Өткен жыл спорт саласындағы жағымды жаңалықтарымен есте қалды. Халықаралық деңгейдегі түрлі додаларда бақ сынап, бабы келіскен жерлестеріміз көп. Соңғы жарты жыл ішінде екі бірдей әлем дік додада топ жарған солтүстікқазақстандық балуан Мейіржан Берекетовтің есімі ел тарихында қалары анық.
Қазақ күресінен әлем чемпионы Мейіржан Берекетовті білмейтін спорт жанкүйері аз. Бозкілем шебері екі әлемдік додада жеңімпаз атанды. Жауырыны жер иіскемеген балуанға жуырда облыс әкімі екі бөлмелі пәтер сыйлап, ел мерейін асырған Мейіржанға құрмет көрсетті.
– Облыстық әкімдік пен спорт басқармасына қолдаулары үшін алғысым шексіз. 2024 жылы күзде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атандым. Биыл Үндістанның астанасы Нью-Дели қаласында өткен әлем чемпионатында чемпионболып, әнұранымызды шырқаттым. Әлем чемпионы атану үшін ересектер арасында 10 жыл күрестім. Жеңіске жету оңай болған жоқ. Үлкен аренада ұлттық спортымызды әлемге танытқаныма қуаныштымын, – дейді чемпион.
Мейіржан Берекетов – Абай облысы, Ақсуат ауданы, Екпін ауылының тумасы. Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетте білім алған. Өзінің айтуынша, күреске деген қызығушылығы бала күнінен байқалған.
– Қазақ күресін бүгінде әлем танып білді. Азия және әлем біріншіліктері өткізіліп жүр. Күрес – ұлттық мәдениетіміздің маңызды бір саласы. Бұл спорт түрін таңдағаныма еш өкінген емеспін. Керісінше, оны барынша насихаттап, өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді. Болашақта балаларымды да спортқа баулимын деп сенімді түрде айта аламын, – дейді спортшы.
Мейіржан Берекетов 2018 жылдан бастап жарыстарға Солтүстік Қазақстан облысының атынан қатысып жүр. «Қызылжар арландары» спорт клубында жаттығады. Жеке жаттықтырушысы – Мират Майыров.
– Күніне екі уақыт жаттығамын. Сонымен қатар басқа қалаларда ұйымдастырылатын барлық оқу-жаттығу жиындарынан қалмауға тырысамын. Алға қойған мақсатым – ұлттық спортымызды насихаттап, болашақта шәкірт тәрбиелеу, бапкер атану, – дейді балуан.
Қазақ күресінің ауқымы, көкжиегі өте кең. Балуанның айтуынша, оны жетік меңгерген адам өзге халықтардың күресін де игеріп кетеді. Кейбір әдістер күрестің классикалық түрлеріне сай келетінін айта кеткен жөн. Қазақ күресінің басты ерекшелігі – мұнда төрттағандату (партер) жоқ. Балуандардың жауырыны толық жерге тисе ғана таза жеңіс болып есептелінеді. Ол – нағыз білек күші бұлқынған, қарсыласының жігерін құм қылған апайтөс алыптардың күресі. Сондықтан қазақ күресінің келешегі кемел, болашағы жарқын.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».