Қыркүйек айының он бесінде басталған емхананы еркін таңдау науқаны әлі де жүріп жатыр. Науқан барысында қызмет көрсетуші медициналық ұйымды немесе учаскелік дәрігерді таңдау мүмкіндігін 300 мың қазақстандық пайдаланды. Олардың 400-ден астамы – біздің өңір тұрғындары.
Тұрғындардың дені таңдаған медициналық ұйымдарына барып қайта тіркелуді жөн санаған. Ал 13,5 мыңға жуық адам “egov.kz” порталы арқылы электронды түрде тіркелген.
– Үлгермеген адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіне алады. Онда “egov. kz” порталына қосылған “Contention Points” бұрыштары жұмыс істейді. Екіншіден, смартфон арқылы бірнеше минутта емханаға тіркелуге мүмкіндік беретін “Telegramбот” қызметі әзірленген. Ал үшіншіден, ата-аналарға балаларын онлайн тіркеуге мүмкіндік бар. Жүйеге автоматты түрде ақпараттар қосылып, нәтижесінде тіркеу үшін артық құжаттар қажеттігі азайды, – дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Забира Оразалиева.
Тіркелу науқанына өңіріміздегі 17 медициналық ұйым қатысты. Олар: 13 орталық аудандық аурухана, Петропавл қаласындағы үш емхана және “Денсаулық” коммерциялық емес жекеменшік мекемесі. Науқанға қатысқан 400-ден астам жергілікті тұрғынның 130-ы – №1 қалалық емхананы, 85-і “Денсаулық” мекемесін таңдаған. Ал №2 және №3 қалалық емханалардың әрқайсысына 70-тен астам азамат тіркелген. Нәтижесінде облыстағы медициналық ұйымдарға тіркелген азаматтардың саны 581007-ге жетіп отыр. Соның 19600-ы емханаларға үйде қызмет көрсетусіз тіркелуді жөн санаған.
Емделушілер жылына бір рет емдеу мекемесін таңдай алатындарын айта кеткен жөн. Тіркелуге болатын емханалардың тізімі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының “fms.kz” сайтындағы “Емхананы таңдау” бөлімінде көрсетілген.
Анна ПЕНЬКОВА,
әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының сарапшысы.