Минералдық сулардың емдік қасиеті бары ежелден белгілі. Көбіне-көп созылмалы гастрит, асқазанның жарақаты сырқатын (язва), ішек жұмысының түрлі себептен бұзылуын, сондай-ақ, зәр жолдарының сырқатын емдегенде осы суларды ішу қажет.
Минералды сулармен емдеудің әсері оның әдісінің дұрыстығына тікелей байланысты. Дәрігерлер емдік сулардың кімнің, қалай және қанша ішуі керектігін әркімнің сырқат түрі мен ағза ерекшеліктеріне қарай белгілейді. Ол үшін дәрігер сырқатты лабораториялық тексерудің нәтижелерін, аурудың түрін, асқыну кезеңін, ағзаның емдік суларға реакциясын жете білуі керек. Минералды су асқазан сөлі аз бөлінетін созылмалы гастритті емдегенде пайдалы. Асқазан сөлі көп бөлінетін немесе сөлдің қышқылдығы мол адамдар оны тамақтанардан 1-1,5 сағат бұрын ішеді. Ішер алдында суды 35-40 градусқа дейін жылытқан жөн. Минералды суды толтыра ұрттап, тез ішкен жөн. Асқазан қыжылдағанда, кекіргенде бұл суды тамақтан соң күніне екі-үш мезгіл аз ғана мөлшерде (стақанның төрттен бір бөлігін) ішкен дұрыс. Асқазан сөлі аз бөлінген жағдайда оны тамақтанардан 10-15 минут бұрын немесе тамақ үстінде ішу керек. Мұндайда судың жылылығы бөлме ішінің жылылығындай болып, оны аздап ұрттап, ақырын ішеді. Асқазан сөлінің бөлінуі мен қышқылдығы қалыпты болса, суды тамақтанардан 30-40 минут бұрын ішеді. Суды жылытып та, салқындау күйінде ішуге болады. Мұндайда оны асықпай ішкен дұрыс. Ал үлкен дәрет жүруі қиындаса суды салқындатып ішеді. Өт қалтасы немесе өт жүретін жолдар сырқатқа шалдыққанда суды 2-2,5 стаканнан ішуге болады. Бірақ оны бірден ішпей, 30-40 минут ішінде екіге бөліп, жылыдай ішу керек. Зәр жолдары ауырғанда суды күніне 5-6 рет, 200-300 грамнан пайдаланады.
Минералды сумен емдеу курсы аурудың түріне қарай 3-4, кейде 5-6 аптаға созылады. Егер қажет болса дәрігер қайталап емдеу курсын белгілейді. Жоғарыда айтылған сырқаттарды емдеуге “Сарыағаш”, “Боржоми”, Трускавец №4, №7 және “Ессентуки”, “Смирнов” минералды сулары қолданылады.
Хайырбек ҚОЖАХМЕТОВ,
терапевт-дәрігер.