«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЕЖЕ ҚАТАҢДАТЫЛДЫ

Петропавл қаласында жарияланған карантин полицейлердің жұмысын күшейте түсті. Бастапқыда блокбекеттер саны алтау еді, қазір олардың саны 5-ке дейін қысқартылды. Якорь және Петерфельд ауылдарына апаратын жолдағы бекеттер Мамлют жолындағы бұрынғы «Батыс» бақылау қосынына көшіріліп, яғни қалаға қарай жақындатылды. Березовка ауылындағы бекет Солнечный кентіндегі жолаушылар автобусының соңғы аялдамасына, Пеньково ауылындағы бекет Омбы айналма жолына көшірілді.

Каратин жарияланғаннан бері қалаға кіргізілмегендердің көбі – сауда жасауға және басқа да жұмыстарымен облыс орталығына келген аудан тұрғындары. Олардың арасында облыс орталығында жұмыс істейтіндер де бар, бірақ жұмыс орны қала тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың тізіміне енгізілмеген.
Сондай-ақ, облыс аудандарында 25 карантиндік бекет жұмыс істеуде. Барлық аудан орталықтарының және республиканың басқа облыстарының шекарасы жабық. Коронавирус инфекциясының ошағы анықталған Келлеровка ауылы түгел жабылды. Барлық бекеттер карантин режімінде жұмыс істеуде.
Өңірдегі жағдай өзгеріп жатса, полицейлер қосымша бекеттер ашуға дайын. Тәртіп сақшылары ресми ақпарат көздерінің жаңалықтарынан хабардар болуды, олардың ұсыныстарын қатаң сақтауды ескертеді. Адамдардың жүріп-тұруын шектеу – коронавирустың жолын кесуге бағытталған бірден-бір шара. Сондықтан полиция қызметкерлері солтүстікқазақстандықтарды жүріп-тұруды барынша шектеуге шақырады. Дүкенде не дәріханада кем дегенде 2 метр арақашықты сақтау, сондай-ақ қоғамдық орындарда үш адамнан артық болмауы керек. Бұл талаптар облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілген.
Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин төтенше жағдайға байланысты енгізілген шектеу шараларын бұзғандарға қатысты әкімшілік жаза қолданылатынын ескертеді. “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекстің 476-бабы, яғни «Төтенше жағдай режімін бұзу» бойынша ескерту, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың ересектерсіз жүруіне тыйым салынады. 65 жастан асқан адамдар үйде оқшауланғандары жөн. Тұрғындарды ақпараттандыру үшін полиция қызметкерлері мобильдік жылжымалы хабарлау құралдарын пайдалануда. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp