
Ұлттық біртектіліктің тірегі саналатын ескерткіштер салу мен тарихи орындарды жаңғырту Қызылжар өңірінде жалғасын табуда. Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылы маңындағы Жансүгір батырдың кесенесі болашақта ержүрек бабамыздың рухына тағзым етушілер ат басын бұрмай өтпейтін орындардың біріне айналары хақ.
Жансүгір Баубекұлы 18 жасында қалың қолды басқарған. Сонымен қатар қазақтың тұтастығы мен бірлігі жолында кесімді пікір айтып, әділдікті ту еткен ол дау-дамайларды әділ жолмен шеше білген. Батырдың әкесі Баубек те ерлігімен, батырлығымен ел арасында танымал азамат болған. Бүгіндері бұл әулеттің ұрпақтары біздің өңірімізде ғана емес, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарында да тұрып жатыр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын өңір азаматтары Жансүгір батырдың рухына тағзым етіп, кесене тұрғызу мәселесін көтерген болатын. Игілікті шараға бірден демеушілер табылып, сәулетті ескерткіш-кешен тұрғызу ұйғарылған. Енді, міне, атамекенін түлетіп, мәдениеті мен салт-дәстүрінің жаңғыруына, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға белсене атсалысып жүрген “Дайындық-Агро” және “Полтавское” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жетекшілері Біржан Шаймерденов пен Елтай Зікірин құрылысты аяқтап, кесенені ашып отыр.
Салтанатты шара барысында сөз алған Аққайың ауданының әкімі Дәурен Байтөлешов қазақ халқы ежелден-ақ ата-баба аруағын ұлықтап, рухына бас иіп келе жатқанын, мұндай шаралардың жастардың батыр бабаларының ерлігін танып білуіне қосар үлесі мол екенін айтты.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың рухани құндылықтары мен салт-дәстүрлерін жаңғыртуға ерекше назар аударады. Бүгінгі шара да осы бағытта ұйымдастырылып отыр. Қазақ халқының басына күн туғанда Жансүгір Баубекұлы жерін, халқын қорғап, елінің ынтымағы мен біртұтастығын ойлады. Өзінің асқан даналығы мен беделінің арқасында би атанды. Осы игі істі бастап, азаматтық борышын танытқан шаруашылық басшыларына алғысымызды білдіреміз. Ата-бабаларымыздың атын ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді парызымыз деп білеміз, – деді Дәурен Байтөлешов.
Жобаның жүзеге асырылуына атсалысқан Біржан Шаймерденовтың айтуынша, Аралағаш ауылының маңында “Астана – Петропавл” тасжолының бойына алыстан “менмұндалап” көрінетін аппақ кесене бас-аяғы төрт айдың ішінде тұрғызылған. Құрылыс жұмыстары мен кесененің айналасын абаттандыруға барлығы 28 млн. теңге қаржы жұмсалған. Жансүгір батырға арналған зәулім кесененің биіктігі 15 метрді құраса, мәрмәр тастар мен құрыш қолды шеберлер Ақтаудан арнайы алдырылды.
Нысанның салтанатты ашылу рәсімінде “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Зейнолла Әкімжанов, ауданның құрметті азаматы Әбу Әбілмәжінов, өлкетанушы Сансызбай Жұмабеков сөйлеген сөздеріне жаугершілік заманда ел қорғаны бола білген, ағайынның татулығын ойлаған тұлғаның жұртшылық біле бермейтін ел басқару, билік айтқан қасиеттері жайлы тебірене әңгімеледі.
Содан кейін Аралағаш ауылдық округі ардагерлер кеңесі мен Аққайың ауданының өлкетанушылары Жансүгір батырдың кесенесін салуға қаржылай қолдау көрсеткен Біржан Шаймерденов пен Елтай Зікіринге алғыстарын білдіріп, иықтарына шапан жапты.
Жансүгір бабаның қасиеті мен қадірі, ерлік істері жайында аңыз-әңгімелер айтылған шарадан кейін Аралағаш ауылында батырдың рухына Құран бағышталып, ас берілді. Сондай-ақ, қазақ күресі, көкпар және бәйге ұйымдастырылып, жергілікті өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.