«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ТАРИХЫНДА ОРНЫ БАР

Қазақтың ұлттық баспасөзінің тарихында елеулі орны бар, республиканың байырғы басылымдарының бірі – облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің алғашқы саны жарық көргеніне 95 жыл толып отыр. Басылымның тарихи қалыптасуына келсек, бұдан бұрын «Кедей сөзі» (1920), «Бостандық туы» (1921-1928), «Кеңес ауылы» (1928-1932), «Ленин туы» (1932-1993) аталып, соңғы жиырма екі жылдан бері “Солтүстік Қазақстан” болып шығып келеді.

Мәдениеттің аса маңызды саласы болып табылатын баспасөз халықтың өткенінен, бүгінгісінен хабар береді. Қызылжар өңірінде Қазан төңкерісінен кейін жарық көрген газеттердің қатарында қазақ оқырманына жол салған «Кедей сөзі» газетін айтуға болады. Газет 1920 жылдың ақпан айынан бастап Омбыда, Сібір төңкеріс комитетінің жанындағы Қазақ өкілдігі атынан шықты. Оған Бородихин редакторлық етті, алқа мүшелері қатарында қазақтың біртуар ұлы Мағжан Жұмабаев қызмет атқарды.

Осы газеттегі 1920 жылғы 26 тамыздағы «Автономия кімдікі?» – мақаласында Мағжан Жұмабаев: «Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған, Ер қазақтың автономиясы бұл!» – деп, халыққа сөз тастап, қазақтың осы мемлекеттік құрылымын нығайтуға шақырады. Мағжан қоғамдық дамуды таптық жолмен қарауға қарсы шықты. Сондықтан да басылым атауының «Кедей сөзінен» «Бостандық туына» алмастырылғаны Мағжанның тікелей қатысуымен жүргізілгені туралы пікірге қосыламыз.

«Бостандық туы» газетінің тұңғыш саны 1921 жылғы 7 наурыз күні жарыққа шықты. Газеттің ай сайынғы, тіпті, әр санының таралымы әртүрлі болғаны байқалады. Мысалы, қарашаның 20 күнгі саны – 2115 дана. Бұл деректер газеттердің нақты оқушылар санын немесе жаздырып алушылар санын көрсетпейді, тегі баспахананың мүмкіндігі мен қағаз қорына байланысты болса керек.

Мұрағат құжаттары губревком төрағасы Әбдірахман Әйтиевтің Қазақстанның солтүстік аймағын түгел қамтыған Ақмола губерниясында, оның орталығы Петропавл қаласында қазақ тілінде газет шығару ісіне көп еңбек сіңіргенін байқатады. Ол ана тіліндегі мерзімді баспасөздің мемлекет іргесін нығайтуға, халықтың дербес билікті өз қолына алуына деген сенімін орнықтыруға үлкен көмегі барын жақсы түсінген. Сондай-ақ, ана тіліндегі газеттер мен журналдар ұлттық сананы оятып, халықты ғылым-білімге жетелейтінін, Ресейде болып жатқан түбірлі өзгерістерді қиырдағы қазақтарға түсіндіруге қажеттігін ұққан. Мемлекеттік саясатты жүргізудің бірден-бір пәрменді құралы баспасөз екендігі сол кездің өзінде-ақ өз бағасын алғанын осыдан аңғарамыз.

1922 жылғы 27 сәуірде губерниялық партия комитеті президиумының қаулысы бойынша «Бостандық туы» газетінің бас редакторлығына Жанұзақ Жәнібеков тағайындалды.

Алайда, бір айдан соң партия комитеті газет редакциясы алқасының құрамын қайта қарап, жауапты редакторлыққа Сабыр Айтқожинді, алқа мүшелігіне Баржақсин мен Жәнібековті сайлайды. Басылымның материалдық базасы нашар екенін, қазақ қаріптері жетіспейтіні жөнінде газет басшысы партия-кеңес органдарына бірнеше рет мәлімдеген. Ақыры тиісті шешім қабылданып, газет редакциясының жауапты хатшысы Әбдірахман Бегішев Орынбор қаласына баспахана жабдықтарын алуға жіберіледі.

Сөйтіп, осы 20-жылдардың алғашқы жартысында қазақ баспасөзінің қалыптасу кезеңінде полиграфия базасының нашарлығы мен маман қызметкерлердің жетіспеуі сияқты қиындықтар көрді.

Республикамызда бұрынғы губерния, уездер мен болыстар таратылып, бұлардың орнына округтер мен аудандар құрылуына байланысты «Бостандық туы» 1928 жылдың күзінен 1932 жылдың көктеміне дейін «Кеңес ауылы» деген атпен Петропавл округтік партия комитеті мен атқару комитетінің органына айналды. Бұл кезде газет редакциясын Асқар Тоқмағамбетов басқарды.

Жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебінде» 1929 жылы Ленинградта оқып жүрген оқуын үзіп, Қызылжарға келіп, округтік партия комитетінің бюросында округтік «Кеңес ауылы» газетіне редактор болғанын жазады.

«Кеңес ауылы» деген атпен шығып тұруға тиісті облыстық қазақ газетінің редакторы қызметіне Сәбит Мұқановтан кейін республикалық басылымдарда қызмет істеп оралған Әбдірахман Айсарин бекітілген. Сегіз күннен кейін, яғни 19 сәуір күні облыстық партия комитеті дәл осы мәселеге қайта оралып: «Бейнетқор аудандық газетінің редакция аппараты мен баспаханасын облыстық қазақ газетін құру үшін Петропавл қаласына көшіру туралы» тағы бір қаулы қабылдады. Онда газет шығару ісін өте шұғыл ұйымдастыру керектігі көрсетілген еді. Қазіргі редакция ұжымының құрылуы содан бастау алады.

1932 жылы Ақмола губерниясының бірсыпыра аумағы Қарағанды облысы деп аталып, Петропавл қаласы оның орталығына айналғанда газеттің аты тағы өзгеріп, «Ленин туы» атауын алды. Тұп-тура Пайғамбардың жасына тең ғұмыр кешкен оның алпыс бір жылдағы түгендеп жинақталған тігінділерінің барлығы біздің мұрағаттан табылады. Газеттің өңіріміздің тарихындағы рөлінің зор болғанына сол тігінділерді ақтарып отырып көзіміз жетеді. Онда облыстың өсу, өркендеу жолдарының бәрі жазылған, таусылмас тарих кенінің көзі деуге болады. Оның бес мүшелге тең ұзақ ғұмырының ішінде қалам ұстаған қаламгерлерінің қатары көп. Солардың ішінде қазақтың көрнекті жазушылары Әлжаппар Әбішевтің, Әбділда Тәжібаевтың, Диқан Әбіловтің, Сейітжан Омаровтың, Сафуан Шаймерденовтың әр кезеңде «Ленин туы» газетінде қызмет етіп, қаламдарын ұштағанын мақтан етпеу мүмкін емес.

1993 жылы газеттің аты бесінші рет өзгертілді. «Ленин туының» мұрагері «Солтүстік Қазақстан» ұлттық сана-сезімді оятудан бастап, күн сайын тәуелсіздікті нығайтуға үлес қосып отырған кең үнді ақпарат құралына айналды. Тәуелсіз елімізде жариялылықтың қанат жоюына байланысты демократиялық қоғамның төл перзенті болып табылатын газетке даңғыл жол ашылып, зор мүмкіндік беріліп отыр.

Сәуле МӘЛІКОВА,

облыстық мұрағаттың директоры,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp