«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРАСЫЛДЫҢ АСУЫ

Дәстүрлі әннің шебері Сәуле Жанпейісованың бастамасымен қолға алынған “Amanat music” байқауы еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты өрендерді анықтап, бағын ашуға көмегін тигізуде. Биыл Алматы қаласында өткен байқаудың республикалық кезеңінде өңіріміздің намысын қорғаған Ерасыл Алпысбай бас жүлдені иеленіп, мерейімізді өсірген еді. Жас өнерпаз бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласында наурыз айында өтетін халықаралық деңгейдегі байқауға дайындалуда. 

Есіл ауданындағы Мектеп ауылында туған Ерасыл қазіргі таңда Петропавл қаласындағы өнер колледжінде дәстүлі ән мамандығы бойынша білім алуда. Ерасылдың өнер жолын таңдауы тегін емес. Әкесі домбыраның құлағында ойнап, ән-жыр десе, ішер асын жерге қояды. Анасы екеуі қосылып ән салғанда, тыңдарманның құлақ құрышын қандыратыны бар. Ерасылдың өнер жолына түсіп, қазақтың киелі домбырасымен ән шырқауына ата-анасының ықпалы зор болғаны сөзсіз. Осылайша, әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған өнерді дамыту арқылы елге танылуды мақсат тұтады. 

Қазіргі таңда Ерасыл дәстүрлі ән сыныбында есімі өңірімізге белгілі әнші Жанат Айтбаевтан тәлім алып, өнердің қыр-сырын меңгеруде. Бағындырған белесі мен жетістігін ол тәлімгер еңбегінің жемісі деп біледі. “Amanat music”-те:
“Атандым Ғазиз ақын бала жастан, 
Ақын жоқ Қараөткелде менен
асқан.
Жүйрікті жорға мініп
  жетеледім,
Көңілім қалған емес қиғаш қастан”, – деп Ғазиз Файзоллаұлының әнін нақышына келтіріп орындаған өнерпаз көрерменнің көзайымына айналып, қазылар алқасының көңілінен шықты. Осыдан екі жыл бұрын Айыртау ауданында өткен облыстық сайыста да өнерімен көзге түсіп, Кәкімбек Салықов атындағы арнайы сыйлықты жеңіп алғанын да айтып өткен жөн. Талапты жас биылғы “Amanat music” байқауындағы жеңісінен кейін аймақтық Қасым оқуларында өнер көрсетіп, арнайы жүлдеге ие болды. Облысымыз үшін айтулы шаралардың бірі – ХIII ұлттық Дельфий ойындарында да өнерімен көпшіліктің жүрегін жаулады. 
Ерасылдың ендігі мақсаты – шығармашылығын әрі қарай шыңдай түсу. Дәстүрлі өнердің майталмандарын өзіне үлгі тұтатын ол колледжді тамамдағаннан кейін білімін консерваторияда жетілдірмек. 

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp