
Францияда өткен 71-ші Канн кинофестивалінде “Үздік әйел рөлі” аталымын жеңіп алып, еліміздің атын әлемге танытқан жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Есләмова “Soltústіk Qazaqstan” газетінің ұжымымен кездесті. Актриса шығармашылығы мен жетістіктері жайлы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
“Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов алдымен мейманды шығармашылық ұжыммен таныстырып, оның шынайы бағаланған жемісті еңбегі жайлы әңгімеледі. Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында дүниеге келген Самал Есләмова алғаш рет режиссер Сергей Дворцевойдың “Тюльпан” киносына түсіп, небәрі 19 жасында 27 жастағы үш баланың анасының рөлін сомдаған. Кейін актриса режиссердің “Айка” фильміне басты рөльге шақырту алған.
Самал Ілиясқызы алаштың аяулы тұлғаларының іздері қалған газет ұжымымен кездескеніне ерекше қуанышты екенін жеткізді. Өйткені, ол жастайынан қаламгер болуды армандаған. “Сол арманым орындалғанда, бәлкім, сіздердің араларыңызда отырар ма едім? Барлығы Алланың жазуымен болады ғой. Қалай болғанда да, сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалап, ерекше құрметтеймін. Елімізде тек жақсы оқиғалар орын алып, жағымды жаңалықтар көбейсін”, – деген актриса облыстық газет ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
Кездесуде Самал Есләмова алты жылға жалғасқан “Айка” фильмін түсіру барысы жайлы айтып, картинада ерекше әсер қалдырған және қиындық тудырған тұстарға тоқталды, отандық кино өнері жайлы пікірін білдірді. Самал Ілиясқызымен болған сұхбатты газеттің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.