«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ене тағылымы

Балсейітовтер әулеті Тимирязев ауылдық округінде үлкен беделге ие. “Отан отбасынан басталады”, деген қағиданы ұстанатын шаңырақ балалары мен немерелерін кішкентай күнінен елін, жерін сүйетін елжандылыққа, еңбексүйгіштікке, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсетуге тәрбиелеп келеді.

Серік Балсейітұлы мен Күләш Кәмалиқызының көңіл жарастырып, қол ұстасып, жұбайлық өмірге аяқ басқандарына да алпыс жылға таяп қалды. Содан бергі уақытта олар тату-тәтті ғұмыр кешіп, өмірдің ыстығы мен суығын бірдей бөлісе жүріп, үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балаларының әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, ата-анасынан үйренген отбасы дәстүрін жалғастыруда. Серік пен Күләш Балсейітовтер өздерінің бойындағы қарапайымдылық, адалдық, еңбекқорлық, мейірбандық, кішіпейілділік сияқты адами қасиеттерді балалары мен қыздарына, бүгінде немере-жиендеріне үйретуден жалыққан емес.

Отбасының тыныштығы мен жылылығын сақтауда, әсіресе, әйелдің алар орны ерекше. Әйел-ана төзімді болғанда ғана шаңырақ шай­қал­майды, босаға берік болады, отбасы­ның берекесі ортаймайды. Күләш апай отбасының ұйытқысы. Ол өзінің жұмсақ та биязы мінезімен ата-енесіне жағып, жұбайының тілін таба білді. “Қайын атам марқұм бізбен бар-жоғы жеті-ақ жыл бірге тұрып, өмірден өтті. Жұбайым Серік анасынан ерте айрылып, өгей шешесі Бәтима марқұмның тәрбиесін алды. Ол кісі өте жайлы кісі болды. Бәтима апам бізбен бірге 48 жыл тұрғанда, бір сөзге келіп көрген жоқпыз. Туған анамдай қамқоршым болды”, – деп еске алады енесін Күләш тәтеміз.

Есепші болып қызмет атқарған Серік аға таңның атысы, күннің батысы далада болса, Күләш тәте кеңшарда әртүрлі жұмыстарда жүрген. “Қариясы бар үйдің – қазынасы бар” дегендей, бала тәрбиесіне, олардың тамағына, үйдегі отбасы, ошақ қасының шаруасына алаңдамады. Өйткені, үйдегі күйбің тірліктің барлығын енесі Бәтима өзі тындырып, ұршықша үйіріп отырған. “Жатқан жері жайлы болғыр апамнан алған тәрбиенің арқасында балалардың барлығы адами ізгі қасиеттерді бойларына сіңіріп өсті”, – дейді Күләш тәте.

Балсейітовтер отбасында әженің, әке мен шешенің мейірімі мен шапағатына бөленіп ер жеткен балалардың үлкені – Бауыржан бүгінде Петропавл қаласында “СевИнСтальКом” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде прораб болып қызмет істейді. Оның зайыбы Айгүл колледжде сабақ береді. Екінші ұлы Жаңаберген болса “Балсеитов және К” шаруа қожалығын басқарады. Келіндері Гүлнәр аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман. Көпей ұлдары Нұрлан өмірден өзі қалаған жолын тапқан, “Қазақстан темір жолы” АҚ-да темір жол станциясының монтері болып еңбек етеді. Келіншегі Торғай мемлекеттің қолдауының арқасында өзінің жеке шаштаразын ашқан. Қыздары Ақбілек пен Аягөз де өмірде өз орындарын тауып, тәуелсіз еліміздің дамуына үлестерін қосып жүр. Осылайша, тату-тәтті отбасында еңбек алдыңғы орынға қойылған.

Серік пен Күләш Балсейітовтердің отбасылық құндылықтары “Мерейлі отбасы” байқауының облыстық кезеңінде насихатталып, жастарға үлгі етілді. Отбасының өзі – кішігірім мемлекет. Мемлекетімізде үлгі тұтар отбасылар көп болса, тәуелсіз еліміздің іргетасы да берік болары анық.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp