«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЕЖЕ БӘРІНЕ БІРДЕЙ

Соңғы жылдары елімізде электрлі самокатқа қызығушылық танытушылардың саны артуда. Бірақ бұл көлікке отырғандардың бәрі бірдей жолда жүру ережелерін біле бермейді. Салдарынан апаттар орын алуда. Сондықтан тәртіп сақшылары самокат мінгендер арасында түсіндіру жұмыстарын жандандырды.

Электрлі самокат – ауаны ластап, қорша­ған ортаға зиян келтірмейтін жол жүру құралы. Экологиялық таза көлік тасжолдарға да нұқсан тигізбейді. Өйткені, оның салмағы жеңіл. Тағы бір артықшылығы – қалтаңызды да қақ­пайды. Электр қуатымен жүретін оған жанармай құйып әуре болмайсыз. Үшіншіден, жиі бұзылып та мазаңызды алмайды. Тіпті, автотұраққа қоймай-ақ, көтеріп үйіңізге кіргізсеңіз де болады. Осындай бірқатар артықшылығы бар бұл көлік түрінің қатысуымен болатын жол апаты да күрт көбеюде. Мәселен, жуырда Алматыда самокат тізгіндеген ер адам таксиден шығып бара жатқан қызды соғып кеткен болатын. Дене жарақаттарын алған 19 жастағы бойжеткен ауруханаға жеткізілді. Бұдан соң тағы бір электрлі самокат иесі автобусқа жол бермей, кедергі жасаған. Ол аздай, қоғамдық көлік жүргізушісін соққыға жықты. Ақырында оқиға орнынан қашпақ болған жігітті көлік қағып кеткен еді. Осылайша, бұл екі жағдайда да электрлі самокатты басқарғандар кінәлі деп танылды. Жолда жүру ережесін білмеген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды.

Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары электрлі самокатпен жүргенде жеке бас қауіпсіздігіне немқұрайды қарамауға шақыруда.
– Автокөліктер, мотоциклдер мен скутерлер – жол қозғалысының тұрақты қатысушылары. Алайда, соңғы кезде жолда электрлі самокаттарды да жиі көретін болдық. Қауіпсіз көрінгенімен, полицейлер самокат тізгіндегендер мен оларды сатушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Біздің мақсатымыз – жолкөлік оқиғаларының және жанжал туғызатын жағдайлардың алдын алу. Өздігінен жүретін электрлі самокат “мопед” көлік құралының санатына жатады. “Мопед” – жылдамдығы сағатына елу километрге дейін жететін электрлі қозғалтқышпен жабдықталған екі немесе үш доңғалақты көлік құралы. Мұндай көлікті басқаратын адамдар жүргізуші болып саналады. Сондықтан олар жолда жүру ережелерін білуі және сақтауы тиіс, – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Маманның айтуынша, мопед пен велосипедті басқару 16 жастан асқандарға ғана рұқсат етілген. Электрлі самокат тізгіндегендерге де осындай талап қойылады. Алайда, жүргізуші куәлігін алудың қажеті жоқ. Мопедтер велосипед жолағымен, мұндай мүмкіндік болмаса, жолдың оң жағымен жүруі тиіс. Сонымен қатар электрлі самокат жүргізушілеріне жолаушы немесе ұзындығы мен ені елу сантиметрден асатын жүкті тасымалдауға тыйым салынады. Ал күн батқанда самокаттың жарығын қосу керек.
Петропавл қаласында арнайы жолақтардың аз болуына және жолдың тарлығына байланысты электрлі самокат тізгіндегендер көбінесе жаяу жүргіншілер жолымен қозғалуға мәжбүр. Нәтижесінде тұрғындарға кедергі келтіріліп, заң бұзушылықтар орын алуда. Сондай оқыс оқиғаға тап болғандардың бірі – Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының тұрғыны Әлібек Айтжанов.
– Облыс орталығында электрлі самокат мінген жастарды жиі кезіктіремін. Дыбысы шықпайтын көліктің артыңнан келе жатқанын байқамай да қаласың. Осыдан бір ай бұрын кешке жұмыстан шығып, үйге қайтып бара жатқанда алдымнан сондай “шумахер” шыға келді. Бір жерге асыққан болуы керек, жолын кес-кестей беріп едім, арамызда кикілжің орын алды. Сол кезде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін білмей дал болдық. Әлгі жігіт “тұлпарына” мінді де, тайып тұрды, – деді Әлібек Айтжанов.
Тәртіп сақшылары атап өткендей, бұдан былай жаяу жүргіншілер жолында электрлі самокатпен жүрген азаматтар жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 615-бабы 1-тармағына сәйкес жолда жүру ережелерін бұзған жол қозғалысы қатысушыларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал егер адамның денсаулығына зақым келтірсе, 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
Жастарға қолжетімді әрі шығыны аз электрлі самокат тізгіндеу жарасымды-ақ. Алайда, оқыс оқиғалар орын алмауы үшін олар жолда жүру ережелерін қатаң сақтаса екен дейсің.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp