Халықтың, қоғамның, жалпы ел-жұрттың қадірлейтін, қастерлейтін, есімін үлкен сыйластықпен, ілтипатпен атайтын азаматтары болады. Әрине, атақ-дәрежеге ие болу, елдің, жалпы халықтың сыйлы азаматы атану үшін еліңе, халқыңа, Отаныңа ерен еңбек сіңіру керек. Бұл тек тер төгіп, еңбек етуді ғана емес, сонымен бірге үлкен адамгершілік қасиетті талап етеді. Терең ақыл-ой, үлкен парасаттылық, білімділік, кісілік пен кішілік, ұлтжандылық, т.б. жақсы қасиеттер тән болса, құба-құп. Сонда ондай адамды ел-жұрт әрқашан сыйлап жүреді.
Осындай елінің елеулісі, халқының қалаулысы болған тұлғалы азаматтардың бірі Уәп Латанов ағамыз еді. “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” деген ғой дана халқымыз. Уәп ағамыздың білімді болғаны да, жақсыларға қосылып, сыйлы болғаны да елдің есінде. Оның елі үшін, келешек ұрпақ үшін жасап кеткен жақсылықтары, ауыз толтырып айтар, мақтан тұтар үлгілі істері бір басынан артылатындай көп болатын.
Үстіміздегі жылғы 28 қаңтар күні Уәкең тірі болса, 85 жасқа толар еді. Амал не, Жаратушының әмірімен 2007 жылдың 24 наурызында Уәп ағамыз бұл дүниеден өтті, фәниден бақилыққа жетті. Алла иман байлығын берсін, деп тілейміз. Қайран асыл ағамыз-ай! Артыңда өзің тәрбиелеп, яғни Күлпәш апай екеуіңіз әлпештеп өсірген, саналы тәрбие, сапалы білім берген ұл-қыздарыңыз баршылық. Ұлдарыңыз ұлағатты, қыздарыңыз үлгілі, жүрген жерлерінде сыйлы. Осыған шүкіршілік етеміз. Қалайша шүкіршілік етпейміз: немерелеріңіздің алды ержетіп, білім алып, отау тігіп, қатарға қосылып жатыр ғой. Міне, осы жеткіншектер атасы Уәп салып берген сара жолдан таймауға тырысуда.
Уәп ағамыздың өнегелі өмір жолдарын қысқаша бір шолып өтсек, артықшылық етпес.
Ол 1925 жылдың 28 қаңтарында Октябрь, қазіргі Шал ақын ауданының Қаратал ауылында дүниеге келген. Осы өзінің ауылында бастауыш мектепте оқыды. Содан соң Ленин (қазіргі Ыбыраев) ауылында 9 сынып бітірген. Осы кезде Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Уәкеңді Алқағаш ауылының бастауыш мектебіне мұғалімдікке жібереді.
1943 жылы мамыр айында соғысқа шақырылады. Украина жеріндегі майданда артиллерия атқышы болады. Корсунь-Шевченко операциясында екі рет жараланады. “Ерлігі үшін” медалімен, Отан соғысы орденімен марапатталады.
Соғыстан кейінгі жылдары Уәп аға Октябрь аудандық байланыс кеңсесінің бастығы, “Семиполка” кеңшары партия комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Соңғы кездері Уәп Латанов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Міне, мен осы кезде Уәкеңмен жақын таныс болдым.
Сөз жоқ, Уәп Латыпұлының есімі біздің Шал ақын ауданы жұртшылығының жадында сақталуы тиіс.
Ауданымызға жерлес ақынымыз Шал ақын Құлекеұлының есімін беру жөніндегі мәселе көтерген адам ауданның қадірлі ақсақалы – Уәп Латыпұлы еді. Мәселені көтеріп қана қоймай, осы бағытта ерен еңбек етті. Жоғары органдарға хаттар жіберді. “Новатор” және “Парыз” газеттерінде Шал ақынның өмірі мен шығармашылығы жөнінде мақалалар жариялады.
1998 жылғы 25 қарашада Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен Шал ақынның 250 жылдығына байланысты “Шал Құлекеұлы және оның ақындық өнері” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Осы конференцияға Уәкең де қатысып, “Шал ақын өлеңдерінің ел арасында таралуы” деген тақырыпта баяндама жасады. Қазақстан мен бауырлас Қырғызстаннан келген ғалымдар, әдебиет саласындағы қызметкерлер алдында жүрексінбей, Уәп Латанов өзінің асыл текті Шал бабасын барлық қырынан терең де мағыналы сипаттап берді.
Бұдан соң 1999 жылғы 3 маусым күні Түркістаннан келген жеделхат Уәп Латыпұлын Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген бабаларымыздың сүйегін мемлекеттік деңгейде жерлеу рәсіміне қатысуға шақырады.
Міне, осының бәрі – Уәкеңе деген сый-құрмет. Себебі, Уәп Латыпұлы елдің қамын ойлаған азамат еді. Ол Сергеевка қаласының құрметті азаматы болды.
Уәп ағамыз қызмет барысындағы мәжілістерде мәселені ақылға салып, саналы оймен сараптап алып сөйлейтін. Ақыл-кеңес беруге шебер болатын.
Уәкеңмен талай мәжілістерде бірге болып, сондағы байқағаным: ол кісінің тарих пен әдебиеттен, мәдениеттен, саясаттан хабары мол еді. Міне, біздің Уәкең осындай білікті басшы, ақылды аға, парасатты азамат еді. Уәкең елі үшін аянбай еңбек еткен ер болса, елі де Уәкеңді ардақтап, әлпештей білді. Осының куәсі: ол көзінің тірісінде Сергеевка қаласының құрметті азаматы атанды. Уәкеңнің сыртқы пішіні мен ішкі жан дүниесі үйлесімді еді. Кең маңдайлы, жарқын жүзді, жанарынан мейірімділіктің шапағатты шуағы төгіліп, кісілігі мен кішілігі жарасым тауып тұратын. Ойымды ақын сөзімен аяқтайын:
Жанары мөлдірегендермен,
Жүрегі елжірегендермен.
Үмітке сендіре білгендермен
Достасқым келеді менің.
Міне, Уәкең осындай азамат еді. Артында қалған ұл-қыздарына, немере-шөберелеріне мықты денсаулық, мол бақыт, жемісті еңбек тілеймін!
Рақым АХМЕТҰЛЫ.
Шал ақын ауданы,
Қаратал ауылы.