«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЕЖЕ ЖОБАСЫ КӨҢІЛДЕН ШЫҚПАДЫ

Облыстық Кәсіпкерлер палатасында жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу ережесінің жобасы талқыланды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жасаған бұл жоба өңірдің бизнес қауымдастықтары тарапынан тағы да көңіл толмастық туғызды.

Жуырда Кәсіпкерлер палатасында коммуналдық қызмет көрсететін монополист кәсіпорындардың қызмет мәселелері жөнінде сараптамалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Ондағы басты талқыланған тақырып бүтіндей барлық өңір үшін де және сол сияқты әрбір жеке кәсіпкерлік субъектісі үшін де маңызды нормативтік құжат болды.

Жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу ережесінің жобасы тұтынушылардың (бизнес субъектілерінің) қызығушылығын тудырып отырғаны тегін емес.

– Ереже тұрғын үй қоры нысандарын, әлеуметтік саланың мекемелерін және заңды, жеке тұлғалардың басқа да нысандарын жылу беру маусымындағы жұмысқа уақтылы дайындау үшін қажет. Мұндай нормативтік-құқықтық құжат іс жүзінде қонысжайлар мен ғимараттардың әрбір меншік иесіне қатысты, – деді отырысты ашқан сараптамалық кеңестің төрағасы Александр Казанцев. Сол сияқты, ол аталмыш ереженің алдымен сараптамадан және барлық қажетті буындардан, соның ішінде кәсіпкерлер палатасынан да келісімнен өтіп, содан кейін ғана облыстық мәслихаттың сессиясында бекітілуі тиісті екенін айтты.

Александр Казанцевтің пікірінше, ереже облыстың барлық субъектілері үшін орындалуы міндетті нормативтік-құқықтық акт болып табылады. Олай болса, басқарма жасаған ереже жобасында “ұсынамыз” сөзінің жиі қолданылуы, әрине, өте орынсыз. Ережеде мұндай солқылдақтық болуы мүмкін емес, өйткені ол шынымен ереже болатын болса, ол ұсынылмайды, тек қана орындауды талап етеді.

Сонымен бірге, сараптамалық кеңес мүшелерінің тағы бір көңілі толмаған жай, ұсынылған жобада қызмет көрсетушілердікі сияқты, тұтынушылардың да негізгі міндеттері мен құқықтары туралы бір ауыз сөз жоқ. Кеңеске қатысушылардың пікірінше, нормативтік-құқықтық актіде жылу беру маусымына сенімді енуді қамтамасыз ету үшін қызмет көрсетушінің не істеуі тиістілігі, сол сияқты тұтынушының да өз нысанын қалай және қандай мерзімде дайындауы керектігі, оны құжаттаудың мерзімі мен тәртібі, қажетті құжаттар тізімі анық жазылуы тиісті. Сараптамалық кеңестің мүшелері сол сияқты мұндай ережелерде жергілікті атқарушы органдардың міндеттерінің де айқын көрініс табуын атап көрсетті.

– “Мемлекеттік басқару туралы” Заңның 31-бабына сәйкес атқарушы органға, яғни әкімдікке бекітілген аумақтағы құрылыс, қайта құру және инженерлік желілерді пайдалану жұмыстары үшін толық жауапкершілік жүктеледі. Желілерді пайдалану үшін жауапкершілік жүгін көтеру деген не? Оны былайша түсіну керек: атқарушы орган жылу беру маусымына дайындық және оны жүргізу мәселелерін бақылауда ұстауы тиіс, қажет болған жағдайда ережеде айтылған нормалардан ауытқығандары үшін толық жауапкершілік тартады. Алайда, бұл ережеде мұның бірі де жоқ, – деді Александр Казанцев.

Сараптамалық кеңес төрағасының пікірімен облыстық табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу жөніндегі департамент пен монополияға қарсы инспекция өкілдері, сол сияқты кеңеске қатысқан кәсіпкерлер де келісті. Ендеше ереже жобасын таяу уақытта жетілдіру және нақтылау қажет.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp