«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ҚАНАТЫ – СЕНІМ

Үстіміздегі жылы елімізде Президент сайлауын өткізуді ұсынып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының Үндеуін толқымай оқу мүмкін емес. Ол көптің көкейіндегі сөзді дөп басып, нағыз сындарлы шақта өмірге келді. Шынында да, әлемде тұрақсыздық орын алған қазіргі күрделі кезеңде еліміздің стратегиялық бағытынан айнымай, Қазақстанды жаңғырту және дүниежүзінің озық 30 елінің қатарына енуі үшін біз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне бұрынғыдан да топтаса түсуіміз керек. Сайлауды мерзімінен бұрын өткізу арқылы экономикамызды нығайтуға, жүргізіліп отырған саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етуге қолымыз жетеді деген үміт зор. Сондықтан да бұл бастамаға, шын мәнінде, басқадай балама жоқ деп ойлаймын.

Ел экономикасының тұрақтылығы бүкіл Қазақстан халқына тиімді. Соның ішінде біздер, жергілікті өнім өндіретін кәсіпкерлер, өндірістің қазіргі дағдарысты кезеңінде кездескен қиыншылықты еңсере отырып, тұрғындар тұрмысын жақсарта түсетін сапалы өнімдер шығаруға мүдделіміз. Алайда, қандай да бір жақсы істің бірден даңғыл жолға түспейтіні сияқты, осы жылдың басында құрылған Еуразиялық Экономикалық Одақтың аясындағы жұмысымыз әлі нық бола алмай тұр. Оған, әрине, әлемдік мұнай бағасының құлдырап кетуі, Батыс елдерінің Ресей мемлекетіне жариялаған санкциялық айып шаралары әсер етіп отырғаны сөзсіз.  

Осы ретте Елбасымыз Қазақстан халқын “Қазақстанда жасалған” ұранымен отандық өнімдерді насихаттауға бекерге шақырып отырған жоқ. Оны отандық тауар өндірушілерді қорғаған және неғұрлым қолдау жасауды көздеген сөз деп ұғынамыз. Әрине, Одақ құрамына енгеннен кейін оның талабына бағынбасқа болмайды. Өзара кедендік бекеттің алынуы Ресейдің дәл қазіргі арзан тауарларының Қазақстан нарығына жолын ашып берді. Оны біз уақытша ғана құбылыс деп білеміз. Одаққа мүше елдер арасындағы сауда қатынастары реттеліп, жалпыға ортақ заңдылық арнасына түсері сөзсіз. Бұл жайында Елбасының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде де айтылды. “Біздің қазіргі экономикалық саясатымыздың бағыты дұрыс. Келеңсіздіктер сыртқы нарықтың әсері, Қазақстан ішінде экономикалық дағдарыс жоқ”, – деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сөздерін барынша қолдап, қиындықтарға қайыспай жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Біздің “Казмясопродукт” ЖШС-нің қала базарлары мен сауда орталықтарында өндірушінің бағасы бойынша сауда жасайтын 10 сауда алаңы жұмыс істейді. Өзімізде ет индустриясының жақсы дамығанын танытуға тырысып, бұл өнімдердің 20-дан астам түрлерін шығарамыз. Кәсіпорынның негізгі өнімдері еттен жасалатын шұжықтар болып табылады. Өндіріске тек жергілікті шикізаттар ғана пайдаланылады.

Дегенмен, жоғарыда аталған келеңсіздіктерге байланысты жыл басынан бері өнім шығару көлемінің екі еседей кеміп кеткенін де айтпасқа болмайды. Өткен жылы тәулігіне орта есеппен 4-4,5 тонна ет өнімдерін шығарып отырсақ, бүгіндері бұл көрсеткіш небары 2,0 тоннаны құрайды. Қаладағы ет өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың ішінде біздің біршама тәуір жағдайда екеніміз рас. Соның өзінде қала супермаркеттерінде өндірілген өнімдеріміздің 20 пайызы ғана өтеді. Осы орайда “Қазақстанда жасалған” акциясы кең өріс тауып, супермаркеттер жергілікті өндірушілердің ғана өнімдерін сатса екен дейміз. Өйткені, жалпы ортақ мүдделі іске олардың шығын шығарып, үлес қосуы керек қой.

Кәсіпорнымызда өндірістік қондырғылар жаңартылып, германиялық құрал-жабдықтар қойылды, автомобиль паркі жаңғыртылды. Бір сөзбен айтқанда, жауапты тапсырыстарды орындауға толық дайынбыз. Елбасымыз айтқандай, өзіміздегі нарықтың кемінде 50 пайызын жергілікті өнімдермен жабуға күш салуымыз керек. Ал біздің мүмкіндігіміз одан да зор.

Алдағы сайлауға байланысты саяси науқан жергілікті өнім өндірушілерді де жоғары белестерден көрінуге жігерлендіреді. Онда біз өз қалауымызды жасап, ел экономикасының көсегесін көгертетін кемеңгерді таңдаймыз. Барша ел азаматтарын Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын биыл өткізу туралы бастаманы қолдауға шақырамыз.

Аркадий ВОЗНЮК,

“Казмясопродукт” ЖШС-нің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp