«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ТОЙЫНА ТАРТУ

Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының сахнагерлері де Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына тарту жасауды ұйғарды. Театрдың басшылығы мен көркемдік жетекшісі осы мерейлі оқиғаға орай дарынды жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың “Сұлтан Бейбарыс” атты тарихи драмасына негізделген қойылымды таңдады. Спектакльді сахнаға шығару үшін театрдың көркемдік жетекшісі Тимур Кәрібжанов елімізге белгілі режиссер Дина Жұмабаеваға ұсыныс жасады.

Осы орайда мен бұл таңдауының сырын ұғу үшін Т. Кәрібжановқа сауал қойғанымда көркемдік жетекші Д. Жұмабаеваның, жас болса да, еліміздегі ең талантты қоюшы-режиссердің бірі екенін, бірнеше классикалық туындыларды сахналағанын айтты. Оның үстіне, Д. Жұмабаева Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы, әйгілі театр режиссері Юрий Иванович Ханинга-Бекназаровтың шәкірті болғанын тілге тиек етті.

Театрдың сахналық ұжымы біраздан бері осы спектакль бойынша сахналық даярлығын ұштап, қойылымды көрермендерге ұсынуды келесі айдың 24-і күніне жоспарлап отырғанын оның директоры Спартак Рамазанов айтып берді.

“Сұлтан Бейбарыс” спектаклінің алғашқы қойылымын мен Петропавлда өткен республикалық театрлар фестивалінде тамашалап едім. Сонда бұл қойылым өзінің мазмұндылығымен, оны сахнаға шығарған орындаушылардың шеберлігімен және кең ауқымымен есімде қалған еді.

Рақымжан Отарбаевтың бұл драмасы орыс тілінде сахналанбақ. Осы орайда оны бұл тілге атыраулық аудармашы, ақын Бекет Қарашиннің аударғаны және спектакль бірнеше орыс театрларында қойылғаны анық. Атап айтқанда, “Сұлтан Бейбарыс” Астана қаласындағы М. Горький атындағы Мемлекеттік орыс драма театрының сахнасында шығарылған еді. Аудармашы мен Р.Отарбаевтың шығармашылық ынтымақтастығының арқасында осындай туынды орыс көрермендеріне ұсынылып, жақсы бағаланғаны да белгілі.

Драматургтың шығармасында осыдан сегіз ғасыр бұрынғы оқиғалар баяндалады. Он жасар бала Бейбарыс 1235 жылы қазақ даласының батысына, дәлірек айтқанда, қыпшақтар қоныстанған Маңғыстау өңіріне шабуыл жасаған басқыншылардың қолына тұтқынға түсіп, сол кездегі Византия империясының астанасы Константинополь – бүгінгі Түркияның Стамбул қаласындағы құл базарында басы саудаланып, Мысырдың бір байбатшасына сатылады.

Оны сатып алған Мысыр сұлтаны Бундукари Бейбарысты Каирдың жанындағы әскери мектепке беріп, соғыс өнеріне машықтандырады. Осында сегіз жыл соғыс амал-айласына қаныққан Бейбарыс көп ұзамай мамлюктердің қолбасшысы болып, 1250 жылы Мысырға шабуыл жасаған француз королі тоғызыншы Людовиктің крестшілерін тас-талқан етеді.

Ал 1260 жылы Бейбарыстың әскері Мысырды басып алуға ниеттенген моңғол ханы Хулагудың әскерлеріне жойқын соққы беріп, Ислам әлемін құлдықтан құтқарып қалады. Бұған дейін ешқашанда жеңіліп көрмеген моңғолдар айбынды Бейбарыстан осындай соққы алады.

Осындай ерлігімен айбыны асқан Бейбарыс “Сұлтан” атанып, Мысырды 17 жыл бойы басқарып келгені де тарихтан аян.

Бала кезінде Қазақ даласынан кездейсоқ ала кеткен бір түп жусанды Бейбарыс Мысырды басқарып, Айы оңынан, Күні солынан туып тұрғанда да сақтап келген.

Міне, драманың да, спектакльдің де лейтмотиві, түп-қазығы – туған жерге, өз еліне деген сағыныш.

Н. Погодин театрының қойылымында Дина Жұмабаева пьесаның басқа театрлардағы арқауын өзінше бейнелегенін айтты.

– Мен, – деді қоюшы-режиссер, – спектакльді сұлтан Бейбарыстың он жасар бала кезінен тұтқынға түсіп, құлдыққа сатылған шағынан Мысыр елінің патшасы болып, есейген кезіне дейінгі басынан кешірген оқиғаларын толық баяндамай, оның естелігіне негіздедім.

Осы естелік арқылы туған Қазақ даласына деген өмірлік сағынышы баяндалып отырады. Оның ішкі жан дүниесіндегі толғаныс, жат жердегі таныс-бейтаныс адамдар арасындағы қарым-қатынастар, аярлық пен адалдық, сенім мен зұлымдық, тақ таласы, бақталастардың зымияндығы спектакльдің арқауы етіліп алынғанын айтқан Д. Жұмабаева Бейбарыстың өзі де осындай зұлымдықтың құрбаны болғанын баяндағысы келгенін ұқтырды.

Осы жерде Д. Жұмабаеваның Көкшетау қаласында туғанын, өнер университетіне 2005 жылы түсіп, 2011 жылы оны тамамдап шыққанынан хабардар болғанымды айта кету орынды. Қазір ол Ақтау қаласындағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы театрда қоюшы-режиссер болып еңбек етеді.

– Сіз небәрі отыздың ар жақбер жағында болсаңыз да, ұлттық театрдың саңлағы дерлік биікке көтеріліп үлгеріпсіз. Мұның сыры неде? – деген сауалыма ол күле жауап берді.

– Мен жасымда мүлде басқа, театрмен, сахна өнерімен үйлеспейтін мамандықты таңдағым келді. Сөйтіп, заңгер болуды армандадым. Бірақ өмір өзінің өзгерісін алдыма тартты. Театрға барып, қойылымдарды тамашалаған алғашқы сәттен бастап-ақ арманым өзгеріп шыға келді.

Ол осы айтқанындай, сахна өнеріне ынта қойып, ұлттық өнер университетінің режиссерлік бөліміне оқуға түскен екен. Мұндай мамандықты қалағандар оқуды тамамдарда міндетті түрде бір қойылымды сахналайтыны белгілі. Демек, бұл спектакль жас сахна қарлығашының дипломдық жұмысы саналады.

Осы орайда Д. Жұмабаева қазақтың тамаша лиро-эпостық туындысы “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының желісімен осы аттас спектакльді сахналап, аузы дуалы театр мамандарынан өте жақсы баға алады.

– Көп ұзамай классикалық туындыларға ықылас аудардым, – деді режиссер.

Өзі айтқандай, ол Уильям Шекспирдің “Лир король”, “Ромео мен Джульетта” трагедиялары бойынша еліміздің бірнеше театрларында спектакльдерді сахналаған.

Осыларға қоса, Николай Гогольдің “Өлі жандар”, “Ревизор” сияқты туындыларының желісімен қойылымдарды көрермендерге ұсынған. Оның қолтаңбасымен өзге де драмалық шығармалар сахнаға жол тартқан.

– Петропавлдың көрермендеріне ұсынылатын “Сұлтан Бейбарыс” спектаклінде басты бейнелерді кімдер мүсіндейді?

– Труппамен таныстым. Сырттай да білетіндеріме сүйеніп, әркімнің шығармашылық қабілетіне қанығып, олармен жеке сұхбат, сырласу кезінде де толғанысқа беріле келгенде, басты рөл Бейбарыс бейнесін сомдауды Евгений Патешкинге жүктедім.

Алаяқ Құтыз сұлтан бейнесін Ренат Ходжаев кескіндесе, Бейбарысқа қапыда у беріп өлтіретін уәзірі Хуан жауыздың тұлғасын Виталий Альфимов танытады, – деді режиссер.

Спектакльде барлығы 14 кейіпкер бар.

Есімі елімізге танымал дарынды театр режиссері Д. Жұмабаеваның осы қойылымы да оның әйгілі қолтаңбасын танытып, ұлттық өнерімізге қосылған бір үлкен үлес болса екен деген тілектеміз.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp