Бүгінде жастарды жұмыспен қамту, олардың мәселелерін шешу, сондай-ақ, талпынған жасқа жігер беріп, белсенділігін арттыру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында басымдық берілген бағыттардың біріне айналды.
Облысымыздағы жастар саясаты саласында ілгерілеу бар. Оған қаржыландыру көлемінің жыл санап артуы себеп болып отыр. Мәселен, үстіміздегі жылы мемлекеттік жастар саясатына 31 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Оның 20 миллион теңгесі Петропавл қаласына тиесілі.
Бүгінгі күні өңірімізде 14-29 жас аралығында 121 мыңнан астам жігіттер мен қыздар бар. Бұл облыс тұрғындарының 23 пайызын құрайды. Тарқатып айтар болсақ, олардың 58 мыңы облыс орталығында тұрса, 75 мыңы – ауыл жастары. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында биылғы жылы жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға жоспарланған жұмыстар жүргізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, бюджеттiк бағдарламалар аясында үстіміздегі жылға жалпыоблыстық iс-шараларды өткiзу бойынша күнтiзбелiк жоспар жасалды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 18,3 миллион теңге қаражат бөлінді.
Атап айтқанда, үстiмiздегi жылдың екiншi жартыжылдығында саламатты өмiр салтын насихаттауға, қоғамдық ой-санада нашақорлыққа иммунитет қалыптастыруға бағытталған жаппай iс-шаралар кешенiн өткiзу, пiкiрталас қозғалысын дамыту бойынша жұмысты ұйымдастыру, жастар арасында мүмкiндiгi шектеулі тұлғаларды әлеуметтiк қолдау, облыс әкiмiнiң кубогы үшін қазақ және орыс тiлдерiнде КТК ойындарын өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, ерiктiлер қозғалысын дамыту, “ЕХРО – 2017” халықаралық көрмесіне ерiктiлердi дайындау және өңір жастары арасында мемлекеттiк мерекелердi және айтулы күндерді мерекелеу аясында iс-шаралар кешенi кіреді.
Жуырда облыстық жастар істері жөніндегі басқарма құрылды. Қазіргі таңда өңір бойынша 65 жастар қоғамдық бірлестігі, бірқатар жастар ұйымдары, облыс әкімі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес тұрақты әрі белсенді жұмыс жасауда. Оның ішінде “Жас Отан” жастар қанатының, “Қазақстан студенттер альянсының” облыстық филиалдары, “Жастар кадрлық резерві”, “Жас ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы” қоғамдық бірлестіктері, ресурстық орталықтар секілді ұйымдар бар. Бұл ұйымдарға жетекшілік етіп жүрген өңір белсенділері облыстың әлеуметтік-экономикалық жағынан алға басуына оң өзгерістер әкелуде. Жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар олардың жігерін арттырып, ынталандыруда.
Маңызды іске облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері де атсалысуда. Атап айтқанда, жастарды тәрбиелеу, олардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру мақсатында “Алғыс”, “Саланг”, “Ер Отан”, “Ассоциация” атты клубтар әртүрлі тақырыпта іс-шаралар өткізіп, жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар, облысымыздың барлық колледждері мен мектептерінде жастар ісімен айналысатын комитеттер құрылған.
Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы да өз дәрежесінде орындалуда. Мысалы, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы шеңберінде үстіміздегі жылы 59 жас маманға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 152,8 млн. теңгенің несиесі берілсе, 147 жас маманға көтерме жәрдемақы алу үшін 21,6 млн. теңге бөлінген. “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы аясында 82 жас жұмысқа орналасты. “Жасыл ел” бағдарламасы бойынша 323 жас облысымыздың 12 мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесінде еңбек етсе, 180-і тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Жастарды еңбекке орналастыруға мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде облыста жұмыссыз жастар деңгейі 2,9 пайызды құрады.
Бұған қоса жұмыссыздық турасында жастар арасында тегін құқықтық кеңестер, психологиялық көмектер, “Жасыл ел” студенттік құрылыс жасақтарына тарту шаралары да жүзеге асқан. Сонымен қатар, түрлі мәселелер бойынша қоғамдық қабылдаулар, жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылған.
Зоя ЗЛОТАРЕВА,
облыстық ішкі саясат басқармасының
бас маманы.