының жеке құрамы қаланың және облыстың қоғамдық-саяси, спорттық, мәдени іс-шараларына, сондай-ақ, өңірдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысады. Мәселен, төтенше жағдай кезінде әскери оқу орнының жасақтары Петропавл қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша міндеттерді орындады және облыс орталығында карантиндік шараларды қамтамасыз етуге үлес қосты.
Институт қызметшілері қысылғанға, жәбір көргенге, қиналып көмек сұрағанға қол ұшын беруге әркез әзір. Әскери институттың баспасөз хатшысы Олжас Әділбек хабарлағандай, былтырғы қыста, Петропавлда отқа оранған үйдің ішінен тұрғындарды құтқарған прапорщик Евгений Видникевич пен кіші сержант Денис Мухиннің ерлігін ерекше атап айтуға болады. Әскери міндетін атқара жүріп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткені үшін бірнеше офицер Мемлекет басшысының Жарлығымен жоғары марапатқа ие болды. Солардың бірі – капитан Мағжан Қалықов. Ол төтенше жағдай кезінде көзге түсіп, “Жауынгерлік ерлігі үшін” медалімен марапатталды. Сондай-ақ, түлектердің екеуі “Айбын” орденінің иегері екенін атап өткен жөн.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.