Өмір бойы біздің ауылда тұрып, тоқсанға қараған шағында бақилық болған кейуананың жарқын бейнесі есімде. Өзімен қатарлас ақжаулықты аналар да, ақсақалдар да оның есімін тура атамай “Қыз апа” дейтін. Алақандай ғана ауыл ғой. “Қыз апа” деген есімді естісе болды, шағын елді мекеннің еңкейген қартынан еңбектеген баласына дейін кім екендігін аңғаратын. Бұл апайды жұрт ерекше қадірлейтін. Ол кезде баламыз. Әжейдің шын есіміне қызықпадық. Есімінің астарына жасырынған сырды кейін ол бақилық болғанда бір-ақ білдік. Адамзатты күйреткен екінші дүниежүзілік соғыстан бір жастыққа бас қойған жұбайы оралмапты. Небәрі жиырма екі жастағы келіншек үш баласын құшақтап, отағасының орнын жоқтатпай, қарашаңырақтың түтінін түзу түтетіпті. Балаларын жалғыз өзі қанаттандырып, ар-намысына кіршік түсірмей дүниеден өткенде көзін көргендер: “Ана десе, ана еді ғой”, – деп жоқтау айтып, ақтық сапарға шығарып салды. Неге екенін қайдам, осы оқиға бүгінге дейін менің жадымнан өшкен жоқ. Есіме алған сайын балаларының бақытын қара басының қамынан жоғары қойған, ұлттың болашағын үстем еткен қазақ қызының шыдамдылығына қайран қаламын. Оған көңіл жарастырайық дегендер аз болмаған. Олардың арасында өзге этнос өкілдері де бар. Солардың біріне де мойын бұрмауы қазақтың нағыз намысты қызына тән бірегей қылықты танытпай ма? Халқымыздың арғы-бергі тарихында беделі бес атанға жүк болған аналар, қарашаңырақтың берекесін кетірмей, үстем еткен келіндер аз болмаған ғой. Заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған, ел анасы атанған “Ұлпан” бейнесі “нағыз қазақ әйелі” деген бірауыз сөздің даңқын асырып тұр емес пе?!
Әңгіме ауанын осылай бастауымыздың да себебі бар. Ұлтымыздың болашағына баланатын қазақ қыздарының бүгіндері көлденең кездескен көк аттыға жар болып кетіп жатқаны қынжылтпай қоймайды. Тілі мен діні, танымы мен түсінігі ұлтымыздың уызындай құндылықтарымызға мүлдем жат өзге этнос өкілдерімен көңіл жарастыру, ақыр соңында некелі жарларына айналу мәселесі әбестік болмай барады. Тіпті, осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өзге ұлттың жігіттеріне тұрмысқа шыққан қазақ қыздарын әспеттеп, елдің алдына сүйіншілей шығарғанымыз да бар. Одан өзге осы мәселені қаузауымызға бір себеп, жақында әлеуметтік желілерді дүр сілкінткен Астанадағы қазақ қыздарын Қытай азаматтарына тұрмысқа беру ісімен айналысатын неке агенттігінің ашылуы еді. Қазақтың елордасы – Астананың төрінде отырып, ұлтымыздың болашағына балта шабатын жұмыстарын жайбарақат атқарған агенттік өкілдерінің не ойлағаны бар екен? Елдің болашағына, ұлттың келешегіне бейжай қарай алмайтын азаматтар әлеуметтік желілер, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қарсылық танытып, пікірлерін қарша боратып жатты. Алайда, осыған тосқауыл қоятын бір құзырлы орган табылмағандықтан, қарапайым халықтың уытты ойлары суға сурет салғандай зая болары айдан анық.
Ойланатын жағдай ғой. Қолда бар статистикалық мәліметтерге қарағанда, елімізде “әр жігітке он қыздан” деген түсінік бар. Осы ретте өңіріміздегі жағдай да жан жадырата қоймайды. Мәселен, 2015 жылы бір жүзден астам қазақ қызы өзге этнос өкілінің жары атаныпты. Бұл бір Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай. Еліміздің барша өңірін алып қарасақ, бұл көрсеткіштің бірнеше еселенері сөзсіз. Бойдақ жігіттер мен қыздардың санының жыл сайын күрт өсіп бара жатқандығы да сөз болып жүр. Сүр бойдақтарымыз бір бастарын екеу қыла алмай жүрсе, еліміздің демографиялық жағдайының да көңіл көншітпейтіні анық қой.
– Жаһандану заманы деп жанталасып жатырмыз. Қызымызға жөнді тәлім-тәрбие беруден, ұлымызға өсиет айтудан қалып барамыз. Қазір қыздардың көбі ақшасы бар, жағдайы жақсы жігіттермен көңіл қосады. Неге? Оларға “әй” дейтін әженің, “қой” дейтін қожаның аздығынан осы жағдайға душар болып отырмыз. Біз небір теперішті көрген халықпыз. Сонау зұлмат замандардың өзінде қызымызды өзге елдің босағасына күң қылмадық. Осының бәрі тарих. Тарихты жас ұрпаққа ұғындыра алмай жүрміз. Теледидарды қоссаң сарнаған әншілер, сөзі сұйық әртістер. Бейнебір аспаннан салбырап түсе қалғандай, ақыл айтқанда алдарына жан салмайды. Ұрпақтың тәрбиесін бұзатын осындай олқылықтар ғой, – дейді ардагер ұстаз Күлзия Кәрімжанова.
Петропавл қаласының тұрғыны Сәлима қажы да өз ойын білдірді.
– Біздің халқымыз “отбасы, ошақ қасы” деген қарапайым тіркестің төңірегіне өмірдің барлық қызығын, ана мен әкенің, ер мен әйелдің негізгі міндеттерін білдірген. Өкініштісі сол, отбасын өмірдегі барлық мақсат-мұраттардың ең соңғысы деп қарайтынымызда. Міне, осыдан барып, отбасы құндылығына, ұлттың болашағына бейқам қарайтын қыздар, “нағыз бақыт – байлықта” дейтін жас аналар көбейді Ал шын мәнінде отбасы ең бірінші орында болуы керек емес пе? Ұлттың ұлттық болмысынан ажырамай, сақталуы, мемлекеттің нығаюы осы мәселеге тіреледі ғой, – дейді ол.
Осы мәселені алға тартып, сауал жолдаған, тілдескен адамдардың бірі халқымыздың “қызға қырық үйден тыйым” дәстүрін мықтап қолға алу керек десе, енді бірі болашақ ана атанатын жас жеткіншектердің бойына елжандылық, отансүйгіштік сияқты асыл қасиеттерді сіңіре алмай жүргенімізді айтты. Ол үшін тәрбиенің талбесігі – балабақшалар мен мектептерде қыздар тәрбиесімен айналысатын бірлестіктер құрылса, олардың жұмыстары басшылық тарапынан жіті қадағаланса деген пікірлер де аз болмады. “Қазақ қыздарының әй-шайға қарамай, өзге ұлт өкілдерінің етегінен ұстап кете баратындарына тосқауыл қоятын бірден-бір нәрсе – қатал заң” дегендер де табылды.
Сөз соңында:
“Бастарында болғаннан соң
бостандық,
Қаншама қыз “өзге” жастық
жастанды.
Ел болмайтын “жиендерді”
көбейтіп,
Қазағыма жасамаймын
қастандық,
Өзге ұлт үшін күйгенде,
Белгілі ғой жұлдызымның
жанбасы.
Әйел – ердің қабырғасы
білгенге,
Бір қазағым “қабырғасыз” қалмасын, – деп жырлаған ақын Гүлсара Шалқардың арманы барлық қазақ қызының өмірлік мұраттарына айналса дейсің.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.