Әке қадірін ерте күннен біліп өскен ұрпақпыз ғой. Жалғыз мен емес, Тайынша ауданына қарасты ынтымағы бұзылмаған Қарағаш ауылында туып-өскен, үлкендердің жақсы істерін жалғастырып келе жатқан буын бақилық болған азаматтарын еш ұмытпайды, олардың аманатына адал.
– Шіркін, заман-ай, – дейтін елдегі көнекөз қарттардың бірі – соғыс және еңбек ардагері, марқұм Шайхислам ақсақал (Шайқы Уәлиев). – Осы жасқа дейін басымыздан не өткермедік? Шал-шауқан, кәрі-жасты, шиеттей бала-шағаға дейін қынадай қырған ашаршылық жылдарды, одан қалды ұжымдастыру науқанын, ел басына алапат болып тиген, аждаһадай аранын ашқан қантөгіс соғысты, тың және тыңайған жерлерді игеру кезіндегі солақай саясатты, бертінгі тоқырау кезеңді – бәрін ел-жұртпен бірге көріп, мойнымызға түскен атан жүкті иық тірестіре көтере білдік емес пе?!
Ол уақытта біздің жастау кезіміз, әр нәрсенің парқын, қадір-қасиетін терең түсіне бермейміз.
Шәкең әңгімені әріден қозғап, тереңнен толғайды. Ел басына қара бұлт болып үйірілген сонау сұрапыл соғыс жылдарының өзінде іргесі шайқалмаған Қарағаш ауылынан ғана ұзын-ырғасы жүзден астам ер-азамат (нақтысы 125 адам) қолына қару алып, қан майданға аттанса, жартысынан көбі (68-і) ұрыс даласында мерт болып, туған елден шалғайда, жат жерде топырақ бұйырған. Қанды қырғыннан аман қайтса да, бір-бір аяқтан айырылған Мұхаметжан Жомартов пен Зейнеш Салықбаев, оның інісі Қабия Салықбаев, Сәңкібай Есімов, Боранбай Балапанов, Серғазы Құлтанов, Ғазез Әбішев, Шалабай Балғабеков, Ахметжан Әбділманов, Нығметолла Құлтанов, Шариполла Қасымов, Балғожа Сұлтанов, менің әкейім Көшкен (Ғұмар) Зікірияұлы, туған інілері Сейфолла мен Хаймолла, ағайынды Есболат пен Тасболат Байшағыровтар, Досмұқан Есмұқанов, тағы басқалары туған ауылдың көркейіп, өсіп-өркендеуіне қал-қадірінше үлестерін қоса білді.
Сонда Құдай қосқан қосағын, өздерінің жүрегі қалап, сүйген ер-азаматтарды майданға аттандырып жатып қыз-келіншектер олардың туған жерге аман-сау оралуын, ілгергі күнде жұмыр жер бетінде бейбіт тыныштық заманның орнауын Тәңірден мың сан жалбарына тілеуші еді.
Меніңше, ауылдағы шаңырақтардың бірінің басына қара бұлттай үйірілген қайғы-қасіретті тілге тиек ете кетудің еш артықтығы жоқ қой деп ойлаймын. Ел ішінде абыз ақсақал атанған Жұмжұма атайдың соғысқа аттанған бес ұлының төртеуі (Мұхаметқали, Нұрғали, Набиғали (Нәбікен), Қинаятқали) зұлым жауға қарсы жан беріскен ұрыстарда ерлікпен қаза тапты. Көмусіз, еш белгісіз қалған боздақтар қаншама десеңізші!..
Соғыс жылдарында тылда тәуліктеп, тыным таппай жұмыс істеген Бірімжан Оқасов, Ерғали Жұмжұмаұлы, Махмет Есмұқанов, Әбділман Уәлиев, Аухат Мұқышев, Нұрғасым Әбдірахманов, Өтеген және Құлтан Қасымовтар, Құдыл (шын есімі Қабдулхамит) Бабаназаров, Маймақ Тиесов, Әлжан Шаймерденов, Қабдырәшит Шайқыжанов, Қасымғожа Жатаев, Сұлтан Жаров, Нұғымар Жүнісов, Сұлтан Рахин, жасы жүзден асып, дүниеден өткен, майдандағы жауынгерлерге жүйрік сәйгүліктер баптаған Аяп Борсықов, Әбдікәрім, Сәдуақас, Алпыс, Көшен сияқты (аты, тегі есте қалмапты) ер-азаматтардың жанқиярлық еңбегін қалай атап өтпеске? Еркек кіндіктілерден қалыспай күн-түн демей егінжай мен қырман басынан табылған ақжаулықты аналарымыз бен әжелеріміздің есімдерін қалайша емірене еске алмасқа?
Атақты арыстарымыз – Сәбит, Ғабит, Бейімбет, Сәкен, Мағжан сияқты ойы терең, қаламы жүйрік сұңғыла азаматтарымызбен қатар үзеңгілес қызмет істеген, қазақ әдебиетінде өзіндік өшпес ізін қалдырған ақын Жақан Сыздықовтың есімі жұртшылыққа жақсы таныс. Мұны айтып отырғаным, Жақан ағамыздың туған інісі, аудармашы, жазушы Қажымұрат Сыздықов – атақты Брест қамалын қорғаушылардың бірі.
Сөз арасында ауылымыздың төл перзенттері, ұзақ жыл Көкшетау қаласында қызмет істеген, неміс фашистерінің жойқын соғысының тап ортасында болған Бүркітбай Күшпаев пен Жанбай Байшағыров жайлы айта кетсек, артықтық болмас.
Жанбай ағамыз соғыстан кейінгі жылдары Солтүстік Қазақстан, Көкшетау облыстық партия комитеттерінде бөлім меңгерушісі, Қызыләскер, Көкшетау аудандарында атқару комитеттерінің төрағасы, Көкшетау облыстық ағаш сауда базасының директоры, ал Бүркітбай Күшпаев Көкшетау облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Көкшетау қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, «Казтекстильторг» базасының директоры қызметтерін атқарып, «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Мен әкейім Көшкен (Ғұмар) мен інісі Сейфолланың, әлгінде айтқан қаламдас ағамыз Төлегеннің әкесі Қажыбайдың (бұл кісі де соғыстан оралмаған) соғыс даласынан жолдаған жыр шумақтарын жаттап өстім. Ақ жаулықты әжейлеріміз, бастары қосыла қалған жиындарда сыңси айтып отыратын. Сондай хаттардың бірінде әкейімнің:
Атыңнан айналайын Әбу, Сағит,
Атаң мен әжең екеуі отыр нағып.
Атаң мен әжелеріңді жүдетпеңдер,
Су әкеп, шай қайнатып, отын жағып, – деп ұзақ жазылған өлең жолдарынан осы төрт жолы есімде қалыпты. Өкініштісі, сол хаттың толық нұсқасы сақталмапты. Әбу, Сағит – туған ағаларым.
Ел бертінге дейін жыр қылып айтып жүретін мына бір оқиғаны да баяндай кетейін. Әңгіме – соғыстан аман-сау оралған, әйтсе де қолында мүгедектігі жөнінде тілдей қағазы бар ауылдас ағамыз Боранбай Балапанов хақында. Ол кісі партизан отрядында жауға қарсы шайқастарға қатысқан. Сондай қырғын ұрыстардың бірінде қатты жараланады. Госпитальде жатып емделгенімен, ондағылар мұның мойын тұсынан тиген оқты ала алмайды. Сөйтіп, Боранбайдың тірі қалатынына күмәнданады. Партизан ағамыз алған жарақатын елемей жүре береді. Тек әлденеше жыл өткенде барып әлгі тоттана бастаған «дұшпан патроны» өз-өзінен сусып түсіп қалады. Мұндай жағдайды бұрын-соңды естіп-көрмеген ауыл адамдары таңдай қағып, «Құдай өзі есіркеді» деп Борекеңнің шыдамдылығына риза болысқан.
Иә, айта берсе, жаза берсе, мұндай хикаяттар өте көп. Ерлер есімдері ешқашанда ұмытылмайды деген осы. Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесіне барша қазақстандықтардай менің жерлестерім – солтүстік өңірдегі Қарағаш ауылының азаматтары да осы күннен қызу әзірленуде. Осыдан ширек ғасырдай бұрын орталықтағы орта мектептің жанында бұрынырақта орын тепкен аллеяға ардагер ағаларымыз бен аталарымыздың есімдері қашап жазылған ескерткіш обелиск орнатылып, олардың аруақтарына бағыштап арнайы ас берілген еді. Мұның бәріне осындағы «Астық-STEM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (директоры Сергей Звольский) ұйытқы болды. Бүгіндері Жеңіс күндерінде осы арада салтанатты митингтер өткізіліп, мектеп оқушылары, ауылдың тұрғындары жиналып, обелиск түбіне гүл шоқтарын қойып, бастарын иіп, тағзым етуді дәстүрге айналдырған.
Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі, еңбек ардагері.