«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІНІҢ ЕРКЕ ҚЫЗЫ ЕДІ

Өзге жұртты қайдам, қазақта бір түзелмес мінез бар: адамға құрмет көрсетілгенде көбіне атқарған лауазымдарын, киген шен-шекпендерін, алған марапаттарын санамалап, иіліп жастық, бүгіліп төсек болып жатамыз. Абай хакім айтқандай, “оқалы тон бола ма, ар-ұятын сатқанға?!”. Халық алдында бергенінен бермегі мол бола тұра, кей шенеунік бос мақтанға түбі түскен шелектей даңғырлап, дүниенің тұтқасын ұстап тұрғандай, аяқтары жерге тимей кететінін қайтерсің?! Бәрі салыстырудан тұрады ғой. Осындайда Тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы бос мақтан, күмпілдек атақ өңі түгіл түстеріне енбейтін, күрескерлік табандылығы жоғары, қоғамдық жұмысқа колхоздың қоңыр өгізіндей жегілсе де қыңқ етпейтін, жеке басының, бала-шағасының кәдуілгі шаруасындай көретін, сөзінен де, ісінен де ұлттық қайыспас рух сылдыраған кәусар бұлақ суындай төгіліп тұратын ағаларымыз бен апаларымыз көз алдымызға елестейді. Олардың қай-қайсысын алсақ та, жанартаудай жалындап өткен күш-қуаты, Толағайдай тау қопарған ұлан-ғайыр істері арнайы әңгімеге атан түйе жүгі боларлықтай. Теріскейдегі қарапайым көпшіліктің есінде ұмытылмастай жатталып қалған сондай жандардың бірі Райхан Бижанова десек, қателеспейміз.

Оның есімін қалай ұлықтасақ та бек жарасады. Өйткені, қайсар тәтеміздің ғұмырбаянын ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен егемендіктен, оның қиын өткелектерінен бөле-жара қарау мүмкін емес. Кезінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына өршелене қарсы шыққан бәзбіреулердің қазір кеуделеріне орден-медальдарды жарқырата таққанын, ал балалары мен немерелерін орысша оқытып жүргендерін көргенде Райхандардың қадір-қасиетін біле түскендей боласың. Үріп ауызға салғандай әдемі түрімен, халық әндерін әуелете шырқағанда аспандағы қаз айналып жерге қонатын бұлбұл үнімен, жанының нәзіктігімен, назды қылығымен, керек жерінде ерлерге тән батылдығымен, ұлтымыздың салт-дәстүрлеріне, әдет-ғұрыптарына жетіктігімен шоқ жұлдыз арасындағы Шолпан жұлдыздай жарқырап, Қызылжар жерінде санамыздан өшіп, ұмытылып қалған құндылықтарымызды тәуелсіздіктің самал желімен бірге әр шаңыраққа қондыруға айрықша атсалысқаны – еш қоспасы жоқ, талассыз шындық. Бір мысал айтайын: 1926 жылы “діни сарқыншақ” ретінде тамырына балта шабылып, өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында Әз Наурыз мерекесімен қайта қауышқанымызда жұбайы Бақыт ағамыз Қыдыр атаның, Райхан тәтеміз Ұмай ананың рөлін ең алғаш сахналап, оның соңы ұлттық нақыштарға толы мерекеге ұласып кете бергенді. Облыстық теледидарда ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын бағдарлама ашылып, тәтеміз өзі тіккен үй-ішілік қолөнер бұйымдарын көрермендерге ұсынып, еріксіз таңдай қақтырғаны бар. Екеуінің ауылда мәдени жұмыстарға жүйелі қатысқаны, көркемөнерпаздар үйірмесін, вокалды топ, домбыра оркестрін құрулары, аудандық, облыстық жарыстарда жеңімпаз атанулары зор себін тигізген.  

– Осы күнгі “Ақ отау” дәмханасы ол кездері облыстық “Қазақ тілі” қоғамының иелігінде болатын. “Жігіт сұлтаны”, “Қыз аруы”, “Келіндер байқауы” жиі өтіп, Райхан секілді ұлтжанды қыз-келіншектер жуан ортасында жүретін. Бірінші рет ұйымдастырылған әжелер сайысында ол барлық сындардан мүдірмей өтіп, бас жүлдені жеңіп алғаны есімде. Сонда бар-жоғы 52 жаста ғана болатын. Керемет ісмер еді. Екеуіміз №5 тігін ательесінде жұмыс істедік. Апайым Омбыдағы қысқаша курста алып келген білімін тәжірибеде қолданып, гүлдестелер жасауды тез меңгеріп алды. Қазіргі тілмен айтқанда, кәсіпкерлікпен шұғылданып, жас жұбайлардың тапсырыстарын кідіріссіз орындайтын, – дейді тетелес сіңлісі Мәстура өткен күндерді сағынышпен еске алып.

5 ұл-қыздың арасында Райхан әкесі десе ішер асын жерге қоятын. Оны магниттей тартатыны ауыл-аймақ “Ақан сері” атап кеткен асқар тау панасының өнері еді. Соғыстан бір қолы молақ болып оралса да, домбыраның құлағында ойнайтын. Ән айтуы өзгелерге ұқсамайтын. Жалғыз ұлы Қабиболлаға қайыңнан ойып, талай домбыра жасап берген. “Түбінде үлкен әнші, нағыз ісмер болады” деп ерке қызын көтермелеп отыратын. Райханға осы қасиеттер дарыды. Тұлымшағы желбіреп жүріп, сахнаның гүлі атанды. Әртістік қырынан танылды. Арманы Алматыдағы өнер оқуына түсу еді. Алайда, 8- сыныпты бітірген жылы сегіз қырлы, бір сырлы Бақыт деген кербез жігіт үлбіреген аруға ес-түссіз ғашық болып, бір түнде алып қашты. Қазақ мектеп-интернатының басшылары: “15 жастағы оқушымызды еріксіз алып кетті”, – деп милицияға арызданды. Тексере келгенде Райханның жасы 17-де екені, өзінен кейін туған марқұм сіңлісінің жасы қате жазылып кеткені анықталды. Соның өзінде кәмелетке толмағандығы көлденең тартылып, айғай-шу біразға созылды.

Алла Тағала тәтеміздің бойына көптеген текті қасиеттерді сыйдырған. Соның бірі – ер-азаматты керемет қадірлей білгендігі. Бақыт Бижанов алғашқылардың қатарында “Игілік” атты шаруа қожалығын құрып, солақай саясаттың салдарынан құрып кеткен осы аттас туған ауылын қалпына келтірсем деген ыстық ықыласы мен перзенттік парызын Райханмен бөліскен. Оның ойын жан жары қолдамағанда атақонысымен қайта қауышпас еді. Міне, талай жанның бойынан табыла бермейтін мәрт мінез осындай-ақ болар! Ескі жұрттан 4 гектар жер алып, үй, гараж, монша салынып, екі құдық суы, жарық тартылып, бау-бақша егіліп, не керек, жеке қожалық өркендей бергенде жоғары жақтан қолдау таппаудың салдарынан жабылып тынған.

Бақыт аға мен Райхан тәте бір шаңырақ астында 43 жыл түтін түтетіп, 5 ұл-қызды құтты орындарына қондырды. Шаңырақтың үлкені Бексұлтан жеке кәсіпкерлікпен айналысады, қыздары Ләззат, Нұржамал, Айымжан, Әсем анасының, немерелері әжесінің тәлімін бойларына сіңірген.

Тұңғыш шөбересін қырқынан шығарып, нағыз той-думан ортасында жүретін шағында беймезгіл ажал алып кетсе де, жерлестерінің есінде “Елінің ерке қызы” деген аты қалды.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp