Мен азды-көпті ғұмырымның жарты ғасырға жуығын ұстаздыққа арнасам, соның 18 жылында Тәуелсіз елімнің игілігі үшін тер төккен екенмін. Қазір өткен өміріме көз жүгіртсем, екі заманды да бастан өткеріппін.
Әкем Құрмаш Рамазанов Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылында ашылған мектептің алғашқы ұстазы болды. 30 жыл сол мектепте еңбек етті. Әкемнің ақылымен мен де ұстаздықты таңдадым. 1964 жылдан бастап Үлгі мектебінде мұғалім, одан директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, соңғы 24 жылда ұжымның басшысы болып қызмет атқардым.
Зайыбым екеуміз – төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсірдік. Мұғалімдер отбасынан шыққандықтан, балаларым да біздің жолымызды қуып, педагогтік мамандықты таңдады. Олардың барлығы да педагогикалық жоғары оқу орындарын бітіріп, бүгінде еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүр.
“Әр заманның үлгісі өзіне қымбат” дегендей, ол кездің де жақсысы мен жаманы болды. Мұғалім болып жұмыс істей бастағаннан-ақ коммунистік партия қатарына кіруге міндеттеді. Жұмысыма қосымша жүктеме есебінде насихатшы болдым. 1980 жылы Алматы қаласында өткен насихатшылардың республикалық слетіне қатысып, сол жолы “Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері”, 1992 жылы педагогикалық еңбегім үшін “Халық ағарту ісінің үздік қызметкері” төсбелгілерімен марапатталдым. Бертін Тәуелсіздіктің 10 жылдығы мерекелік медалін омырауыма тақтым.
Еліміз егемендігін алған алғашқы жылдардың түрлі қиыншылықтарын халықпен бірге көрдік. Олардың бәрі күні кешегідей көз алдымызда. Сол қиын кезеңді Елбасымыздың сындарлы саясаты мен көрегендігінің арқасында жеңіп шықтық. Президенттің басшылығымен халық тығырықтан жол тауып, еңсесін көтерді, есін жиды. Ендеше қазіргі дағдарысты да еңсеруге еліміздің әлеуеті жетеді. Өйткені, Қазақстан халқының мақсаты – айқын, болашақ бағыты – анық.
Биылғы жыл Қазақстан халқы үшін ерекше оқиғаларға толы болмақ. Біз сияқты жетпіске келіп, көпті көрген көнекөз қарттар үшін солардың ішіндегі ең айшықтысы – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап, қол жеткізе алмай кеткен еркіндігіне біз ие болып, тәуелсіз ел атанып отырғанымыз көзімізге қуаныш жасын иіреді. Бұл ретте:
“Жырыма құлағың сал,
азаматым,
Ұнаса менің айтқан насихатым.
Кеудеңде шыбын жаның
болса егер,
Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын!” – деген Қожаберген бабамыздың аманатын Елбасымен бірге орындап келеміз деген ойдамын.
Халқымызда: “Бірлік қайда болса – ерлік сонда, Еркіндік қайда болса – елдік сонда”, – деген қанатты сөз бар. Кеңес Одағы ыдырап, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көпэтносты қазақстандықтарды бірлік пен елдікке шақырып, барлығын – бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, халық игілігі үшін еңбек етуге жұмылдырып келеді.
Елбасының ендігі мақсаты – елімізді әлемдегі ең өркендеген 30 мемлекеттің қатарына қосу. Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты халыққа арнаған Жолдауында қазіргі әлемді жайлаған дағдарыс заманында елдігімізді сақтап, тұғырымыздың беріктігін одан әрі нығайту үшін не істеу керектігін, қандай міндеттерді жүзеге асыру қажеттігін айтып, одан шығудың жолдарын көрсетіп берді.
Мемлекет басшысының: “Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол” атты мақаласы – әлемдік экономикалық, саяси ахуалдың күрделі жағдайында “Мәңгілік Елдің” асқақ асыл арманы мен айқын мұратын шыңдай түсіп, дүниежүзілік қоғамдастықта еліміздің мерейін үстем ететін тұғырнама.
Елбасы “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғанын жария еткен мақаласында: “Мен қазақстандықтарды Ұлт жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға, олар ашатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын”, – деген болатын.
Өзім Ұлт жоспарын жүзеге асыруға еліміздің әр азаматы үлес қосуы керектігін балаларым мен немерелерімнің құлағына құйып отырамын. “Отаншылдық отбасынан басталады”, “Тәрбие басы – тал бесік” деген нақыл сөздер тегін айтылмаса керек. Тәуелсіз еліміздің ертеңгі тұтқасы болар немерелерімді елін, жерін құрметтеуге, Отанын сүйетін патриоттық рухта тәрбиелеп, үнемшілдікке баулып, білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға үйретемін. Өйткені, бала күнгі естіп-көргендері олардың жадында мәңгі сақталып, өмір бойғы ұстанар қағидасына айналатынына көзім жетті. Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік болуы үшін жас ұрпақтың болашағына мұқият болып, отбасының, қоғамның, мемлекетіміздің бір кірпіші болып қаланар лайықты азаматтарын тәрбиелеуге әрқайсымыз атсалысуға тиіспіз.
Бектұрған РАМАЗАНОВ,
ардагер ұстаз.