«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ БІРЛІГІ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

Барша әлемді алаңдатқан дағдарыс бізді де айналып өтпесі анық. Сондықтан кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Өзінің Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев алдағы жылдарда халқымызға сын болатындай қатерлерді жан-жақты сараптай отыра, болашақтағы негізгі бағыттарды айқын көрсетіп, жаңа экономикалық саясатты жариялады.

Басты құжатта барлық сала түгелдей қамтылған. Оның ішінде Елбасы ел бірлігі мәселесіне баса назар аударды. “Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін алаламай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – ел бірлігі болуы керек”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл сөздер әрбір қазақстандық азаматтың жүрегіне ой салары анық. Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдеріне артылар міндет ауқымды.

Ассамблея – ұлтаралық келісімді нығайтудың бірегей институты, оның теңдесі әлемде жоқ. Бұл ұйым елімізді мекендеген әрбір ұлттың өз тілінде сөйлеп, өз ойын білдіріп, тарихын білуге, салт-дәстүрін сақтауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Еуропа мен Азия өркениетінің түйіскен жерінде орналасқандықтан, өзіне әртүрлі мәдениетті қабылдап, шын мәнінде көпұлтты мемлекет атанды. Көптеген ұлт өкілдері қазақ жеріне мәңгілікке тамырын жайды. Бүгінде олар бір-бірлерімен етене араласып, бір атаның балаларындай бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешуде.

Бүгінгі күні Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының құрамында 23 этномәдени бірлестік пен аудандардағы Мәдениет үйлері мен мектептерде 105 этно-мәдени орталық жұмыс істейді. Олардың барлығы өңірімізде болып жатқан қоғамдық, әлеуметтік, мәдени өмірге белсене араласып, жұмыс атқаруда.

Десе де, Ассамблея Төрағасы, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлтаралық қарым-қатынастың аспектілерін терең қадағалауды талап етіп отыр. Осыған орай бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұзақмерзімді тұжырымдамасы бекітіліп, Достық үйлерінің толықтай жүйесі құрылуда. Жоғары оқу орындарында Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік кафедралары ашылды.

Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында берген тапсырмасына сәйкес бүгінде Достық үйлерінің даму тұжырымдамасын әзірлеп, олардың мәртебесін бейбітшілік және келісім орталықтары ретінде анықтау мақсатында өңір басшысы Ерік Сұлтановтың қолдауымен “Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппараты” мемлекеттік мекемесі жанындағы “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Оның міндеті Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының қызметін ұйымдастыру, қаржылық және материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құруға бағытталған.

Келер жыл еліміз үшін айшықты жыл болмақ. Бұл ретте Ассамблея Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер жаңа қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы басты назарда болуы керек”, – деді.

Бұл ретте қоғамдық институт өкілдері бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмыла еңбектенуге дайын. Себебі, Жолдау жүктеген міндеттердің барлығы – кемел болашақтың кепілі.

Дина ӘБІЛМӘЖІНОВА,

“Қоғамдық келісім” КММ басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp