Елдің өркениеттілік деңгейі ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға, әсіресе балаларға деген көзқарасымен де өлшенеді. Олардың денсаулығын сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамға бейімделуіне жағдай жасау – тек ата-аналардың ғана емес, мемлекет пен бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Жуырда Астанадағы лифтіде орын алған қайғылы оқиға ерекше балалар мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Ақыл-есінде ауытқушылығы бар жасөспірімнің 5 жасар баланы пышақтауы қоғамда үлкен резонанс тудырып, ерекше балаларға деген көзқарасты өзгертіп жіберді. Көптеген ата-аналар инклюзивті білім беруге күмәнмен қарап, сау балалардың ерекше балалармен бірге оқуына алаңдай бастады. Оларды оқшаулау керек дейтіндер де бар. Өңірімізде де ерекше балалардың білім алуы, медициналық көмек көрсету және әлеуметтік бейімделуі әлі де өзекті.
Кез келген ата-ана үшін баласының қауіпсіздігі маңызды. Қоғам дені сау балаларды қорғауға, дамытуға барлық жағдайды жасағанымен, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін бұл жүйе қаншалықты тиімді? Арнайы мектептер, түзету кабинеттері, инклюзивті сыныптар ашылғанымен, олардың қауіпсіздігі мен қоғамға бейімделуі күрделі мәселе болып қала бермек. Көптеген ерекше балалар өзін-өзі қорғай алмайды, кейде өз әрекеттерін толық бақылай алмауы мүмкін. Бұл – олардың айыбы емес, тек даму ерекшеліктерінің салдары. Алайда Астанада орын алған жағдайдан кейін қоғамдық пікір күрт өзгерді. Бір тарап ерекше балалардың инклюзивті ортада оқығанын қаламайтындарын ашық айтса, енді бірі оларды арнайы мекемелерде оқыту қажет деген пікірде. Себебі ерекше балаларды оқшаулау оларды одан әрі шеттетсе, бақылаусыз қалдыру да қауіпті.
Өкінішке қарай, өңірімізде жыл санап ерекше педагогикалық тәсілді қажет ететін балалардың саны артып келеді. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, ерекше қажеттіліктері бар балалардың саны 2000-ға жуық екен. Психикалық-физикалық даму ерекшеліктеріне байланысты олар қарапайым құрбыларымен тең дәрежеде мектеп бағдарламасын меңгере алмайды. Мұндай балалар соңғы уақытқа дейін арнайы түзету мектептері мен мектеп-интернаттарында тәрбиеленіп, оқытылып келген. Инклюзивті білім беруді енгізу, яғни ерекше балаларды қоғамға кіріктіруге, дені сау құрбыларымен бірге оқуға және қоғамның толыққанды мүшесі болуға көмектесу бойынша реформалар жүргізіле бастағалы олар әдеттегі мектептерге барып білім алып жатыр. Себебі елімізде ерекше қажеттіліктері бар балалар өз құрбы-құрдастарымен тең деңгейде білім алуға құқылы.
Мамандардың айтуынша, әр балаға қоғамға пайда келтіруге және оның толыққанды мүшесі болуына мүмкіндік беру – инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты. Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар балаларға арналған бірнеше оқыту формасы қарастырылған. Инклюзивті білім беру жағдайында бала жалпы білім беретін мектепте өз қатарластарымен бірге оқиды. Қажет болған жағдайда бейімделген, психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі, педагог-ассистенттің сүйемелдеуі сынды жағдайлар жасалады. Осы мақсатта соңғы жылдары барлық орта білім беру мекемелерінде психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі құрылған.
Бұл бағытта облыстағы «№2 Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» маңызды рөл атқарады. 2016 жылы мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында ашылған бұл мекеме дамуында ерекшеліктері бар балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетеді. Жыл сайын түрлі бұзылыстары бар 150- 200 бала білікті мамандардың көмегін алады, қазіргі уақытта кабинетке тұрақты түрде 58 бала келеді.
Түзету кабинетінің басшысы Рита Галиеваның айтуынша, мамандар әр баланың дағдылары мен қабілеттерін терең зерттеп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Функционалдық мүмкіндіктердің халықаралық жіктемесі» (ФМХЖ) құжатына сүйене отырып, жеке дамыту бағдарламасын жасайды. Бұл үдерісте логопедиялық тренажер «Дэльфа», мультимедиялық білім беру кешені «EduQuest», жүйелік дидактикалық материал «Numicon», нейроортопедиялық комбинезон «Фаэтон», Монтессори әдістемесі, құм терапиясы сияқты инновациялық тәсілдер қолданылады.
– Біздің орталықта балалармен арнайы педагогтар, логопедтер, психологтар, әлеуметтік педагогтар және бейімделген дене шынықтыру мұғалімдері жұмыс істейді. Сабақтар жеке және шағын топтарда өткізіледі, әр баланың ерекшеліктеріне қарай түзету-дамыту бағдарламасы әзірленеді. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті сөйлеу қабілеті бұзылған, интеллектуалды дамуында ерекшеліктері бар, қарым-қатынаста қиындық көретін, тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе психикалық дамуы тежелген балаларға көмектеседі, – дейді мекеме директоры Рита Галиева.
Ерекше балаларға арналған қолдау шаралары мектептерде де қарастырылған. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Валентина Черныхтың айтуынша, өңір мектептерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша қолдау шаралары қолжетімді.
– Бір сыныпта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны үштен аспауы тиіс деген талап бар. Жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті білім беру жағдайында 150-ден астам арнайы педагог (дефектологтар, логопедтер) және 200-ден астам педагог-ассистент жұмыс істейді. 2029 жылға дейін қосымша 10 инклюзияны қолдау кабинетін ашу жоспарланған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жеке оқу жоспарлары әзірленеді, әсіресе 5-9 сыныптарда интеллектуалдық бұзылыстары бар балаларға арналған жеке оқу бағдарламалары қарастырылған, – дейді маман Валентина Черных.
Сонымен қатар маманның айтуынша, өңірдегі 5000-нан астам мұғалім инклюзивті білім беру бойынша арнайы курстардан өткен, ал жалпы білім беретін мектептердің 94,5 пайызында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған.
Облыста ерекше балаларды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар болғанымен, олар барлық қажеттіліктерді толық қамтымайды. Қазіргі таңда бұл балалар үшін мамандардың жетіспеуі өзекті мәселе, олардың қауіпсіздігі де алаңдатып отыр. Кейбір ерекше балалар өз әрекеттерін толық бақылай алмайды, сондықтан олар үшін арнайы сүйемелдеу жүйесі қажет. Қолдау тетіктерінің әлсіздігі олардың қоғамға бейімделуін қиындатып қана қоймай, айналасындағылардың қауіпсіздігіне де әсер етері сөзсіз. Ерекше балалардың жалғыз жүруі олардың өздері үшін де, айналадағы адамдар үшін де қауіпті болуы мүмкін. Олар жол қозғалысы ережелерін түсінбеуі, қауіпті жағдайларды бағалай алмауы немесе стресс кезінде күтпеген әрекеттер жасауы ықтимал. Педагог-дефектолог Айжан Сейітованың пікірінше, ерекше балалар қоршаған ортаға бейімделуде қиындық көреді, сондықтан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін міндетті сүйемелдеу жүйесін күшейту қажет.
Қоғамда дамуы тежелген балаларын инклюзивті орталықтарға бергісі келетін ата-аналар өте көп. Алайда арнайы орталықтардан орын таба алмай жүр. Жекеменшік ұйымдарда балалармен жеке жұмыс істейтін мамандар болғандықтан нәтиже бар. Алайда орын тапшылығы мен қызмет ақысының қымбаттығы тығырыққа тіреп отыр. Мемлекет мүгедектігі бар балаға және оның асыраушысына жәрдемақы төлегенімен, бұл қаражат көбіне ем-дом шығындарынан артылмайды.
– Ұлым жалпы білім беретін мектепте 9-сыныпта оқиды. Соңғы болған жайттардан кейін сыныптастарының балама деген көзқарасы өзгерді. Ата-аналары да сақтықпен қарайтын болды. Мен оларды түсінемін, қорқыныштары да орынды шығар. Бірақ мен баламның ел қатарлы білім алып, қоғамға бейімделгенін қалаймын. Арнайы мектепке бергім келмейді, себебі кез келген бала ортасына қарай түзеледі, дамуға ұмтылады. Бірақ біз үшін негізгі қиындық – ерекше балаларға арналған түзету кабинеттеріне жолдама алу. Жыл сайын тексеруден өтіп, мамандардың көмегіне жүгінуіміз керек, бірақ кезекке тұрып, үш ай бойы күтуге мәжбүр боламыз, – дейді қала тұрғыны Айгүл Молдабаева.
Қаладағы жекеменшік «Качели» психологиялық-педагогикалық түзету орталығында ерекше қажеттіліктері бар және дені сау балалар бірге білім алады. Мұндай жүйе олардың өзара қарым-қатынасын нығайтып, қоғамға тез бейімделуіне ықпал етеді.
– Біз балаларды 18 айынан бастап қабылдаймыз. Алғашқыда олар жеке оқытылады, кейін жалпы балабақшаларға бейімделеді. Мамандарымыз әр баланың әлеуетін ашуға бар күшін салады, – дейді орталық дефектологы Әсем Байғұжынова.
Алайда инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері де жетерлік. Орталық мамандары қазақ тіліндегі оқу құралдарының тапшылығын ерекше атап өтті. Орыс тілінде 100-ге жуық жұмыс дәптері болса, қазақ тілінде тек біреу ғана бар. Бұл жағдай көптеген ата-ананы балаларын орыс тілінде оқытуға мәжбүрлеуде. Сонымен қатар еліміздегі инклюзивті білім беру жүйесі негізінен 15-16 жасқа дейінгі балаларға бағытталған, ал жасөспірімдер үшін арнайы бағдарламалар қарастырылмаған.
Иә, мемлекет инклюзивті білім беруді дамытуда. 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы заңға қол қойды, ал 2022 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрінің №4 бұйрығы қабылданды. Бұл құжат ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау жүйесін реттейді. Сонымен қатар Қазақстанда инклюзия бойынша алғашқы бүкіләлемдік конгрестің өткізілуі жоспарланып отыр. Бұл шараға үкімет өкілдері, педагогтар, сарапшылар мен технологиялық компаниялар қатысып, үздік тәжірибелермен бөліспек. Сондай-ақ алдағы уақытта өңірде жаңа оңалту орталығы да ашылмақ. Мамандардың айтуынша, жаңа мекеме ерекше балалардың әлеуметтік бейімделуін жақсартып, ата-аналар үшін қолжетімді түзету қызметтерінің санын арттырады. Бұл өңірдегі ерекше балаларға көрсетілетін көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Дегенмен, жасалып жатқан шараларға қарамастан, бір ғана оқиға жылдар бойы қордаланған мәселелердің осал тұстарын ашып берді. Бірақ мәселенің шешімі – ерекше балаларды оқшаулау емес, олардың қауіпсіз бейімделуін қамтамасыз ету. Бұл үшін бәріміз болып күш біріктіруіміз қажет. Себебі ерекше балалар да – осы қоғамның толыққанды мүшелері, демек, олардың дамуы мен қауіпсіздігі үшін барлығымыз жауаптымыз.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».