Солтүстік Қазақстан облысында Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты шаралар өткізіліп, өңір басшысы Ерік Сұлтанов әріптестерін мерекемен құттықтады.
Өңір басшысы Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде азаматтар осынау қызмет адамдарының тұлғасын танып, жұмысына баға берген мемлекеттік қызметтің тиімді үлгісі қалыптасқанын атап айтты.
«Жоғары кәсіби біліктілік, құқық, экономика, әлеуметтану салаларындағы терең білім, таңдаған ісіне адалдық, міне, мемлекеттік қызметшілердің осындай қасиеттері ғана жүктелген міндеттерді нәтижелі де тиімді орындауға мүмкіндік береді»,-деді Ерік Хамзаұлы.
Ол, сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудың аясында жасалып отырған мемлекеттік аппараттың ауқымды реформаларын еске салды.
Өңір басшысы: «Олар, анығында да, мемлекеттік қызметшілерге жоғары талаптар жүктейді. Бірақ, сонымен бірге, кәсіптің абырой-беделінің артуына, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдауды күшейтуге жағдай жасайды. Мен біз алдағы уақытта да бірлескен күш-жігерімізді азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін сақтап, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жұмсайтынымызға сенімдімін,-деп түйіндеді.
13 адам адал еңбегі, мемлекеттік қызмет жұмысының тиімділігін арттыруға қосқан үлесі үшін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды, сондай-ақ 11 адам Алғыс хат алды.
Өңір басшысының қолы қойылған енді бір Алғыс хатты облыстық «Мен – Тәуелсіздік құрдасымын» конкурсының жеңімпазы, облыс әкімі аппаратының жалпы бөлімі бақылау және ақпарат секторының жетекші маманы Азат Мұхамедияров иеленді.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің облыстық спартакиадасының жеңімпаз командалары да марапатталды. Жалпыкомандалық есепте Шал ақын ауданының командасы – 3-ші, Ғ. Мүсірепов ауданы – 2-ші орын алды. Ал, 1-ші орын Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметшілеріне бұйырды.
Содан кейін жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде Ант берді. Оларға Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев қызмет куәліктерін табыс етті.
Саланатты шара мерекелік концертпен тамамдалды.