«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Елін сүйген нар тұлға еді”

Өңірімізде жыр алыбы Жамбылдың атымен аталатын ауданды атақты Қожаберген жырау, сөз зергерлері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов туғаннан болар, жергілікті жұртшылық “Ұлылар мекені” деп қастерлейді. Сондай киелі топы­рақта дүниеге келген ардақты азамат, көзі тірісінде 20-ға жуық кітап жазған рәмізтанушы Ербол Шаймерденовтің туғанына 12 мамыр күні 70 жыл толады. Қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайлы зайыбы Күләш Қайыржанқызымен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Күләш Қайыржанқызы, сіз ақын, жазушы-публицист, рәмізтанушы Ербол Шаймер­деновтей асыл азаматтың жа­рысыз. Мұндай абыройы зор атақты қалай арқалап жүрсіз?

– Ерболдай асыл азаматтың жары болғаныма мақтанамын. Өзім­ді бақытты адаммын деп ой­лаймын. Ербол екеуіміз Алматы­да таныстық. Ол С.М.Киров атын­дағы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журна­листика факультетінде, ал мен – Абай атындағы ҚазПи-де (қазіргі ҚазҰПУ) филология факульте­тін­де оқитынмын. Ерекең жастар ара­сында алғырлығымен, бі­лімділігімен, шешендігімен, ой­шылдығымен, турашылдығы­мен да­ра­ланып тұратын. Сөйлеген сөзі, айтқан әңгімесі тыңдаушы­ны қызықтырмай қоймайтын. Сту­­денттік кезінен-ақ, қоғамдық жұ­мысқа белсене қатысып, елдің назарында жүрді. Ақындығы мен шығармашылық таланты, кішіпейілділігі мен адам­гершілігі де адамды өзіне баурап тұра­тын.

Жалпы адамның жақсылығы шыққан жеріне, тегіне тікелей бай­­ланысты. Ербол – Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылы­ның ту­масы. Әкесі арабша хат таныған, қисса-дастандарды жатқа айтқан, ақкөңіл, балажан адам бо­лыпты. Қанды майданға барып, аман оралған соғыс ар­да­гері. Енем – Мәуия апа аққө­ңіл, мейірімді, еңбеққор жан еді. Өзі өлең айтуды жақсы көретін. Ерболдың нағашы жұрты өлең шығарған, та­лантты адамдар бол­ған. Өзінің аға, інілері де шетінен аса білімді, бі­лікті мамандар. Тұқымында физик, мате­матик көп. Ерекең де әуелі мате­матик болуды ар­мандап, Мәскеу университетіне оқуға жолдама алғаны бар. Бірақ мектеп біті­рердің алдында қазақтың белгілі жазушысы Мағ­зұм Тиесов та­лантты жастың өлеңдерін оқып: “Балам, сен жур­налист болуың ке­рек. Сондықтан Алматыға ба­рып, журналистика факультетіне оқуға түс”, – деп ай­тыпты. Осы­лайша ма­тематик емес журна­лист болды.

Университетті бітіре сала, ағаң үйленейік деп ұсыныс жаса­ды. Мен бірден келісе қойған жоқпын. Әкеме еңбегімнің жемі­сін көрсетейін деп, бірінші өз ауы­лы­ма барып, мектеп мұғалімі бо­лып жұмыс істедім. 1977 жылдың басында Қызыл­жарға келін бо­лып түстім. Ағаң ол кезде “Ленин туы” (қазіргі “Soltüs­tık Qazaq­stan”) газетінің тілшісі. Тойымыз­ға редакцияның бар ұжы­мы ор­тақтасты.

Жалпы газет редакциясының бізге көмегі көп тиді. Рәшит Бә­дірленов, Абай Қазиев, Серік Қа­сенов, Амандық Жанте­мі­ров сияқты ағаларымыз үнемі қол­дап, бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін аямаушы еді. Үй­ленген­нен кейін көп ұзамай ал­ғашқы пә­те­ріміздің кілтін де сол газет ре­дакциясы берді. Бір боса­ған үйге Ерекең “кіре берейін” де­генде: “Жуырда жаңа салған үй беріл­мек. Өмірің жаңа баста­лайын деп тұр ғой. Біреудің үйіне кір­мей-ақ қой. Күт. Көп қалған жоқ”, – деген Рәшит Бәдірленов аға­ның қамқорлығының арқасында су жаңа пәтерге кірдік. Сол үйде екі баламыз дүниеге келді, төрт жыл тұрдық.

– Ербол Шаймерденұлы­ның атқарған қызметі аз емес. Рәміз­тану саласының дамуы­на қосқан үлесі орасан. Көзі тірі кезінде еткен еңбегі бүгін-де қалай бағалануда?

Қазақ афоризмдері, рәмізта­ну туралы, ақындық шығармала­рын қамти­тын біраз кітаптары мемлекеттік тапсырыспен қайта­дан басылып шығарылды. Со­ның ішінде 2013-2014 жылдары шыққан 6 томдық шығармалар жи­нағын, 2019 жы­лы шыққан ішінде бұрын-соңды басылмаған өлеңдері бар “Са­ғым дәурен” атты өлеңдер жина­ғын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ жуырда рәмізтану саласындағы бағалы еңбегі “Елта­ным” кітабы­ның жаңартылған екінші басы­лы­мы жарық көрді.

2019 жылы өзі бітірген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жур­налистика факультетінде Ер­бол Шаймерденов атындағы ау­дито­рия ашылды. Содан бері жыл сайын университеттің ат­салысуы­мен “Е.Шаймерденов оқу­ла­ры” өткізіліп, соның ая­сында конкурс ұйымдастыры­лып, жеңімпаз болғандарға кіші­гірім шәкіртақы да тағайындалды.

Ерекеңнің 65 жылдығына орай Қызылжарда “Ербол Шай­мерденов – тұңғыш рәмізтану­шы” тақырыбымен өмірі мен шы­ғармашылығына арналған түрлі іс-шаралар өткізілді. М.Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақ­стан уни­верситетінде “Ақын жү­ректі қай­раткер” атты “дөңгелек үстел” ұйымдастырылды. Туған жері Жамбыл ауданындағы Жа­ңажол ауылында, аудан орталы­ғы Пресновкада да іс-шаралар өтті.

Жалпы жылда ел бойынша Ерекеңнің еңбектерін зерттеуге, зерделеуге арналған ғылыми кон­ференциялар да өткізіліп жүр. Ерекеңнің әр салада қал­дыр­ған ізі мен мұрасы ұшан-теңіз. Зерт­телмей жатқандары да бар. Соны келешек ұрпақ, қа­зіргі ғалымдар, талантты жастар әрі қарай терең зерттеп, наси­хат­тайды деп сенемін.

– Ербол Шаймерденовтің ау­дар­ма саласында атқарған еңбегі бір төбе. Қоғамда рәміз­тану ісін ғылым ретінде жеке-дара қалыптастырған да сол кісі. Сол жайында ке­ңірек ай­тып бересіз бе?

– Ербол ағаңның елге сіңірген еңбегі зор. Ол – тәуелсіздігіміз­дің нығаюына жан аямай тер төк­кен нар тұлғалардың бірі. Соның ішінде еліміздегі рәмізтану ілімі­нің негізін қалап кетуі, ұлы қазақ және әлем ойшылдарының на­қыл сөздерін зерттеп, тізбектеп, жинауы, ақындық шығармашы­лығы, публицистикасы – бір бө­лек. Оған қоса, Ф.Ницше, Л.Вовенарг, А.Камю, Х.Ортега-и-Гас­сет, К.Поппер, Ж.Деррида, М.Хай­деггер және т.б. әлем ойшылдарының шығармаларын қа­зақ тіліне аударғаны да бар. Ере­кеңнің ақындық шығармашы­лы­ғы тура­лы Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев, Мұза­фар Әлімбаев, Кәкімбек Салы­қов сияқты ұлтымыздың біртуар ақындарының жазғандары аса бағалы. Кемеңгер жазушымыз, бел­гілі қоғам қайраткері Әбіш Ке­кілбайұлы бір мақаласында ұлттық рәміздеріміздің қабылдану кезіндегі Ерболдың еңбегін бағалай келе: “…Бара қалсаң, неше қилы елтаңбалар мен мемлекет­тік тулардан көз тұнады. Сұрай қалсаң, қайсысының қай елдікі екені, кім деген суретші жасаған жоба екенін түп-тұқиянына дейін тәптіштеп айта жөнеледі. Ербол нағыз геральдика мен символиканы жатқызып өргізетін білгір маман болып алды”, – деп жазған.

– Көзін көргендер Ербол ағамыздың білгенімен бөлісу­ге құштар жан болғанын айта­ды. Жалпы ағамыз өз ортасы­нан қан­дай қасиетімен ерек­ше­леніп тұратын еді?

– Ерекең студент кезінен-ақ ойшылдығымен, шыншылды­ғымен, іске тиянақтылығымен, көшбасшылық қабілетімен, ақындық талантымен, адамгер­шілі­гімен дараланып тұратын. Дана Абайдың “Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап”, – деген сөзі өмір бойы ұстанған кредосы еді.

Уақыт өте келе қандай биік­терді бағындырса да, қазақтың небір біртуар зиялы азаматтарымен жолдас болса да, қарапайымдылығын, кішіпейілдігін жо­­ғалтқан емес. Қай ортаға бар­са да, ешкімді жатсынбай бауы­рына басты. Осы ретте Фариза Оңғар­сынованың Ербол жайлы тол­ғанып жазған мақаласында: “Әр ұлттың, әрбір халықтың мық­ты­лығы – оның бірлігінде, қандай қиындықта да жұмылған жұды­рықтай бір жеңнен қол шығарса, өміршең ұлттың тұтастығы деген – осы. Ербол ақынның:

“Ырғағы бар жанымда жыр-әніңнің,

Қылығы бар қанымда құланыңның.

Отан үшін от басса өкінбейтін,

Елін сүйген өр мінез ұланыңмын”, – деп тебіренуінде үлкен ой жатыр”, – деп жазып кеткені есіме түсіп отыр.

– Ербол Шаймерденов от­басында қандай адам болды?

– Ерекең мейірімді, кішіпейіл, аққөңіл, балажан кісі еді. Жұмыс­тан қанша шаршап келсе де, ба­лаларды ойнатудан, олармен әңгімелесуден қашқан емес. Бала десе шыбын жаны шырқы­рап ке­тетін. Барлық білген түй­генін со­ларға үйретіп, үлкен қам­қорлықпен, мейіріммен өсірді.

“Жан үзіп жайсаң пейіл, жарасымға,

Ақ тілек – алтын алқа тағасың ба,

Келеді өсіп менің үш құлыным,

Көзімнің ағы менен қарасындай”, –

деген ағаңның жүрек түбінен шық­қан өлең жолдары да бар. Ерекең үшін отбасынан маңыз­ды ештеңе жоқ еді.

Сенбі-жексенбі күндері жол­дастарымызбен жиналып тауға, та­биғат аясына жиі шығатынбыз. Саяхаттағанды ұнататын. Киелі жерлердің тарихын бәрімізге айтып беретін.

– Кез келген қаламгер шы­ғар­машылықпен айналысқан­да өзіне қолайлы жағдай жа­салға­нын қалап, тыныштықты талап етеді. Ербол ағамыздың бойында мұндай қасиет бол­ды ма?

– Әбіш Кекілбайұлы ағамыз Ерекеңді “қойын дәптері қолы­нан түспеген” ақын деп айтып кет­кен­дей, қалтасында үнемі блок­ноты мен қаламы жүретін. Ша­быттан­ғанда ойға оралған шу­мақтарды қойын дәптеріне түр­тіп алатын. Өз басым “Шығар­машы­лықпен айналысамын, мазаламаңдар” деген сөзін еш­қа­шан естімеппін. Дегенмен үйде өзінің арнайы жұ­мыс бөлме­сі болды. Барлық қаға­зы ұқыпты, өз орнында тұратын.

Кейде жұмыспен жүріп, шығар­машылығына толық көңіл бөле алмағанына уайымдап қа­латын. “Шіркін, мына қызметтен қол босаса, түбегейлі шығарма­шыл­ықпен айналысуға көшер едім. Ештеңеге алаңдамай, тек жазар едім” – деп айтушы еді.

– Айтулы тұлғаны есте қал­дыру мақсатында болашақта қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?

– Жоспарымыз көп. Ағаңның әлі басылып шықпаған дүниесі баршылық. Соларды шығарсақ, бұрын шыққан кітаптарын қайта басып, көпшілікке ұсынсақ деймін. Ере­кеңнің өмірбаянын кітап қылып жазуды қолға алу керек.

Болашақта Ербол Шаймер­де­нов атындағы қор ашып, сол арқылы дарынды жас журналистерге, ақын-жазушыларға, жас ға­лымдарға көмектесе алсақ жақсы болар еді. Соның аясында көркемсөз байқауларын, жыр мү­шайраларын өткізіп, рәмізтану ғылымының әрі қарай зерттелуіне септігін тигізсек деген ойым бар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылындағы бір көшеге Ербол Шаймерденовтің аты бе­рілді. Сондай-ақ, облыс орталығы Петропавл қаласындағы бір көшеге есімін беру туралы ұсы­ныстар айтылып жүр. Мүмкін бі­лім ордаларының біріне де ағаң­ның аты беріліп қалар деп үміт­тенеміз. Сол мәселені қозғап, әкімнің атына белгілі жазушылар Төлен Әбдіков, Қойшығара Салға­рин ағаларымыз бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері хат жолдаған еді. Алдағы уақытта бұл іс те оң шешімін табар деп сенемін.

– Әңгімеміздің ауанын өзі­ңіз­ге бұрсақ…

– Мен Павлодар облысының тумасымын. Туған жерім – Естай ауылы. Ол ауылдың да атының қойылуына ағаң себепші болды. Өйткені ұлы Естай ақынның жат­қан жері біздің ауыл еді, соны біл­ген Ербол 1986 жылы “Социа­листік Қазақстан” газетіне “Аты жоқ ауыл” деген атпен көлемді мақала жазды. Содан соң ауыл атақты Естай Беркімбаевтың аты­мен аталып кетті. Кейін ағаң көп ізде­ніп, жергілікті ақсақалдар­мен әңгімелесе келіп, Естай ақын­ға арнап “Әнғұмыр” атты ли­рика-философиялық поэмасын арна­ды. Көп жылдар бойы қазақ тілі­нен Алматыда өзім оқыған Абай атындағы ҚазҰПУ-да, ал Астана­ға көшкелі бері Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сабақ беріп келе­мін. Көптеген шәкірт тәрбие-ледім, мектептерге арналған қа­зақ тілінен бірнеше оқулық, әдіс­темелік кітаптар жазып, ғылыми мақалалар дайындадым. Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері­мін.

– Әке жолын қуып жүрген балаларыңыз бар ма?

– Шүкір, балаларымыз әкеле­рі­не ұқсаған. Үшеуі де білімді, зерек. Тұңғышымыз – саясаттану маманы, ортаншымымыз – экономист, ал кішіміз – халықара­лық қатынастар саласы маман­дығы бойынша оқыған. Әкелері­нің еңбегін мақтан етіп, насихат­тауға тырысады. Әсіресе кенже қызымыз Бахыт жуырда папасы­ның “Елтаным” атты кітабын, әлем­дегі және еліміздегі өзгеріс­терді ескере отырып, сәл толық­тырып, жаңартып шығарды. Кі­тап 3000 дана болып шығып, кі­тапханалар мен оқу орындарына таралып кет­ті. Болашақта еңбек­терін ағылшын, орыс тіліне ау­дарсам деп отыр.

Биыл біраз азаматтар хабар­ласып, жоспарларымен бөліскен еді. Бірақ елде болған табиғи апаттарға байланысты жоспар­лаған кейбір іс-шараларды кейін­ге шегеруді жөн көр­дік.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp