Облыстық әкімдікте Италияда өтетін XIV қысқы Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шараға аттанғалы отырған спортшылар, жаттықтырушылар, спорт ардагерлері қатысты.
6-15 наурыз аралығында Италияда өтетін XIV қысқы Паралимпиада ойындарына еліміз 10 лицензия алса, соның жетеуін біздің өңір спортшылары иеленіп отыр. Жерлестеріміздің бесеуі – шаңғы жарысы, екеуі – биатлон бойынша ел намысын қорғайды.
Ұлттық команда құрамында Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Владислав Кобаль өнер көрсетеді.
«Бұл – орасан еңбек пен табандылықтың нәтижесі, әрі баршамыз үшін үлкен мақтаныш. Біздің спортшылар лайықты өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. 17 ақпан күні қосымша қатысушылар туралы хабарланады. Бұл тізімге Денис Зинов енеді деген үміттеміз. Сіздердің еңбектеріңіз бен жеңіске деген ынталарыңыз қайсар рух пен асқақ мақсатқа ұмтылысты көрсетеді. Қоғам үшін сіздердің жеңістеріңіз спорттағы жетістік қана емес, қиындықты жеңудің үлгісі», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Өңір басшысының айтуынша, облыста инклюзивті спортты дамытуға барлық жағдай жасалып келеді. Мүгедектігі бар адамдардың «Үміт» клубы жұмыс істейді. «Самұрық-Қазына» корпоративтік орталығы және «Қазақстан халқына» корпоративтік қорының қолдауымен Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық-сауықтыру орталығын салу жоспарланған.
Ал Италияда өтетін XХV қысқы Олимпиада ойындарына Солтүстік Қазақстан облысынан жалғыз Надежда Морозова ғана қатысады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».