Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында 2018 жылдың қорытындысы бойынша үздік спортшылар мен сала мамандары марапатталды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысушыларға өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізді.
– Бүгінгі таңда елімізде бұқаралық спортты дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Себебі, спорт – елдің мерейін асырып, абыройын асқақтататын сала. Облысымызда 2800-ден астам спорт нысаны болса, оның 40-қа жуығы өткен жылы пайдалануға берілді. Петропавлда ашылған әмбебап теннис орталығы мен Мағжан Жұмабаев ауданындағы Батыр Баян атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ерекше атап айтуға болады, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.
Одан кейін сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин жерлестеріміздің жетістіктерін тілге тиек етті. Бүгінде облысымызда 173 мыңнан астам адам спорттың 82 түрімен шұғылданады. Жалпы биыл өңірде 1400-ден астам түрлі деңгейдегі спорттық шара ұйымдастырылып, оған 305 мың адам қатысқан.
Бұл күні бір топ спортшы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, басқарманың арнайы сыйлығымен марапатталды.
Жалпы биыл жергілікті жаттықтырушылар 12 халықаралық, 56 республикалық дәрежедегі спорт шеберін, 500 спорт шеберіне үміткерді дайындап шығарды. Осыған орай, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин мен Шал ақын ауданындағы Жаңажол орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Болат Нұртазин Мәдениет және спорт министрлігінің “Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен марапатталды. Бокстан облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, “WBA “SUPER”, “IBO”, “ЕВU” тұжырымдары бойынша әлемнің экс-чемпионы Жанат Жақиянов “Ерен еңбегі үшін” медалін кеудесіне тақты. Ал грек-рим күресінен әлем біріншілігінің қола жүлдегері Айдос Сұлтанғалидың бапкері Сералы Құсайыновқа “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы” атағы берілді.
Салтанатты шара барысында жыл үздіктері де анықталды. Атап айтқанда, грек-рим күресінен әлем біріншілігінің үш мәрте жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аманғали Бекболатов “Жыл жаңалығы” аталымын иеленді. Ал “Жыл спортшысы” аталымында үш дүркін Азия ойындарының чемпионы, елімізге танымал велоспортшы Алексей Луценкоға тең келер спортшы табылмады. Ол “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталса, оның жеке бапкері Виктор Потапов “Жыл бапкері” аталымында жеңіске жетті. “Қуаныш” әйелдер волейбол клубының директоры, кәсіпкер Қайырбек Хамзин спорт саласы бойынша “Жыл меценаты” атанды.
Сонымен қатар акробатика бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі “Үздік балалар мен жасөспірімдер мектебі” аталымында топ жарып, 5 млн. теңгенің сертификатына қол жеткізді. Спорт мектебінің тәрбиеленушілері 2018 жылы ел біріншілігінде 16 рет топ жарған.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.