«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗДІҢ МЫЗҒЫМАС ТҰҒЫРЫ

Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Ата Заңымыздың 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті.

– Ата Заң біздің азаттық алғалы атқарған барлық істеріміздің алтын таразысы болып табылады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқығы мен бостандығы. Бұл – еліміздің тұрақтануы мен өркендеуінің негізі мен кепілі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Мен Конституцияның тұрақтылығы қоғамның тұрақтылығы екеніне кәміл сенемін”, деп атап көрсетті. Еліміздің бүгіні мен болашағының негізі тұрақтылық, ұлтаралық бейбітшілік, конфессияаралық келісім, халқымыздың достығы екені баршамызға аян, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Ерік Сұлтанов.  

Облысымыздың тұрақты дамып келе жатқандығын тілге тиек еткен өңір басшысы жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылып, агроөнеркәсіп кешені өсімнің жоғары қарқынын көрсетіп отырғандығын жеткізді. Осы жолда елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар солтүстікқазақстандық “Қазақстан Конституциясына 20 жыл” мерекелік медалімен марапатталды. Сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, қоғамдық өмірге белсене араласқан бір топ азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табыс етілді.

– Еліміз үшін айтулы мерекеде туған жерімде “Қазақстан Конституциясына 20 жыл” мерейтойлық медалімен марапатталғаныма қуаныштымын. Еліміздің абыройын асқақтату – әр спортшының арманы мен парызы. Сол себепті мен әр жеңісімді елім мен халқыма арнаймын, – деді халықаралық деңгейдегі кәсіпқой бокста ел намысын абыроймен қорғап жүрген Жанат Жақиянов.

Осындай жағымды сәттерге толы салтанатты шара өңіріміздің өнер ұжымдарының қатысуымен өткен тамаша концерттік бағдарламаға ұласты.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp