«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ СЕНІМДІ ТІРЕГІ

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында ауыл шаруашылығы саласының мәселелеріне зор мән береді. Елбасы биылғы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты тарихи құжатта агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық пайдалану керек екенін айтты. Аграрлық сектор қызметкерлеріне еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту міндеті қойылған.

Соңғы бес жылда өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінде еңбек өнімділігі екі есеге (адам басына шаққанда 1,2 млн. теңгеден 2,4 млн. теңгеге) өссе, тағы осынша уақыттан соң өнімділікті 6 млн. теңгеге дейін арттыру көзделген. Өткен жылы өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты 141,8 млн. АҚШ долларын құраса, 2022 жылға қарай бұл көрсеткішті 354,5 млн. АҚШ долларына дейін ұлғайту жоспарда бар.

Жоспарланған нәтижеге қол жеткізу үшін бүгіндері барлық жағдай жасалып отыр. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында 408,3 млрд. теңгенің өнімі шығарылса, жыл соңына дейін өсім 1,8 пайыз болады деп жоспарлаудамыз. Жыл сайын салаға инвестиция тарту ұлғаюда. Мәселен, биыл қаңтар-қыркүйек айларында инвестиция көлемі 60,8 млрд. теңге болса, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 11,6 пайызға көп.

Құжатта мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктерін елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажеттігі айтылған. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабын әртараптандыру жалғасып, соның арқасында бұршақты дақылдар алқабы 2017 жылмен салыстырғанда 2,3 есе артса, майлы дақылдар 261 мың гектарға көп егілді. Сондай-ақ, картопқа, көкөніске бөлінген алқаптар ұлғайтылды.

Облыстық статистика департаменті мамандарының мәліметіне қарағанда, үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларында өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің сыртқы сауда айналымы 129 млн. АҚШ долларына тең (552 мың тонна). Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 19 пайызға артық. Оның 472 мың тоннасы экспортқа тиесілі. Салыстырмалы кезеңде сүт өнімдері – 87, жұмыртқа – 81, ұн – 14, майлы дақылдардың тұқымы 43 пайызға артық экспортталды. Облыстың экспорттық әлеуетін ірі кәсіпорындардың арқасында арттыру ерекше маңызға ие болып отыр. Мысалы, “Тайынша май” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қуаты бір жылда 365 мың тонна майлы дақылды өңдеуге жетеді. Кәсіпорынның жұмыс қуатын арттыру Қытайға өсімдік майы мен күнжара экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өткен жылы “Bio Operations” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылдық қуаты 83 мың тонна диірмен кешенін іске қосса, үстіміздегі жылдың қазан айында тағы бір цех ашты. Бұл цехта жылына 10 мың тонна балауыз және 39 мың тонна крахмал өндіріледі деп жоспарланған. Аталмыш кәсіпорындарда шығарылатын өнімдердің түгелі ішкі және сыртқы нарықтарда жоғары сұранысқа ие. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының өсімі ұлғая түседі деп зор сеніммен айтуға болады.

Еңбек өнімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту маңызды. Өңірімізде бұл әлі түйіні толық шешілмеген мәселе. Облыстың машина-трактор паркінің 84 пайызының (11535 трактор) пайдалану мерзімі 10 жылдан асады. Сондайақ, астық жинайтын 5528 комбайнның да егістік алқабында жүргеніне осынша уақыт өткен. Демек, шаруашылықтар ескі техникамен жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Тозығы жеткен техника орақ кезінде сынып, жанар-жағармайды көп пайдаланып, шығынды орташа есеппен 20 пайызға арттырады. Соңғы бес жылда өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 104 млрд. теңгеге 6 мыңнан астам техника мен құрал-жабдық сатып алған. Сондықтан осы жұмыстарға басымдық берілуі керек. Бұл бағытта өңірде германиялық “CLAAS” компаниясымен келісім-шарт жасалғанын айта кеткен жөн. Бұл бастама болашақта өңір кәсіпкерлерін сапалы техникамен қамтамасыз етуге, олардың заманауи сервистік қызмет алуларына мүмкіндік береді. Сонымен қатар қосалқы бөлшектер қолжетімді бола түсіп, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл шаруашылығы техникасы кем дегенде екі есе жаңарады.

Жолдауда ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру жайы айтылған. Өңірімізде бұл бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Үстіміздегі жылы Астанадағы С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Университет мамандарымен бірлесіп, Қызылжар ауданындағы “Шағала Агро” және “Петерфельд Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін таңдап, оларда дәлме-дәл егіншілік элементтерін қанатқақты жоба ретінде енгіздік. Университет оқытушылары осы шаруашылықтардың қызметкерлеріне “Дәлме-дәл егіншілік негіздері” тақырыбында семинар өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті. Осылайша, өңіріміздің негізгі шаруашылықтарына осы жобаны енгізу бойынша Жол картасы жасалды.

Бүгіндері өңіріміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері “Геозис”, “АгроСтрим”, “Агро-НетфортТехнолоджи” сияқты жер-серіктік мониторинг жүйелерін қолдануда. Бұл жүйелердің арқасында шығынды азайтып, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік туды. Ғарыштан мониторинг жүргізудің нәтижесінде серіктестіктер жерге минералды тыңайтқыштар енгізіп, өсімдіктерді қорғау амалдарын қолданды. Одан басқа, өсімдік жапырағында азоттың мөлшерін жылдам анықтау үшін диагностика жүргізілді. Бұл оны тыңайтқыштармен қоректендіруге мүмкіндік берді.

Жолдауда белгіленген маңызды бағыттардың бірі – агроөнеркәсіп кешенін бүгінгі заманға барынша бейімдеу болып отыр. “Біз икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды – “ақылды адамдарды” тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек”, – деді Елбасы. Цифрландырудың заманауи әдістері шаруаларға айтарлықтай қолдау болуда. Мәселен, өңірімізде дәлме-дәл егіншілік элементтерін 96 шаруашылық енгізді. Яғни, олар электронды карта, “GPS” трекер және жанармай шығынын есептейтін құрылғылардың игілігін көруде. Бүгінгі таңда 4,6 миллион гектар алқап цифрландырылды. Бұл – өңіріміздегі барлық егістік жердің 93,3 пайызы. Облыста алқаптардың электронды картасын жасау аяқталуға жақын. Оған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жер учаскелерінің шекарасы енгізіліп, кадастрлық нөмірі жазылды. Бүгінгі таңда 2288 жер пайдаланушы электронды картаны қолданады.

Аграрлық секторды “ақыл­ды” технологиялар ар­қы­лы дамыту жұмысы әрқашан тиімді болары сөзсіз. Циф­р­лық технология­лар климаттық өзге­ріс­тер­ді бол­жауға, ауылшаруашылығы да­қыл­­­дардың өнімділігін бақылауға, топырақ құнары мен ылғалын анықтауға, зиянкестерге қарсы шара қолдануға, алқапта түнде, тұман және тозаңдылық жағдайында жүріп-тұру мүмкіндігіне жол ашады. Өңірде 8 “цифрлық” ферма мен 16 “үлгілі” ферма бар. 2020 жылға қарай тағы 257 шаруашылықты аталмыш санаттарға ауыстыру көзделіп отыр.

Ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыру күн тәртібінен түспейтін міндет екені белгілі. Өйткені, ел экономикасының дамуы онымен тікелей байланысты. Елбасы Жолдауда Үкіметке алдағы үш жыл ішінде осы мақсатқа жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырды. Демек, саланың болашағы жарқын.

Қуандық ШАҚҰБАЕВ,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp