«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ БІРЛІГІ – ӨРКЕНДЕУ КЕПІЛІ

1 мамыр – қиындықтарды бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай еңсере отырып, өзара түсіністіктің арқасында бірегей жетістіктерге жетіп келе жатқан қазақстандықтар үшін жалпы мемлекеттік мереке. 1996 жылдан бері Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде кеңінен тойланып, ұлтаралық келісімнің салтанат құруы саясатымыздың басты қағидаты ретінде орнықты. Баянды тәуелсіздігіміз жаңа мазмұнмен толығып, ұлттық құндылықтар жаңғыртылып келеді. Үстіміздегі жыл мерейлі мейрамдардың әралуандылығымен сипатталса, солардың ішінде қоғамдағы бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің берік қазығы іспеттес бірегей құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойының орны ерекше.

Осы уақыт аралығында Ассамблея толеранттылық, құрмет, ізгі ниет, сыйластық принциптерін негізге ала отырып, әртүрлі этностар арасындағы берік байланыстың, қарым-қатынастың алтын көпірі, жарқын үлгісі болды. Көпұлтты республика халқының ауызбіршілігін сақтау, мемлекетіміздің тұтастығын қамтамасыз ету, Тәуелсіздігімізді нығайту басты бағдар болып қала береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІҮ сессиясында сөйлеген сөзінде биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институттың рөлін, оның тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқанын, 2007 жылы конституциялық мәртебе берілгелі жалпыұлттық бірліктің негізгі моделіне айналғанын жоғары бағалады. Жалпыұлттық бірлік пен татулықты нығайту жолында адал қызмет етіп жүрген Ассамблеяның белсенді мүшелеріне шынайы алғысын жеткізді. Олардың арасында жерлесіміз, Қазақстанның Еңбек Ері, тамаша ұйымдастырушы, білгір басшы Геннадий Зенченконың есімі аталуы – бәріміз үшін зор мәртебе, үлкен мақтаныш.

Мемлекет басшысы мерейтойлық жиында Ассамблеяның қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру мен ұлттық бірегейлікті бекіту ісінде баламасы жоқ платформа саналатынына, алдағы уақытта да солай болып қала беретініне тоқтала келіп, аймақтардағы жұмысты жандандыру, этномәдени салаға жан-жақты қолдау көрсету, Үкімет пен әкімдер Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдау, ақпараттық кеңістікте бірлік пен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу, «Бірлігіміз – әралуандылықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдалану, Ассамблея қызметінің мәні мен мазмұнын қайта қарап, мемлекеттің этносаралық саладағы барлық жұмысына бағыт беретін стратегиялық штаб ретінде қалыптастыру сияқты бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұрғанын, бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғырына жататынын атап көрсетті.

Былтырғы Ұлттық құрылтайда бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім мемлекетіміздің басты құндылықтары ретінде айқындалса, этносаралық қатынастар мен ұлттық бірліктің бүкіл құрылымы «Біз – әртүрліміз, бірақ теңбіз» деген мызғымас қағидаға негізделген Ассамблеяның 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында үйлесімді дамуға жол ашатын жаңа әдіс-тәсілдер нақты айқындалған. «Елдесу және татуласу» жобасының да ауқымы өте кең. Шынында да атқарылған ауқымды өзгерістерді Ассамблея қызметінен бөле-жара қарауға болмайды. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы да қоғамдық бірлестіктермен, этномәдени ұйымдармен, ардагерлер кеңесімен, жастармен тығыз байланыста жұмыс істеп, кешенді шараларды іске асыруға жүйелі түрде атсалысып келеді. Мәселен, ҚХА- ның 30 жылдығын мерекелеу 36 түрлі форматтағы 36 ірі іс- шараны топтастырды. Оны ұйымдастыруға барлық этномәдени бірлестіктер мен құрылымдық бөлімшелер тартылған. Оқу орындары мен кәсіпорындарда тақырыптық кездесулер өткізіліп, этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтаудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен маңызына баса назар аударылды. «Туған жерім – Қазақстан» форумы аясында жарқын бастамалар кеңінен үлгі етілді. «Бірлікке – 30 жыл», «Салт-дәстүр» этномарафондары, «Өнеріміз саған, Қазақстан!» фестивалі шеңберінде бірегей болмысымыз дәріптеледі. Еңбек күнін атап өтудің жаңа дәстүрі биыл да жалғасады. Атап айтқанда, Ақсақалдар кеңесі Қазақстандағы Жұмысшы мамандықтар жылына арналған «Мұра және болашақ: ұрпақтар диалогы» атты тарихи- мәдени бағдарламаны өрістетуге бастамашылық көрсетті. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы жастарға рухани- адамгершілік тәрбие беру, қазақстандық патриотизм мен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру тақырыбы бойынша мазмұнды кеш өткізді. Оған ассамблеяның өкілдері, университет оқытушылары, мектеп мұғалімдері, мемлекеттік ұйым қызметкерлері шақырылды. Аналар кеңесі ұйымдастырған «Анаға тағзым» кездесуі тағылымға толы болды. Онда сонымен қатар «Салауатты сана» және «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобаларын іске асырудың қорытындылары шығарылды. Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде «Бейбітшілік және келісім» орталығы «Бірлікке 30 жыл» этнофестивалі өтті. Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжі қабырғасында көшпелі дәріс, журналистер клубының мұрындық болуымен «Ассамблея шежірешілері» атты фотостенд ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, «Достық» интернет-подкасты іске қосылды. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі, этносаралық келісімді нығайту саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар баяндалады. «Жастар ассамблеясы» республикалық қоғамдық бірлестігіне қарасты «Қызылжар жастары» Work-shop интерактивті іс-шарасын өткізуді жоспарлап отыр, оған танымал спикерлер, тәжірибелі жаттықтырушылар келеді. «Жомарт жан» орталығының меценаттық және волонтерлік қозғалысты дамытудағы тәжірибесі талқыланып, өңіраралық кездесу ұйымдастырылады. Ғылыми-сараптамалық топ этносаралық саладағы ғылыми-зерттеу тәжірибесін жинақтап, «Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісімдегі рөлі: тәжірибе және перспективалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізеді.

Ассамблея сессиясында діліміз бен тұрмыс салтымыздан ажырағысыз нағыз халықтық мейрамдарға баса назар аударуға ерекше мән берілді. Өйткені осындай мерекелер мен жиындарда ұлттың рухы мен тарихы, этностың дәстүрі, тілі, әдет- ғұрпы тоғысары анық. Жергілікті этномәдени бірлестіктердің дәстүрлі «Сабантой», «Покровский перезвон», «Кучук Байрами», «Вардавар» мерекелері қоғамымызды біртұтас тарихи- мәдени және саяси қауым ретінде біріктіріп, тұтастығын бекемдей түседі. Алда «Ұлы Жеңіс: мұра және мұрагерлер» фестивалі, тыл ардагерлері мен еңбеккерлері тұратын аулаларда концерттік бағдарламалар өтеді. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай іс-шараларды өлең оқу, флешмоб, интерактивті викторина түрінде өткізу жоспарланған. «Достық керуені» жобасы шеңберінде шалғайдағы ауылдарда көшпелі іс- шаралар ұйымдастырылады.

Мемлекет басшысы алқалы басқосуда атап көрсеткендей, жұртымыз үшін ең үлкен марапат – елдің тыныштығы. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні де бейбітшілік пен келісім, ынтымақтастық пен төзімділік сықылды ұлы мұраттарға жетелейді.

Асқар ХАБИБУЛИН,

облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp