«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРГЕ ЕРСІ ҚЫЛЫҚ немесе нәзік жандарға жұдырық ала жүгіретіндерді қашан жүгендейміз?

28 жастағы айыртаулық Светлана Болатова үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бері Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Кәмелет жасына толмаған үш баласын алып, осында келуіне жұбайының ұрып-соғып, күн көрсетпеуі себеп болған. Нәзік жан жыл­дар бойы жақын адамынан қиянат көріп, азапқа үнсіз көніп келген. Отбасының қадірін қашырған орынсыз жанжалдардан шаршаған ана енді алдағы жарты жыл бойы аналар үйін паналауға мәжбүр.

Дағдарыс орталығының басшысы Ольга Орлованың айтуынша, Светлана сияқты тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің қатары жыл сайын арта түсуде. Мәселен, соңғы бес жылда әлімжеттік салдарынан қала маңындағы дағдарыс орталығына көмек сұрап келгендердің қатары 5 мыңға жеткен. Басым көпшілігі облыс орталығының тұрғындары. Көбіне олар физикалық және экономикалық зорлық-зомбылыққа тап болады. Сонымен қатар психологиялық және жыныстық сипаттағы әлімжеттіктер де жиі кездеседі.
Қазір орталықта ең жақын адамынан жәбір көрген, барар жер, басар тауы жоқ 18 әйел тұрып жатыр. Олар мұнда тиісті мамандардың көмегін ала алады. Яғни, психологтар, құқық қорғау органдары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері жәбірленушілерді күйзелістен шығару, жұмыспен қамту, оларға материалдық тұрғыда көмек беру мәселелерін шешуге жәрдемдеседі. Бүгінгі күнге дейін қайта даярлау курстарына қатысқан 2 мыңнан астам әйел шаштараз, есепші, тырнақ әрлеуші, тігінші болып қызмет етуде. Орталықта сәбилерге де барлық жағдай жасалған. Балғындарға білікті психологтар көмекке келеді.
Бірақ отбасына оралған қыз-келіншектердің арасында зорлық-зомбылық жағдайларына қайта тап болып жатқандары да аз емес көрінеді. “Соңғы жылдары елімізде отбасы мәселесіне мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлінуде. “Облыстық әйелдерді қорғау орталығы” қоғамдық бірлестігі көп көмек көрсетуде. Орталық бірнеше жылдан бері отбасы мүдделерін қорғау, ерлі-зайыптылардың елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне қатысуы үшін қажетті жағдайларды жасау мақсатында жұмыс істеп келеді. Алайда, жәбір көрген нәзік жандармен қатар оларға әлімжеттік жасап отырған ер-азаматтарға қатысты орталықтар құру қажет деп санаймыз”, – дейді Ольга Орлова. Оның айтуынша, елімізде екі сөзге келмей жұдырық ала жүгіретіндермен жұмыс істейтін арнайы заң жоқ. Әлемнің озық елдерінде тек жәбірленушімен ғана емес, сонымен қатар күш көрсетушімен де жұмыс жүргізу дәстүрге енген. Бүгінде әйелдерді қолдау орталығы осы істі қолға алуда. “Елімізде зорлық-зомбылыққа бейім тұратын ер-азаматтарға арналған оңалту бағдарламалары жоқ. Бұған қоса, заңнамамызда мұндай бұзушылықтар орын алған жағдайда отбасындағы қарым-қатынасты реттейтін арнайы тараулар қарастырылмаған. Біз қазір осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатын­да жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әйелдер ғана емес, ер-азаматтар да қоғам қолдауын сезінуі тиіс. Біз ең алдымен, олардың неліктен ұрып-соғуға бейім тұратынын анықтап, нақты әлеуметтік көмек беруге дағдылануымыз керек”, – дейді қоғам белсендісі.
Ең өкініштісі, отбасындағы жанжалдың кейбірі адам өлімімен аяқталып жатады. Отбасы мүшелерін ұрып-соғатындардың дені – жұмыссыз азаматтар. Өмірдегі сәтсіздігінен болған ашуын жақындарынан алып үйренген ер-азаматтардың дені “ащы суға” үйір болып келеді. “Дағдарыс орталықтары” одағының төрағасы Зүлфия Байсакова да тұрмыстағы зорлық-зомбылықты тоқтатудың ең бір ұтымды жолы жазаны күшейту деп отыр. Айтуынша, отбасында жанжал шығарған әкелерді түзеу мекемелеріне ұзағырақ уақытқа тоғытқан жөн. Темір тордың арғы жағында олардың ашу-ызасын басуға, ойлануға уақыты көбірек болады.
Қорлыққа төзбей өз-өзіне қол жұмсаған әйелдер, отбасындағы жанжалға төзбей, көше кезіп кеткен балалар аз емес. Мұндай отбасылардың балалары қиын жағдайларға төзімсіз келетіні де дәлелденген. Еліміздегі жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, отбасында зорлық-зомбылық белгілерін көріп өскен балалардың психологиялық зардап шегетіні анықталған. Ерлі-зайыптылардың арасындағы туындаған кикілжіңдердің салдарынан сәбилер ерте жасынан депрессияға ұшырап, бұл өз кезегінде олардың толыққанды азамат ретінде дамуына кері әсерін тигізеді. Көбіне ашуланшақ, тұйық болып келеді. Қысқасы, отбасындағы үнемі ұрыс-керіс балалардың жарқын болашағына балта шабуы әбден мүмкін.
Өткен жылы облыстық полиция департаментіне отбасында теперіш көрген 200-ден астам адам өтініш түсірген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жұдырық ала жөнелетін бөріктілерге қатысты әкімшілік жаза қолданылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған арнайы шаралар да бар. Олар жанжалдасқан ерлі-зайыптыларды татуластыру бағытында жүзеге асырылады. “Жаратылысынан жүрегі кең әйел заты төзімділігімен ерекшеленеді. Қандай қиыншылыққа тап болса да, қанша қысым, моральдық зардап шексе де, жұбайына кешіріммен қарайды, отбасының бірлігін ойлайды. Бұл қасиеті оның отбасындағы қорлық пен кемсітушілікті сыртқа шығаруға жол бермейді. Осыны пайдаланған кейбір пасық жандар отбасындағы теріс іс-әрекеттерін жалғастыра түсетін көрінеді. Ал жанжал шығарушыны жауапқа тарту үшін міндетті түрде полицияға арыз түсуі тиіс. Мәселен, бұл іспен айналысатын учаскелік полицейлер қай үйде жанжал шығаратын азаматтың тұратынын ғана емес, қай отбасы жылдар бойы психологиялық қысым мен теперіш көріп келе жатқанын да жақсы біледі. Бірақ арыз түспеген соң олардың тіршілігіне араласпайды.

 

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp