«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІ ЕРІН ҰМЫТПАЙДЫ

Сейсенбі күні Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжінде аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовке арналған ескерткіш тақта ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.

Аталмыш оқу орнында білім алған Бәйкен Әшімов көзі тірісінде-ақ тұғыры биік тұлға атанды, оның адамгершілігі жайлы ел арасына тарап кеткен әңгімелер аз емес. Оның Билікке араласқаннан зейнет демалысына шыққанға дейін атқарған еңбегін атап өткен облыс әкімі Ерік Сұлтанов:

– Ол Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Министрлер Кеңесін басқарған кезінде одақтық деңгейдегі талантты ұйымдастырушы, кең ойлайтын мемлекеттік қайраткер, сауатты жетекші ретінде танылды. Дана саясаткер, талантты басшы зейнет демалысына шықса дағы белсенді қоғамдық жұмыстарының арқасында Қазақстанның нығаюына зор үлесін қосты. Ол үнемі жаңашылдыққа ұмтылып, Елбасымыздың барлық бастамаларын қолдап отырды. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі – Бәйкен ағамызға қандай құрмет көрсетілсе де лайықты, – деді.

Ал даңқты тұлғамен кездесіп, тілдескен, іскерлігіне тәнті болғандардың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері, “Зенченко және компания” КС-нің директоры Геннадий Зенченко Бәйкен Әшімов өмірінің соңына дейін ауылға келіп, елдің ахуалымен танысып отырғандығын жеткізді. Әкесіне құрмет танытқан облыс басшылығына, жиналған қауымға зор алғысын білдірген М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры, техника ғылымдарының докторы, академик Оңдасын Әшімов Алматыда әкесі тұрған үйге естелік тақта орнатылғанын және Елбасының ұсынысымен Алматыда жаңадан салынған мешітке Бәйкен Әшімовтің аты берілгенін айтты.

Ерік Сұлтанов пен Оңдасын Әшімов ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашқаннан кейін, жиналған қауым гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Бұдан кейін қонақтар колледждің мұражайын аралап, оның тарихымен танысты.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp