«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Еліміздің басты құжаты

Қазақстан Республикасының Конституциясы – кең-байтақ еліміздің егемендігін әлемге танытатын басты құжат. 9 тарау, 98 баптан тұратын Ата Заңымыз елдегі тұрақтылықтың тірегі, бекем бірліктің темірқазығы. Ширек ғасыр бойы замана талабына сай мемлекет құруға, қарқынды дамыған және инклюзивті экономикаға тың серпін беруге, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қалтқысыз қызмет етіп келе жатқанына ширек ғасыр толып отырған Ата Заңымыз мемлекеттілігіміздің сенімді іргетасын қалап, ішкі саяси тұрақтылықты орнықтыруға өлшеусіз үлес қосып келеді. Халықтың бірлігі, қоғамдық және рухани келісім секілді баға жетпес құндылықтарымыз еліміздің дамуы мен гүлденуінің зор жетістігі болып табылады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев “Конституция біздің тәуелсіздігімізді нығайтып, мемлекет пен жалпы қоғамда мызғымас тұрақтылықты қалыптастырды”, – деп үлкен баға берген болатын.

Бұл күн – биылғы жылдың ең маңызды даталарының бірі. Ел өміріндегі мұндай елеулі оқиғалардың тарихи маңызын жан-жақты насихаттау арқылы жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелей аламыз. Бұл істе азаматтық қоғамның ажырамас бөлігіне айналған үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін айта кеткен жөн. Өңірдің қоғамдық-саяси өмірінде үлкен күшке ие 640 үкіметтік емес ұйым түрлі салаларға белсене араласып жүр. Былтыр үш үкіметтік емес ұйым республикалық сыйлыққа ие болды. Сәлімхан Сәбитовтың “Тең жол” жобасы “Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары” республикалық байқауында үшінші орын алды. Ішкі саясат басқармасы осындай озық бастамаларды әр кез қолдай отырып, барлық қолайлы жағдайларды тудыруға әзір.

Қоғамда демократия дамуының айшықты бір көрінісі – сөз бостандығы, шығармашылық еркіндігі, ашықтық, шынайылық. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халық арасын байланыстыратын дәнекер, сындарлы диалогты жүргізудің алаңы іспеттес. Дәстүрлер сабақтастығы, орнықты ой-пікірлер, қоғамдық-саяси өмірге жедел үн қосу, реформалар мен батыл бастамларды толыққанды жүзеге асырудың ілкімді тетіктері, көпшілік тілектеріне дер кезінде құлақ асып, нақты проблемаларды шешуге атсалысу, мұның бәрі 57 баспасөз, 5 электронды ақпарат құралы, 3 ақпараттық агенттік ұстанатын басты қағидат екені даусыз. Алдағы уақытта БАҚ желісін кеңейту, қалың жұртшылықпен кері байланыс орнатудың тәжірибелерін кеңінен қолдану аса маңызды.

Азаматтық қоғамның тың моделі туралы сөз қозғағанда Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы айтпауға болмайды. Бұл – Тұңғыш Президентіміздің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында республиканың барлық этностарының мүдделерін қорғаудағы басты идеяларының бірі. Мемлекеттің этникалық тілдер мен мәдениеттерді қолдау жөніндегі сындарлы саясаты мәдени әртүрлілікті сақтауға және көбейтуге мүмкіндік береді. Облыс аумағында 34 этноорталық бар. Бұдан тысқары 182 аудандық этномәдени ұйым жұмыс істейді. Этностар күндері, Қазақстан халқының мәдениеті мен өнері фестивальдары, Қазақстан халқының тілдері күні, ұлттық мерекелер – мұсылмандардың Құрбан айты, Наурыз мейрамы, Рождество, Пасха және Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында өткізілетін басқа да іс-шаралар қазақстандықтардың бірлігін, достығы мен өзара түсіністігін нығайтуға ықпал етеді. Мұның бәрі берік достыққа, патриотизмге және ежелгі қазақ жерінде түтін түтетіп жатқан барлық этнос өкілдерінің жауапкершілігіне негізделген. Ата Заңымыздың 19-бабында: “Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар”, – деп айқын жазылған. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша кемсітуге тыйым салынған.

Коронавирустық пандемияның өршіп, бірқатар экономикалық қиындықтардың кездесуі бәріміз үшін үлкен сынақ болды. Қатерлі індет тек денсаулық сақтау жүйесінің ғана емес, қарапайым адамдардың да мейірімділігінің, жауапкершілігінің және қайырымдылығының қандай дәрежеде екенін байқатты. Солтүстікқазақстандықтар да бұл сынаққа төтеп берді. Карантин кезінде жиырма мыңға жуық жерлесімізге көмек көрсетілді. Еріктілер “Biz birgemiz!” республикалық акциясы аясында қайырымдылық шараларына жүйелі түрде қатысты. Қоғамдық ұйымдар тарапынан 5,5 млн. теңгенің қайырымдылығы жасалды. 5 мыңнан астам азық-түлік қоржыны таратылды. Кәсіпкерлер денсаулық сақтау мекемелеріне оттегі концентраттарын, медициналық құрал-жабдықтар сатып әперді. Мұндай бастамаларға тұрғындардың ауызбірлігі арқасында қол жеткізілді. “Бақыт бағалағанның ғана басына қонады” деген қанатты сөз, “Бірлік – ақылға бірлік” деген дана Абайдың ғақлиясы осындайда ойға оралады.

Ата Заң тарапынан заңдастырылған, жалпыға бірдей міндетті нормалар жүйесі тәуелсіздігімізді нығайтып, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Отанымызды, өз тарихымызды қастерлей білуге үйретті. Татулық пен тұтастығымыздың берік тұтқасы Конституцияны да солай ардақтауға міндеттіміз. Ата Заңымыздың қабылдануы, мемлекеттік рәміздеріміз – Елтаңба, Туымыз бен Әнұранымыздың бекітілуі, ұлттық валюта теңгенің айналымға енгізілуі егемендіктің елең-алаң шағындағы маңызды кезеңдер болып, жаңа қоғам, өзгеше тұрпатты мемлекет құруға сенімді іргетас қаласа, бүгінгі күні әлеуметтік-экономикалық, рухани жағынан алға қарай үздіксіз ілгерілеуіміздің өзіндік моделі жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында атап өткендей, Қазақстан әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекеттер қатарына қосылды. Баянды бірліктің арқасында қарыштап алға басып келеміз. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық. Еліміздің ұлттық құндылығын айқындайтын негізгі құжат – Конституциямыздың мәні бөлек, мәртебесі ерекше, маңызы айрықша.

Кемел ОСПАНОВ,

облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp