«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ МҮДДЕСІ БӘРІНЕН БИІК

Елбасының Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі “100 нақты қадам” Ұлт жоспары Қазақстанды жаңа тарихи жағдайларда бәсекеге қабілетті дамыған отыз елдің қатарына қосылуға және еліміздің әл-ауқатын нығайтуға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызады. Осындай сын кезең мемлекетке де, тіпті, әрбір азаматқа да ерекше жауапкершілік жүктейді. Біз ілгері дамыған мемлекеттердің көрсеткіштері мен өмір сапасына қарап бой түзеуіміз қажет.

Елбасының бес реформасының алғашқысы және маңыздысы экономикалық бағдарламалардың тиімді жүзеге асуын және мемлекеттік қызметтерді сапалы ұсынуды қамтамасыз ететін он бес нақты қадамнан тұратын заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппаратты қалыптастыру болып табылады. Мемлекетте осы жылдары жаңа заманға лайық, нарықтық экономиканы басқара білетін көптеген кәсіби мемлекеттік қызметшілер тәрбиеленді.

Мемлекеттік қызметті дамытудың кадр құрамын сапа жағынан жақсарту, іріктеу мен кәсіби дайындық әдістемелерін жетілдіру, “А” корпусының білікті басқарушыларының қағидатты жаңа буынын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту сияқты басымдықтары айқындалған. Сонымен қатар, әдеп мәселелері жөніндегі уәкілетті өкіл лауазымы енгізілді, жегі құртқа айналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту үшін жаңа заңнамалар әзірленіп, Мемлекеттік қызмет жөніндегі министрлік құрамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар мекемесі құрылды.

Келесі реформа – заңның үстемдігін қамтамасыз етуді мақсат тұтады. Аталған реформа аясында Қазақстанда бұрынғы Кеңес одағы аумағында жасалмаған ең ілгері сот жүйесі құрылды. 2016 жылдан бастап бірінші саты – аудандық, қалалық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар, кассациялық саты – Жоғарғы сот деп бекітілді. Бұл енгізіліп отырған жаңалық азаматтардың мүдделерін қорғауда сөзбұйдалыққа салынбай, істерді тез әрі сапалы қарауға бағытталған. Судьялық лауазымына үміткерлерді іріктеуде де талап күшейеді.

26-шы қадам ретінде сот рәсімдерін оңтайландыру және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-кұқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту мақсатында 2016 жылдың басынан қолданысқа енген Азаматтық процессуалдық кодекске тиісті өзгертулер енгізілген.

“100 нақты қадамда” заң үстемдігін қамтамасыз ету, сот жүйесін жетілдіру, оған азаматтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында осындай жақсы бастамалар іске асырылуда.

Келесі бір мәселе – серпінді индустрияландыру мен экономикалық өсім. Бұл бағыт назардан ешқашан түспеген, құралдары мен тетіктері белгілі, аса тиімді жұмысты талап ететін, мемлекеттік құрылыстың бұғанасы деуге болады. Осы бағытпен сабақтас келесі міндет – инфрақұрылымдық жұмыстар. Бұл ретте ұсынылып отырған шаралар ішкі нарықты дамытуға, елдің аумақтық тұтастығын нығайтуға, Қазақстанның геоэкономикалық кеңістіктегі орнын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Алдағы 10-15 жылға есептелген инфрақұрылымдық бастамалар Қазақстанды қалыптасып келе жатқан жаңа Еуразияның логистикалық орталығына айналдырады.

Ұлт жоспарынан мемлекетіміздің болашағы – жастардың білім алу мәселесі де тыс қалмаған. Он екі жылдық білім беру, мектептегі оқу стандарттарын жаңарту, жас кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру мәселелері өз шешімін табатын болады.

Мемлекетімізді индустрияландыруда техникалық мамандықтардың маңыздылығын ескеріп, Елбасымыз алдағы уақытта өндіріс саласындағы қарапайым жұмысшыдан бастап жоғары білімді инженерлерді мемлекет есебінен оқытуға тапсырма берді.

Ұлт жоспарына зерделей қарасақ, өзіндік ерекшелігі мол, әбден екшеліп қабылданған, кесімді шешімнен туған бағыт-бағдар бар екендігіне көз жеткіземіз. Оның басты ерекшелігі – нақтылығында. Екінші бір маңызды айырмашылығы – ауқымдылығында. Көптеген өзекті мәселелер қамтылған. Өміріміздің әр саласында атқарылуы тиіс міндеттер санамаланып айтылған.

Биыл еліміз тәуелсіздігін алғанына 25 жыл толғалы отыр. Азаттығымызды баянды ету оған қол жеткізуден де қиын екеніне осы жылдар ішінде көзіміз жетті. Мемлекетіміздің тұғырын мығым ету үшін бізге әлі талай өткелдер мен бұралаңы көп жолдардан өтуге тура келеді.

Амандық АХМЕТ,

Петропавл қалалық

№2 сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp