Мағжан Жұмабаев ауданындағы “ЖНВ” ЖШС-і және онымен еншілес “ЖНВ-СК”, “ЖНВ-Агро” ЖШС-лері мен “Қарақоға” шаруа қожалығы осы төңіректегі он шақты елді мекенді қамтиды. Олардың бәрінің құрылымдық түп қазығында өңірге танымал азамат Николай Жигалов тұрған болатын. Тағдырдың жазуымен осыдан екі жыл бұрын серіктестік басшысы дүниеден өтіп, барлық шаруашылық қам-қарекеті оның зайыбы Татьяна Геннадьевнаның мойнында қалды.
Төрт бірдей шаруашылыққа басшылық ету заты әйел адамға оңай болмаса керек. Заң жүзінде жеке кәсіпкерлік ісінің басында ұлы Максим Николаевич тұрғанымен, оның Ресей елінің көршілес ауданының азаматы болуы себепті шаруашылық ісін негізінен жергілікті жағдайға қанық Татьяна Геннадьевнаның өзі жүргізеді. Шындап келгенде, оның өз меншігіндегісі “Қарақоға” шаруа қожалығы ғана болғанымен, жұбайы құрған үлкен отбасы өндірісін шашау шығармай бір қолда ұстамасына да болмайды. Шаруашылық құрылымдарының барлығында 40 мың гектардан астам ауыл шаруашылығына жарамды жері болса, оның 29 мың гектарын жыртынды алқаптар алады. Сонымен бірге, бірер жылдан бері қыруар ірі қара мал табынын ұстап отыр.
Мал өсіруді және егіншілікті қатар ұстап отырғаны “ЖНВ” ЖШС-і болып табылады, оған Қарақоға және Лебяжье ауылдық округтерінің жер үлестерін жалға берген тұрғындары енеді. Ал “ЖНВ-СК” мен “ЖНВ-Агро” ЖШС-лері тек егіншілікпен ғана айналысады, олардың алғашқысы Успенка мен Рощино ауылдарын біріктіріп отырса, екіншісі Фурмановка, Пролетарка, Октябрь және Образец ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Өздерінің жер үлестерін түпкілікті пайдалануға бергендер Татьяна Геннадьевнаның жекеменшігіндегі “Қарақоға” шаруа қожалығына біріккен. Осындай құрылымдық ерекшеліктеріне қарамастан, олардың барлығы бір жағадан бас шығара ортақ іске жұмылған.
– Бірігіп жүргізген жұмыс қашанда жеңіл. Мақсатымыз – бізге өздерінің жер үлестерін сеніп тапсырған тұрғындарға мүмкіндігінше жұмыс тауып беріп, олардың тұрмыс жағдайларын жақсарту болып табылатындықтан, барынша сол талаптан шығуға тырысамыз. Шаруашылықтарымыз қамтитын елді мекендер аумағында 300-ден астам ауыл тұрғындары жұмыспен қамтамасыз етілген. Техникалық жарақтануымыз да жақсы, 40-тың үстінде астық комбайндарымыз бар, олардың көбісі жаңа, өткен жылы ғана “АКРОС” және “Полесье” маркалы төрт комбайн алдық. Сонымен бірге, 9 егіс кешені, жеткілікті трактор және автомобиль паркіміз жұмыс істейді. Өткен жылы жаңа астық кептіргіш орнаттық, сөйтіп олардың саны бүгінде үшеуге жетті. Бірақ соның өзінде былтырғы ылғалды астықты кептіріп үлгере алмай қиналдық. Биыл аманшылық болса, астықты өңдейтін және кептіретін шағын кешен тұрғызу ойымызда бар, оған жер алуға өтініш беріп қойдық. Өткен егіншілік жылдың бізге шығынды болғанын жасырмаймыз. Дәнді дақылдар өсіруді әртараптандыру мақсатында өсірген 2 мың гектар зығырымыз және 10 пайыздай астығымыз қар астында қалды, – дейді Татьяна Геннадьевна.
Осылай деген серіктестік басшысы сәлден соң мал шаруашылығына ойысты. Оның айтуынша, “ЖНВ” ЖШС-і алғашқы 200 бас әулиекөл тұқымды қазақтың ақбас қашарларын Николай Владимировичтің көзі тірісінде бұдан екі жыл бұрын сатып алған екен. Бүгінде басы 300-ден асатын бұл табын жаңадан салынған екі қорада бағылады, олардың жанында ашық бағым алаңы бар. Онда үш трактор және төрт бақташы кезектесіп жұмыс істейді. Солардың бірі малшы Ерлан Әлібековпен әңгімелесіп, жемазықтың жеткілікті, малдың жылы сумен суарылатынын білдік. Су құбырын серіктестік өз күшімен тартып алыпты.
Татьяна Геннадьевна өткен жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 140 миллион теңге кредит алып, Белоруссиядан 200 бас “лимузин” тұқымды қашарлар және 7 бас өндіргіш бұқалар әкелгендерін айтты. Жол шығынын қосқанда әр қашар орта есеппен 500 мың теңгеге түскен. Ол үшін бұрынғы мал фермасының екі қорасы қайта қалпына келтіріліп, ортасында ашық алаң жасалған. Тағы бір қораны биыл қалпына келтіру жоспарланып отыр. Ферма басында директордың мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары Александр Зибертке жолығып, әңгімеге тарттық. Лимузин қашарлардан әзірге 13 бұзау алынған екен, олар аналарымен бірге жеке қорада еркін бағылуда.
Қарақоға ауылының 1700 тұрғынымен іргесі сөгілмей бүтін отырғанына Татьяна Жигалова басқаратын шаруашылық құрылымдарының зор ықпалы бары анық. Өйткені, ол қолынан келгенінше тұрғындар үшін жағдай жасауға тырысуда. Шаруашылықтың өз диірмені мен наубайханасы бар. Аудандағы ең арзан нан осында. Төңіректегі он шақты ауылды нанмен қамтамасыз етеді. Серіктестік наубайханасы өткен жылы 110 тонна нан пісірді. Сондай-ақ, өткен жылы Лебяжье ауылында шұжық және түшпара шығаратын цех ашты. Онда 9 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды.
Татьяна Геннадьевна бас болып жүрген мұндай іргелі істер жетерлік. Шаруашылықтар аумағындағы елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық маңыздағы нысандарына үнемі қамқорлық жасайды. Оның қандай дәрежеде атқарылып отырғанын Қарақоға орта мектебі мен “Салтанат” балабақшасының қазіргі жан сүйсінерліктей кескін-келбетінен, ауылдағы ата-аналардың оған ризашылық көңілінен аңғаруға болады.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.