«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ЕР НАУРЫЗБАЙ

Қалданменен ұрысып,

Жеті күндей сүрісіп,

Сондағы жолдас адамдар:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Сіргелі қара Тілеуке,

Қарақалпақ Құлашбек,

Тігеден шыққан Естербек,

Шапырашты Наурызбай,

Құдаменді Жібекбай қасында,

Бақ дәулеті басында

Секербай мен Шүйбекбай,

Тансық қожа, Мамыт бар,

Қасқарауұлы Молдабай,

Қатардан жақсы қалдырмай,

Айнақұл Бәти ішінде,

Өңкей батыр жиылып,

Абылай салды жарлықты.

Қалдан ханды қашырып,

Шеп салған жерін бұздырып,

Ұрысты қатты қыздырып,

Қасым ханның шешесін

Хан Абылай алған-ды.

(Бұқар жырау Қалқаманұлы).

Ұлы Бұқар жыраудың Абылай ханға арнаған осы жырында ел қорғаған өзге батырлармен қатар Шапырашты Наурызбайдың да есімі аталатынын әдебиет тарихынан білеміз.

Шапырашты Наурызбай – Қазақ елінің жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық соғысындағы аты аңызға айналған батыр әрі қолбасшы.

Құттымбетұлы Наурызбай батыр 1706 жылы Жетісу жерінде, Алатаудың баурайында туған. Бұл уақыт қазақ пен қырғыз халықтары қатар қоныстанған Талас, Іле, Алатау мен Қаратау аралығындағы жерлерге жоңғарлар көз алартып, оқтын-оқтын жорықтар жасап отырған аласапыран кез еді.

Жастайынан елдің небір дүл-дүл ақын-жырауларының азаттық туралы жырларын зердесіне құйып өскен жас Наурызбай өсе келе елін, жерін жоңғарлардан азат етуді армандайды. Ол сонымен бірге атақонысына ат айдап кірген қанқұйлы жоңғар жауынгерлерінің өктем-зорлығын көзімен көріп есейеді.

Ел жауының қанқұйлы әрекетіне қарсы ерлікпен шайқасуды жас Наурызбай өзінің перзенттік парызы санайды.

Нар тұлғалы, алып жігіт ересек сарбаздардың сапына ерте қосылып, соғыс өнеріне талмай машықтанып, ат үстіндегі шайқастың қыр-сырына қанығады. Оны ел-жұрты осы үшін қадірлеп, “Торыала тұлпарлы, түйе тұрпатты Наурызбай” деп атайды.

Оның бүкіл өмірі жоңғарлармен шайқаста өтеді. Батыр жиырма үш жасында, 1729 жылы “Аңырқай” шайқасына қатысып, қалмақ батырлары Қаскелең мен Шамалханды жекпе-жекте жер жастандырады.

Жас батырдың осы ерліктерін елдің ақындары:

Наурызбайдың екпіні

Таудан асқан тасқындай.

Қалмақты қойдай қырады

Оттан-судан тартынбай.

Торыала тұлпар астында,

Шойын шоқпар қолында,

Түйе тұрпатты тұтқыр ер,

Оңды-солды ұрады, – деп жырлайды.

“Аңырақай” шайқасында жауға күйрете соққы бергеннен кейін бас біріктірсе, бір тудың астына жиналса, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай батырлармен бірге жоңғарлардың бетін қайтаруға болатынына Абылайдың көзі жетеді.

Ол Арқа жеріне барғаннан кейін жан-жаққа жаушы жіберіп, жаңадан қол жинайды. Сол үшін ұлы жүзден Өтеген, Райымбек, Наурызбай батырларды қол астына шақырады.

Тарихтан аян болғандай, Өтеген батыр Абылайдың Қытаймен жасаған қарым-қатынасының астарына бойламай, ханға ренжіп, жауынгерлерімен еліне қайтып кетеді де, Райымбек пен Наурызбай Абылаймен жорықтас, оның сенім артар ардақты батырлары болады.

Қол бастап, талай шайқастарды басынан өткерген Наурызбай Құттымбетұлы Бәсентиін Малайсарымен, Қыстық Малаймен, Шапырашты Қасқарымен тізе қоса отырып, жоңғарларды ел шетінен шығарып жібереді. Жоңғарларға қарсы соғыста Наурызбайдың Құдайберген, Шолпан, Дүйсен деген бауырлары ерлік көрсетеді. Алайда, олар жау қолынан қаза табады.

Абылайдың ең сенімді батырының бірі Наурызбай Құттымбетұлы 1781 жылы жетпіс бес жасында өмірден озады.

Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қозыбасы деген қоныста батырға ескерткіш орнатылған. Сондай-ақ, Алматы қаласының бір орталық көшесі Шапырашты Наурызбайдың есімімен аталады.

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толып отырған биылғы жылы Шапырашты Наурызбай сынды сайыпқыран сарбазды да ұлықтап, есімін ардақтау орынды.

Гүлнәр ЖҰМАБЕКОВА,

“Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені тарих бөлімінің маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp