«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЕЛ ҮШІН” ДЕП ЕЛЖІРЕГЕН

Қайрат-жігерге, тың ойларға, жаңа ұмтылысқа, үздіксіз ізденіске толы жастық шақты әрбір азамат тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне, өсіп-өркендеуіне жұмсап, Отанға қалтқысыз қызмет етуі қажет. Петропавлдағы Достық үйінде өткен “Ел үшін” атты жастар форумына қатысқан өңір өрендері ойларының тоғысқан тұсы бұл.

Жастардың отансүйгіштік сипаттағы ойларын қолдауды көздеген жиынға қатысушы студенттерді кәсіпқой жаттықтырушы Дамир Тілеубаев төрт топқа бөлді. Одан кейін әрбір топтың мүшелері Қазақстанның мәдениетін, экономикасын, денсаулық сақтау және білім беру салаларын, дене шынықтыруды дамыту туралы ойларын ортаға салды. Екінші бөлімде топ белсенділері алдын ала дайындалып, қиялымен жеке мемлекет құрып, оны қалыптастыру жолындағы іргелі әрекеттерімен таныстырды. Бәсекеге қабілетті, әлемдегі дамыған мемлекет құрудағы қиындықтарды саралап айтты. Жүздеген этнос өкілдерін тыныштыққа ұйытып, бір арнаға тоғыстырған Қазақстанның әлемдік кеңістіктегі орнын айқындап берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басқарушылық қабілетіне таңданыстарын білдірді, сондай-ақ, алдағы Президент сайлауына бір кісідей қатысып, ел болашағы, мемлекет мүддесі үшін дауыс беретіндерін дәттеді.  

Шара соңында озық ойларымен оза шапқандарды “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Шаймерденов құттықтап, сертификаттар табыс етті.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp