Талайларды тұсаған өр екпінің,
Болмысыңның айғақтар бөлектігін.
Аманат қып қалдырдың бар қазаққа,
Жерді қалай сүюдің керектігін.
Бәзбіреуге болғанда басы қайғы,
Бағынбадың билікке басыбайлы.
Ұлтына адал перзентті әрқашан да,
Сертке берік сенімі асырайды.
Нар кеудеңді тостың да отқа кілең,
Ақ сөйледің арлы үннің тоқтамымен.
Ақиқаттың ауылын іздеп өттің,
Жалғандықтың жарысқан соқпағымен.
Елім деген жүрегі, қолда – күші,
Бостандыққа бұйырған қолғабысы.
Әз басыңды имедің беделге де,
Беу, даламның жаралы жолбарысы!
Арасында жүрсең де нала-мұңның,
Қақ төрінен орын ап қара қылдың.
Өр тұлғаңды жырлауға, батыр аға,
Құдіреті жетпейді-ау қаламымның.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.