«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРДІҢ АНАСЫ— ЕЛДІҢ АНАСЫ

Жақында редакциямызға еңбек ардагері Оразғали Шәймерденов келді. Азаматты бір мәселе толғандыратыны жүзінен-ақ байқалып тұр. Бір кездегі атауы Көкшешапқан, кейін Комсомол атанған ауыл тұрғындарының өтінішін қалың қауымның құлағына жеткізбек екен. Келмеске кеткен кеңес өкіметінің соқыр саясаты кесірінен қағажу көрген, қазақ тілін дамыту үшін бір адамдай атсалысқан азамат ауыл шаруашылығы саласы мен мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек еткені көпке аян.

– Кезінде Абай атамыз “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым” деп жырлаған болатын. Халқының қайғы-қасіретіне күйініп, елдің ертеңін ойлап, уайым кешкен ұлы ақындай, сізді де бір ой мазалайтын сияқты ма, қалай?

– Дұрыс айтасыз, жүрек түкпірімдегі бір ой маза берер емес. Сондықтан елдің аманатын арқалап, газет оқырмандарымен бөлісу үшін арнайы редакцияға келдім. Мен – Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Комсомол ауылының тумасымын. Ауылдың бұрынғы атауы – Көкшешапқан. Үлкендердің айтуынша, «Ленин атындағы» ұжымшардың негізінде құрылған. Халықтың еселі еңбегінің арқасында ұжымшардың «Ленин» орденімен марапатталғанын біреу білсе, біреу білмес. Бейсен Шәріпов, Ғазиз Қаскеев, Ыбырай Рамазанов сияқты азаматтар ел басқарып, абыройлы еңбек етті. Кеңес өкіметі тұсында жетіжылдық мектеп, Мәдениет үйі, фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істеді. Сол тұста ауылда 120 үй болған екен. Содан бері бірталай жыл өтті емес пе? Тарихтың қиын кезеңімен сипатталатын тоқырау жылдары ауыл аңырап, құрдымға кетті. 1970 жылдардың соңында алтын бесік мүлдем жойылды. Өкінішке қарай, қазір аты да, заты да қалмады. Тек ата-бабамыз жерленген зират қана ауылдың өткенінен сыр шертіп тұрғандай.

– Тоқырау жылдарын айтпағанда, қазір де болашағы жоқ ауылдар аз емес. Жыл өткен сайын түтіні өшіп, іргесі сөгілген ауылдар саны көбейіп келеді. Қолдан келер қайран бар ма?

– Халқы үдере көшкен ауылды қайта қалпына келтіру қиын, тіпті, мүмкін емес. Жол жоқ, су тартылмаған жерге ит байласа да тұрмайды. Туған жерден жырақта жүрсек те Көкшешапқан ауылының тумалары ата-бабасының басына келіп, Құран оқиды. Біле білсек, бұл зиратта қазақтың ақмаңдай ұлы, ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың анасы – Гүлсім Әшірбекқызы жерленген. Биыл біз Мағжан бабамыздың тойын дүркіретіп өткіздік. Ақынның 125 жылдығына орай Сарытомарда өткен тойға ел-елден, жер-жерден жиналған көпшіліктің қарасы аз болмады. Алты алашқа сауын айтылған тойға Комсомол ауылының тумалары да қатысты. Біз ауқымды шарадан соң ақынның анасы мен ата-бабаларымыз жатқан зиратқа қарай бет алдық. Ел іргесіне келген соң аруақтарға Құран бағыштау – парыз. Бірақ зиратқа апаратын жолдың жағдайы біз ойлағандай болмады. Адам бойымен бірдей болып шөп өскен, батпақ жолдан әзер аяқ алып жүресің. Сондықтан бес шақырым зиратқа жаяу баруға тура келді. Гүлсім ананың бейітінің күтімсіз қалуы да өкінішті. Зираттың сыртындағы шөп қандай болса, іші де сондай. Ақынның тойын алдымен алтын ұл тапқан анаға тағзым етуден бастаған жөн болар еді. “Көп біріксе, ел болады” демекші, Құран оқуға келген адамдар жұдырық болып жұмылып, Гүлсім ананың бейітін шөптен тазартты. Сонымен қатар жолға ішінара жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ мұнымен мәселе шешіле қоймасы анық.

– Жергілікті билік бұл мәселеден хабардар ма?

– Әрине, аудан әкімі Асқар Бегмановтың атына ақсақалдар хат жолдап, Мағжан Жұмабаевтың немере інісі Тасболат Бекенов бастаған бұрынғы ауыл тұрғындары бұл мәселені көтерді. Біз жергілікті билікке зиратқа апаратын жолды қалыпқа келтіру туралы ұсынысымызды жеткіздік. Мәселе оң шешімін тапса, Гүлсім ананың бейітіне тағзым етушілердің қатары көбейер еді деп ойлаймын. Ол жерге адамдар ата-бабасының аруағына Құран бағыштауға ғана емес, құрбандық шалып, ас беру үшін де барады. Өйткені, ауыл құрып кеткен соң жұрты ғана қалды. Ендігі баратын жеріміз – осы зират қана. Біз зираттың жолы қалыпқа келтіріліп, оның маңында ас беретін арнайы орын қарастырылса екен дейміз. Тіпті, шағын үй тұрғызылса да артық емес. Өйткені, жыл сайын біздің өңірде Мағжан оқулары өтеді. Оған еліміздің әр аймағынан үміткерлер қатысады. Ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіріп, өскелең ұрпақты өнегелі істерге бағыттау – үлкен іс. Біз оларға моральдық және рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбие беруіміз керек. Жер-жерден келетін оқушыларды, ғалымдар мен ақындарды, тағы басқа азаматтарды Гүлсім ананың бейітіне апарса, нұр үстіне нұр болар еді. Келушілер аруаққа тағзым етсе, Құран оқыса. Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы тарихты қастерлеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үндейді. Сондықтан біздің арман-мақсатымыз жүзеге асса, бұл шынайы рухани жаңғыру болар еді. Тіпті, бұл жерді туристік орын ретінде пайдаланып, өңірге келушілердің қызығушылығын арттыруға болады.

– Сіздердің айтқан ұсыныстарыңыз орынды. Ақынның тойы анаға тағзым етуден басталуы тиіс еді. Қазір бұл мәселемен айналысып жатқан адам бар ма?

– Комсомол ауылы құрдымға кетті. Енді оның қайта түлемесі анық. Теңіз тамшыдан құралады дегендей, билік басында отырған азаматтар мен халық біріксе, шешілмейтін мәселе жоқ. Тым құрығанда, зиратқа апаратын жол қалыпқа келсе екен деп армандаймыз. Қазір күздік жиынтерім уақыты. Қарбалас шақта буынсыз жерге пышақ сұққандай болмайық, біздің мәселемізді аяқ астынан ешкім де шешіп бермейді. Бірақ жергілікті билік бұл өтінішті аяқсыз қалдырмайды деген үміттемін. Бір кездері №4 Булаево орта мектебінде қазақ сыныбын ашу мәселесі көтеріліп, көпшіліктің талқысына түскен еді. Құдайға шүкір, қазір ана тілінде өрендерге білім беретін мектеп қанатын кеңге жайды. Енді аталмыш оқу ордасына Мағжан Жұмабаевтың есімі берілсе, тіпті, абыройымыз аса түсері анық.

Сұхбаттасқан

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp