«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ БАСЫНА ҚАТЕР ТӨНГЕН ЖЫЛ ЕДІ

Сөзін Амангелді Шамкенов жазған “Ана туралы баллада” әнін көпшілігіміз жатқа білеміз.

Әлі есімде, біледі жұрт, біледі,

Ел басына қатер төнген жыл еді.  

Қимастарын қан майданға ұзатып,

Қарс айырылған аналардың жүрегі…

Иә, сол сұм соғысқа аналар жан жарын ғана емес, бауыр еті балаларын да аттандырып жатты. Мұндайда олардың жұдырықтай ғана жүректері қарс айырылмай қайтсін. Қай ана баласынан айрылғысы келеді дейсің. Бірақ, жан берісіп, жан алысатын, соғыстың аты – соғыс. Көп жігіттер жалындаған өрімдей жас шақтарында еліне аман оралып, аналарына маңдайларынан иіскете алмай, қыршын кетті.

Борамбай Әбішев 1925 жылы қазіргі Есіл ауданындағы Бірлік ауылында туған. Ол кездегі балалар қандай жұмыс болсын, тартыну дегенді білмеген ғой. Борамбай да солай өскен. Дегенмен, оның қатарластарының қатарында ерекшелігі де байқалып қалатын. Мығым денелі, шымыр болып өсіп келе жатқан, жақсы іске әуестік, құрбы-жолдастарының арасында көшбасшылық қасиеті оны ерте есейтіп, ержеткізген.

Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы Борамбайдың жасы небәрі 16-да ғана болатын. Бабаларының рухымен жігерленген бала жігіт соғыс өрті шарпыған майдан даласында өзінің ағалары мен әкелері оқ ортасында жүргенін ойлап, маза таппаған. Көңілдегі сезім, өзіне деген сенімнің күштілігі болар, Борамбай қалай да майданға баруға ұмтылған. Ақыры амалын тапқан. Қызыл әскер қатарына шақырылғанда қажет құжатқа білдірмей “түзету” жасаған. Сөйтіп, 1942 жылы ол 17-ақ жасында әскер қатарына алынған.

Борамбай Әбішев 1942 жылдың 27 желтоқсан күні жауынгерлік ант қабылдап, оған атқыш деген дәреже беріліп, сол күннен бастап жас жігіттің жауынгерлік жолы басталған. Отанға деген сүйіспеншілік болар, талай ұрыстарда табандылық, өжеттілік, батылдық, ержүректік таныта білген. Жауынгерлік жолы Ленинград түбіндегі шайқастан Волхов майданына ұласқан, одан әрі де алыс шақырымдарға созылып, Прибалтика, Белоруссия, Венгрия, Чехословакия, Австрия, Германияны азат етумен аяқталған.

Оның ел намысын қорғап, ерлік үлгісін көрсете білгенін марапаттарынан анық аңғарасың. Олар: ІІІ дәрежелі “Даңқ” ордені, “Қызыл Жұлдыз” ордені, “Отан соғысы” ордені, “Ерлігі үшін”, “Будапешті алғаны үшін”, “Венаны алғаны үшін”, “Германияны жеңгені үшін” медальдары. Ол соғыс кезінде маңызды әскери тапсырмаларды орындаумен айналысқан Суворов, Кутузов және Богдан Хмельницкий орденді Қызыл тулы 44-ші қалқыма көпір полкінде қызмет еткен. Полк туының жанында тұрып түскен суреттің сыртында оған штаб бастығы, полковник Ждановичтің атынан біраз мақтау арналған. Сурет 1945 жылы түсірілген. Ал ол кезде Борамбайдың жасы 20-ға да толмаған екен.

Отты жылдар ойранын көрген Борамбай Сейтахметұлы қантөгістерде талай достарынан айрылған. Мұндай жағдай ауыр жара сияқты жанға қатты бататындықтан да шығар, ол соғыс жайлы айтуға сараң болыпты. Жүрек түбіндегі жара оңай жазыла қоймайды, әрине.

Жастық шағы майдан даласында өткен Борамбай соғыстан кейін де әскери қызметін абыройлы жалғастырып, елге 1947 жылы оралады. Келісімен қалада ішкі істер органына қызметке орналасқан. Бірақ өзі бастан-аяқ көрген, азабын көп тартқан соғыс шыдата ма, денсаулығы сыр бере бастағандықтан, дәрігерлер оған таза ауа керектігін, ол үшін ауылдық жер қолайлы екендігін айтқан.

Сөйтіп, Борекең жап-жас жары жанында Есіл ауданына қарасты Тамамбай ауылына келіп табан тірейді. Ол Комаров атындағы кеңшар құрылған 1967 жыл екен. Ауыл шаруашылығы өндірісінің әр саласында жемісті еңбек ете жүріп, ол қашанда өз биігінен көріне білген. Кеңшарда жұмысшылар комитетінің төрағасы, зоотехник, қырман меңгерушісі, трактор-егіс бригадасы бригадирінің көмекшісі қызметтерін абыроймен атқарған.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp