…Кейінірек, Желтоқсанның құрбандығына қыршындай қылып Қайрат Рысқұлбековті шалып тындық. Онда да «сен тимесең, мен тимелеп» жатып алдық. Қаршадай жасты өлім жазасына кесіп жатқанда сол арсыз соттың алдына барып, халықтың жасанды спектакльге деген үзілді-кесілді наразылығын білдіруге тым құрығанда 20 шақты зиялысымақ, 100 шақты жігітсымақ табылмадық. «Отқа оранғымыз келмеді, суға сүрінгіміз келмеді».
Осыдан жиырма жыл бұрын ғой деймін, аталмыш тақырыпқа арнайы деректі фильм дайындап жүргенде осы сауалды Әбіш аға Кекілбаевқа қойған едім. Ол кезде (90-шы жылдардың басында) саясаттан гөрі әдебиетке көбірек бүйрегі бұратын Әбекең менің «ақымақтау сұрағыма» ептеп ренжіп қалды. «Отызыншы жылдары қазақ зиялысы жаппай ораққа түсті, олар бұл жолы да ораққа түсеміз бе деп аяғын тартты, қауіп қазанынан сақтанды» деп, дүлділ тілмен тарқатып түсіндіріп, уәж айтты. Әрине, (сол кезде) жұрт таныған рухани тұлғадан саясаттың белсенді қайраткерлігіне бүкіл болмысымен ауысып жатқан кісінің байламын түсінуге тырыстым, арада 20 жыл өтсе де, әлі тырысып жүрмін… Бірақ, санамды қанша қинасам да, «жайлауымызды жау, қыстауымызды өрт алып жатқанда», «орақтан» бас сауғалап отырудың қажеттілігін ұға алар емеспін. Егер, ел-жұрттың басына қара бұлт төнген кезде пайдасы болмаса, ол бастарды кімдер үшін және қандай болашақ үшін сақтау керек болды? «Әшейінде би аға, түйе ауғанда қайда едің?!.» болып жүрмей ме?..
Серік АБАС—ШАХ,
тележурналист.
(«Ақиқат» журналы, №11, 2014 жыл).
