Еліміздің ұлттық құрама командаларының сапында өнер көрсетіп жүрген 353 солтүстікқазақстандық өткен жылы республикалық және халықаралық жарыстарда 593 медаль жеңіп алған болатын. Бұл спортшылардың арасында ерекше ілтипатқа ие бір жан бар. Ол – мүмкіндігі шектеулі бола тұра халықаралық додаларда алтыннан алқа тағынып жүрген Владимир Эрман.
Тірек-қимыл жүйесі зақымданып, аяғын өздігінен басу қабілетінен айрылған Владимир – бар өмірін суда жүзу спортымен байланыстырған, жігер-қайратымен өзгелерге үлгі болып жүрген азамат. Бастапқыда 50-100 метр қашықтыққа дейін, ал кейін 200-400 метрге дейін жүзуге дағдыланған ол небәрі екі жылдың ішінде ел жеңімпазы атанды, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды.
Жерлесіміздің спорттық мансабындағы ең тұңғыш ірі жеңістерінің бірі – 2011 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында мүгедектер арасында өткен Бүкіләлемдік ойындардағы жеңісі. Ол 100 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзуде – алтын, ал 50 метрге шалқалап жүзуде және дәл осы қашықтықта еркін стиль бойынша күміс медальды олжалады.
Владимир Эрман 2013 жылы Голландияның Стадсканал қаласында мүмкіндіктері шектеулі спортшылар арасында өткен дүниежүзілік ойындарға қатысып, онда да жеңімпаз атанған. Қазіргі таңда паралимпиадалық ойындарда жүзуден өңір намысын қорғайтын бірден-бір спортшының жеткен жеңістерін қалай мақтасақ та болады.
Өзінің маңдай терін төге жүріп, өңіріміз бен еліміздің намысын қорғаған үздігіміздің спорттағы жетістіктері лайықты бағаланып, осыдан екі жыл бұрын Тәуелсіздік күні қарсаңында “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталса, өткен жылы Спорт күніне арналған салтанатты жиында өңір басшысы Ерік Сұлтанов жоғары спорттық көрсеткіштері үшін паралимпиадалық ойындардың екі дүркін чемпионы, суда жүзуші Владимирге пәтер кілтін табыс етті.
Тағы бір атап өтерлігі, бүгінгі таңда спортпен қатар қоғамдық шаралардан да бір қалып көрмеген Владимир Эрман 2014 жылдан бері қалалық мәслихат депутаттарының қатарын толықтырып, жеке қабылдауына келген қызылжарлықтардың өтініштері мен мәселелерін шешуге күш салуда.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.