Өткенін айтпағанда, бергі бір ғасырға таяу уақыт бойы тізгіні өзгенің қолында болып келген Қазақ елі 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіз мемлекет, егемен ел атанды. Ұлық пен жасықты, шындық пен жалғанды таразыға салып, екшейтін тағылымды тарихтан белгілі болғандай, азаттық алған елдердің бәрі бірдей бірден даңғыл жолға түсіп, көшін алға оздыра бермейді. Бүгінгідей жаһандану кезеңінде жас мемлекеттің “бұйдасынан” жетектей кеткісі келетіндер көп кездесетіні де мәлім.
Тәуелсіз ел атанған тұста Қазақстанның қолында ядролық қару болғаны баршаға мәлім. Баладай тәй-тәй басқан жас мемлекеттің оны өз бетімен игере алмайтыны өз алдына, мұндай күшті қаруы бар елдің қай кезде де нысанада болатыны анық. Бұл тұста Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір тапқыр шешім жасады. Алпауыт елдердің кепілдігін ала отырып, әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартты.
Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен елдің шекарасын бекітіп алуға бар күш-жігерімен ұмтылды. Бұл өте күрделі мәселе болатын. Бірнеше мемлекеттің талқысында тұрған осындай күрделі мәселелер біржола шешіліп, Қазақстан әлемдік қауымдастық мойындаған шекарасын бекітті. Бұл да, әрине, “елім”, “жерім” деген Нұрсұлтан Әбішұлының табандылығының бір көрінісі.
Экономикамыздың қанаты қауырсын болып тұрғанда ел астанасын Арқа төсіне көшіру туралы Елбасының Жарлығы әуелде қалың қауымға түрпідей көрінгені рас. Алысты айла, ақылымен болжаған Елбасы Арқа төсіне ту тікті. Сәулеті асқан, берекесі тасыған айбынды Астананың әрбір төбесінде Елбасының ақылы мен ойы сайрап жатыр. Астана әрбір қазақстандықтың көңіліндегі көркем арманына ғана емес, әлемдегі ең әдемі шаһарлардың біріне айналды.
Егемендікке қол жеткізген алмағайып жылдары елімізде қазақтың саны аз – 40 пайыз болатын. Облысымыздағы қандастардың санын айту тіпті қиын, тауыққа шашқан тарыдай еді. Сондықтан да өзге этностың дауысы өктемдеу естілетін. Елбасы қиын кездің өзінде-ақ тағдырдың жазуымен әлемнің әр бұрышына шашырап кеткен қазақтарды атамекенге оралту мәселесіне ден қойды. Соның арқасында 1 миллионға жуық қандасымыз ортамызға оралыпты. Солардың көбі өңіріміздің бірқатар аудандарында да төбе көрсетіп, үй болды. Табиғи өсіміміз де көңіл көншітеді. Өзге мемлекеттердегі қандасын көшіріп алып отырған үш мемлекет болса, соның бірі – Қазақстан. Бұл да елін сүйген, елі сүйген Елбасының арқасы.
Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішінде бірінші болып Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етті. Бұл да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қауымдастық алдындағы биік беделінің, асқақ абыройының жарқын көрінісі. Астана саммитіне 156 мемлекеттің басшылары мен өкілдері келіп, маңызды құжаттарға қол қойды.
Облыс орталығындағы іргелі оқу орны – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жанынан құрылған Тіл және әдебиет институтының директоры бола отырып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсуге талап танытқан өзге этнос өкілдерінің қатары жыл сайын көбейіп келе жатқанының куәсі болып жүрмін. Өйткені, қазақ тілінің болашақтың тілі екендігін өзге этнос өкілдері жан-жүректерімен түсіне бастады. Елбасының: “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде”, – деген сөзі де шындыққа айналып келеді.
Бір кезде “Қазақстан – 2030” Стратегиялық бағдарламасы дүниеге келгенде оған күмәнмен қарағандар көп болып еді. Қазір сол бағдарламаның игілігін көре бастадық. Соның бәрі, ең алдымен, Тәуелсіздіктің сарабдал саясатымен жаңа мемлекетті бүгінгі деңгейге жеткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тынымсыз еңбегінің жемісі!
Әрине, бүгінгі жеткен биігіміз біреулерге олқы көрінуі де мүмкін. Адам баласы барша игілікке өз тұсында жеткісі келетіні анық. Бірақ бізден анағұрлым көп ұлттардың мемлекетсіз, Отансыз отырғанын көргенде, саны 16 миллионнан асып түскен қазақтың бүгінде әлем таныған мемлекет құрып отырғанына шүкір дейсің.
Тағы бір тарихи жетістігіміз – Қазақстанның елордасы – Астанамыз 2017 жылы халықаралық “ЕХРО” көрмесін өткізу мәртебесін иеленді. Елбасының жетекшілігімен экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Мәдени-рухани саладағы ерен еңбектері де айрықша. Өзінің көрегендігі мен мықты саясаткерлігінің арқасында бүкіл әлемді мойындатқан Тұңғыш Президентіміздің абыройы асқақтай түсуде.
Татулық пен достықта тұруды ежелден арман еткен Қазақстан – өз ұлты, халқы, діні, тілі, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі бар құдіретті ел. Қазаққа тән ата-бабаларымыздан қалған ар-намыс, жігер-қайрат, дарқан мінез мұра ретінде келешек ұрпаққа дейін жалғасын табары сөзсіз. Бүгінгі таңда Қазақ елі тәуелсіздігін алып, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен әлем мойындаған, жаһанға аты жеткен мемлекетке айналды. Тәуелсіздік алғаннан бастап ел Президентінің жарқын келбетін, кемел дарынын, ел басшысы ретіндегі көсем қасиеттерін айқын таныдық.
Президенттiң сөздерi қанаттандырады, дұрыс бағыт бередi, алдағы арман-мақсаттарға қол жеткiзу үшiн сенiмдiлiктi арттырады. Ол сезімді мен басымнан өткердім десем, артық айтпаймын деп ойлаймын. 2013 жылдың 18 қазанында Астанада Тәуелсіздік сарайында Елбасы, партияның Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалық етуімен “Нұр Отан” партиясының кезектен тыс ХV съезіне Солтүстік Қазақстан облысынан барған делегацияның құрамында болдым. “Нұр Отан” партиясының жаңа саяси Доктринасының жобасы, алдағы онжылдықтағы міндеттері делегаттар талқысына салынды. Сонымен бірге, съезд барысында партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, партияның саяси кеңесінің құрамы жаңарды. Осы съезде “Нұр Отан” партиясының республикалық саяси кеңесінің мүшесі болдым. 2015 жылы 11 наурызда “Нұр Отан” партиясының ХVI съезіне екінші мәрте делегат ретінде қатыстым. Жиын барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттілікті нығайтуға арналған өзінің жаңа 5 реформасын алға тартты. 2014 жылғы қарашаның он бірінде “Нұр Отан” партиясының республикалық саяси кеңесінің отырысында “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” деп аталатын Қазақстан халқына жариялаған Жолдауының да куәгері болдым. Елбасы: “2015 жыл Ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы болатындығын баса көрсетіп, Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз”, – деп көрсетті. 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланды.
Кең-байтақ Қазақ елінің түкпір-түкпірінен келген сан ұлттың өкілдерінің басы қосылған бұл жиындардың жөні бөлек. Сәні мен салтанаты асқақтаған Тәуелсіздік сарайында Елбасымен кездестiк, бұл – біз үшiн зор мәртебе.
Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, өз биігінде ұстау – біздің қолымызда. Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, оны көзіміздің қарашығындай қорғау – баршамыздың борышымыз.
Жанар ТАЛАСБАЕВА,
М. Қозыбаев атындағы
СҚМУ-дің Тіл және әдебиет институтының директоры,
профессор,
“Нұр Отан” партиясы
саяси кеңесінің мүшесі.