Қазақстан жер көлемі жағынан әлем елдері арасында 9-орында. Ата-бабамыздан мирас болып қалған осынау қасиетті жерімізді көзіміздің қарашығындай сақтау – кейінгі ұрпақтың парызы.
Жер мәселесіне қатысты халық арасында түсінбеушіліктер орын алды. Әрине, ел болып оған баршамыз алаңдадық. Елбасымыз да дер кезінде дұрыс шешім қабылдады деп ойлаймын. Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілуі тиіс Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий жариялап, халықты сабырға шақырды. Қазіргі таңда жер реформасы жөніндегі комиссия қызу жұмыс жүргізуде. Расында да, Жер кодексінде ескерілмеген жайттар баршылық. Кодекстегі әр тармақты талдай келе әттеген-ай дейтін тұстардың аз емес екенін аңғарамыз. Барлық сын-пікірлер, айтылған ойлар Жер кодексінде ескерілуі тиіс.
Мен өзім 40 жылдан артық ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істедім. “Жер – ырыстың кіндігі” деп бекер айтылмаған. Егер өзімнің тәжірибеме сүйенетін болсам, жерге ие керек. Бұрын кеңес өкіметі тұсында егін жайқалып, алқапта арамшөп болмаса, мына жердің иесі жақсы жұмыс істеп жатыр екен деп айтатынбыз. Қазір нарық заманы. Ал нарықтың талабы күшті. “Не ексең, соны орасың” демекші, жерді ерекше күтіп, баптағанда ғана өнім береді. Ал елге арам пиғылмен келетіндер де болуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселелер жан-жақты ескерілуі керек. Жерді жалға беру келісімшартында оның құнарлылығы қанша пайыз, қандай жағдайда берілгені анық көрсетіліп, жазылуы тиіс. Кейін жалға беру мерзімі аяқталған соң бұл талаптар қатаң ескерілсе игі. Егіс технологияларының да дұрыс орындалғанына қатаң мән берген жөн.
Жер – басты байлығымыз. Оған Үкіметтің де көзқарасы дұрыс болуы керек. “Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында” кетпес үшін жер шетелдіктерге сатылмауы керек. Халықтың оған алаңдауының жөні бар. Біздің бабаларымыз жер үшін жайдан-жай жанын пида етпеген болар. Болашақ ұрпақ, қазақ халқының қамы үшін толарсақтан саз кешті емес пе? Әрине, осыншама байтақ, кең, құнарлы әрі қасиетті жерімізге сырттан көзалартатындар бар.
Тәуелсіздік алған ширек ғасырда экономикамыз дамудың даңғыл жолына түсті. Осы уақыт кезеңінде көптеген кәсіпорындар ашылды. Өнеркәсіптің өзіне қаншама инвестиция тартылды. Бұдан біз ұтылған жоқпыз. Ал жерді жалға беру – бүгінгі уақыт талабы. Бюджетте қазір артық қаржы жоқ. Мұнай мен газдан, басқа да кен орындарынан қазынаға түсетін ақша азайды. Ал біз – енді ғана шаңырақ көтерген жас отбасы сияқты жаңадан құрылып жатқан елміз. Бірден төрт құбыламыз түгел болуы мүмкін емес. Үкіметтің, тиісті органдардың қатаң қадағалауымен жерді жалға беруге болады деп ойлаймын. Жерге неге инвестиция тартпасқа? Бұрын астықты тереңдете өңдеу дегеннің не екенін білдік пе? Ал қазір өнімді қайта өңдеудің арқасында одан қаншама пайда табуға болатынына анық көз жеткізудеміз. Әр өнімнің шығымдылығы мен гектар берекелігі арттырылса, құба-құп. Егер шетелдерден арам емес, адал пиғылмен келетін инвесторлар болса, жерді жалға беріп, пайда табудың еш ағаттығы жоқ. Бірақ оларға тек жергілікті тұрғындар ғана жұмысқа тартылуы керек деп талап қойған жөн. Әрине, топырақтың құнарлылығы сақталып, минералды тыңайтқыштардың сіңірілуін, жердің күтіп-бапталуын құзырлы органдар қатаң қадағалауға алса, бұл – біржақты шешімін табатын мәселе.
Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы да – жер реформасы жөнінде құрылған комиссияның мүшесі. Олар жергілікті халықтың пікіріне назар аударуда. Сол себепті айтылған барлық ұсыныстар ескеріледі деген үміттемін. Осы орайда тағы бір мәселе бойынша ой бөліскенді жөн көріп отырмын. Ауылдың айналасындағы жер жергілікті әкімдіктің қарамағында болуы тиіс. Кейбір ауылдардың түбіне дейін жер жыртылып, егін егілген. Бұл дұрыс емес. Халықтың игілігі үшін ауылдың маңындағы жерге ешкім де қожалық етпеуі керек. Ауылдағы ағайын малымен күн көріп отырғандықтан, жайылымдық, шабындық жерге тиісуге құқығымыз жоқ. Сондай-ақ, Жер-Анадан ырыс тапқан азаматтарға Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Жергілікті халықтың аяғынан тік тұруы үшін жақсы жұмыс істейтін азаматтарға жағдай жасасақ, артық болмайды. Жер бос жатқаннан гөрі ел игілігі үшін қызмет еткені жөн.
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.