
Кеше өңір басшысымен болған кездесуде Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің биылғы тоғыз айда атқарған жұмыс қорытындысы қаралды. Кездесуді ашқан Ерік Сұлтанов бүгіндері өңір аумағында 13 аудандық, бір қалалық және бір облыстық, барлығы 15 қоғамдық кеңес жұмыс істейтінін атап көрсетті.
– Қоғамдық кеңес ұсыныстар сипатындағы шешімдер қабылдайды, оларды мемлекеттік органдар қарауы тиіс. Бұл кеңестер билік пен азаматтық қоғам арасында тұрақты және сындарлы пікір алмасу үшін қажет, – деді Ерік Хамзаұлы.
Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің жұмысы туралы жиналғандарды осы ұйымның төрағасы Қайырлы Едіресов хабардар етті.
– Бүгіндері қоғамдық кеңестің жұмысына қоғамдық негізде 22 адам қатысуда. Кеңес өз қызметінің басты бағыттарын анықтаған және оларды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Жұмыс істеген кезінде қоғамдық кеңестің 10 отырысы өткізілді, оларда азаматтардың құқықтарына, бостандықтарына қатысты және сөзсіз қоғамдық мүдделерді қозғайтын мәселелердің кең кешені қаралды, – деді Қайырлы Едіресов.
Облыстық қоғамдық кеңес өткен кезеңде 109 мәселені талқылаған. Кездесу барысында облыстық кеңестің хатшысы Елена Коноплева, төралқа мүшелері Ескендір Елеусізов пен Сергей Калинин сөз сөйледі.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған еліміздегі қоғамдық кеңестер аз уақыт ішінде өзінің тиімділігін көрсетті. Қоғам мен мемлекет арасындағы мұндай пікір алмасу алаңы Қазақстанның дамуына оң ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыс өзінің жалғасын табатынына сенімдімін, – деді кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.