
Бразилияда жастар арасында грек-рим күресінен өткен әлем біріншілігінің қола медаль иегері Аманғали Бекболатов елге оралды. Әлем біріншілігінде жұлдызы жарқыраған саңлақты темір жол вокзалында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров бастаған Петропавл қаласының тұрғындары мен спорт саласының өкілдері қарсы алды.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Аманғали Бекболатовты бәсі биік додада 50 килограмм салмақ дәрежесіндегі қола медалімен құттықтаған Айдарбек Сапаров болашақ жарыстарда да жүлделі орындардан көрінуіне тілектестік білдірді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналиннің айтуынша, Аманғали – аталмыш бәсекелі додада ел құрамасындағы балуандардың ішінен жүлделі орынға қол жеткізген жалғыз спортшы. Сондықтан да оның бұл жеңісі алтынға пара-пар.
– Аманғалидың Бразилияға баруы екіталай еді. Себебі, әлем біріншілігіне баратын спортшыларға бөлінген қаржы шектеулі болған. Дегенмен, облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасы бойынша жас өреннің жолына қажетті қаражат бөлінді. Сөйтіп, өңір басшысы қолдауының арқасында бәсекелі сайыста сынға түскен спортшы артқан сенімді ақтап, жүлдегер атанды, – дейді Руслан Бақытұлы.
Осылай Қызылжар ауданындағы Архангелка ауылының тумасы Аманғали Бекболатов 2012 жылы Болгарияның София қаласында жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен өткен әлем біріншілігінде ел құрамасына жалғыз жүлде әперген тағы бір жерлесіміз – Ақан Баймағанбетовтың жетістігін қайталады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.