Облыстық әкімдікте еркін күрестен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Нұрқожа Қайпановты марапаттау рәсімі өтті. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов бәсі биік сайыста ел намысын абыроймен қорғаған жас балуанға Алғыс хат пен пәтер кілтін табыс етті.
Нұр-Сұлтан қаласында олимпиадалық күрес түрлерінен өткен дүбірлі додада бір мыңнан астам спортшы сынға түскен болатын. Сайыс қорытындысында еркін күрес балуандары үш медальды жеңіп алса, соның біреуі жерлесіміздің еншісінде. Ол боз кілемде Австралия, Ұлыбритания, Иран елдерінің үздіктерімен бәсекеге түсіп, жауырындарын жер иіскетті.
– Әлем біріншілігінде екінші орын алу – үлкен жетістік. Әрине, бұл – ерен еңбектің арқасында келген нәтиже. Жеңіске жетуге деген талабың күрескен кезде айқын көрініп тұрды. Ежелгі Грекияда пайда болған күрес – бәсекелі спорт. Сондықтан боз кілемге шыққаныңда, тақымымызды қысып отырдық. Нәтижесінде барша елді қуанттың, – деді балуанды құттықтаған Құмар Іргебайұлы.
Шара барысында грек-рим күресінен КСРО-ның Құрметті спорт шебері, облыстың құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов Нұрқожа Қайпановқа Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың жолын басуға тілектестігін білдірді. Өз кезегінде жерлес балуан спортты қадірлеп, қолдау көрсеткені үшiн облыс басшылығына алғысын білдірді.
– Бұл жеңісімді еліме арнаймын. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін залда 10 жыл бойы тер төктім. Алдағы уақытта Қытайда өтетін әскерилер арасындағы әлем біріншілігінде, 2020 жылы Токиода жалауы желбірейтін жазғы Олимпиада ойындарында алтыннан алқа тағынамын деген үміттемін. Мақсатым – үш дүркін Олимпиада чемпионы болу. Еліміздің көк байрағын әуелетіп, Әнұранын асқақтатуға бар күш-жігерімді саламын, – деді қуанышымен бөліскен Нұрқожа Қайпанов.
Шара барысында спортшының бапкерi де ұмыт қалмады. Еркін күрестен аға жаттықтырушы Сағындық Бейсенбаев облыс әкiмiнiң Алғыс хатымен марапатталып, оған 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.