«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЕКШЕ БАЛАҒА – ЕРЕКШЕ ТӘСІЛ

“Болашақ” бөбекжай-балабақшасындағы бес топтың үшеуі балалардың тілдік кемістігін түзетуге арналған. Онда 4 пен 7 жас аралығындағы 48 бала тәрбиеленіп, білім алуда. Мекеме жұмыс істей бастағалы арнайы топтан 113 бүлдіршін жалпы білім беретін мектептерге жолдама алды. Олардың мектептер мен гимназияларда өзге балалармен бірдей оқып жүргені бізді қуантады.

“Қар қылаумен өседі, бала сылаумен өседі”, – дегендей, бөбекжай-балабақшасындағы төрт логопед өз жұмыстарын баланың психо-физикалық жағдайын ескере отырып құрады. Күн сайын жаппай, топтық жұмыс түрлерімен қатар типтік бағдарламаға сай аптасына кемінде үш рет жеке сабақтар өткізіледі. Онда балалар қаратпа сөздерді түсінуге, дыбысқа еліктеуге, жеке сөздер мен сөйлемдерді айтуға машықтанады. Сонымен қатар, назар аудару, есте сақтау, ойлау сияқты жоғары психикалық қызметтері дамытылады. Мамандар өз сабақтарында биэнергопластика, құм, ертегі, кинезио, литто, суджок терапияларын, сенсорлық бөлмеде релаксациялық жаттығулар жасау сияқты дәстүрлі емес жұмыс түрлерін пайдаланады.  

Жоғары санатты логопед, дефектолог мұғалім Елена Вилкова өзінің тәжірибесінде баланың жанасу түйсіктері арқылы сезінуі, сөздік қорын белсенділендіруі, эмоционалдық жағдайын қалыптандыруы, дене бағдарлауын қалыптастыруы әдістемесін қолданады.

Мамандар Т. Овчинникованың “Логопедтік әндету” әдістемесін көп пайдаланады. Ондағы жаттығу сабақтарын үзбей жүргізу нәтижесінде балалардың сөйлеу кезінде дұрыс дем алуы, екпін түсіруі, өз дауысын бақылау дағдысы қалыптасады. Дыбысты қабылдауы түзеліп, жанасу-тербеліс сезімдері күшейеді.

“Білгенін бүккен данадан, білгенін айтқан бала артық”, – демей ме дана халқымыз. Біздің педагогтер өздерінің жиған-тергендерін әріптестерімен бөлісу үшін әдістемелік құралдар дайындайды. Мәселен, логопед-педагог ретінде Елена Вилкова екеуіміз бірлесіп шығарған “Кіші моториканың үлкен мүмкіндіктері” атты әдістемелік құралда балабақша жағдайында кіші моториканы дамыту бойынша сабақ өткізу үшін жүйелендірілген және жалпылама теориялық мәліметтер берілген. Бұл құрал ата-ана мен балалардың бірлескен жұмыстарында да пайдалануға тиімді. Онда артикуляциялық жаттығулар, өз-өзіне массаж жасау әдістемелері, тағы басқалар егжей-тегжейлі түсіндірілген. Түзету жұмыстарының басқа түрлерімен кешенді түрде жүргізілген біздің әдістеме тілді, жоғары психикалық үдерістерді, кинестетикалық сезінуді, тағы басқаларын дамытуға ықпал ететініне тәжірибе жүзінде көз жеткіздік.

Біздің негізгі мақсатымыз – балғындардың тіл кемістігін жою, мектепте оқу кезінде туындайтын қиындықтардың алдын алу, танымдық үдерістерін жетілдіру. Логопедтік топтардағы балалар басқалармен бірге балабақшалар педагогтері үшін өткізілетін семинарларға, қаланың өміріне белсене араласады. Суреттер конкурстарына, би байқауларына, спорттық сайыстарға қатысады.

“Болашақ” бөбекжай-балабақшасы педагогтерінің алдындағы міндет – тіл кемістігі бар балаларды осызаманғы жағдайларға бейімдеу. Оған балабақшадағы осы санаттағы балғындарды сау балалар ортасында тең жағдайда тәрбиелеу арқылы қол жеткіземіз. Балалардың тіл кемістігін ерте жастан анықтап, жүйелі жұмыс жүргізу нәтижесінде 3-4 жылдың ішінде бұл мәселені оңынан шешуге және бүлдіршінді мектепке даярлап шығаруға болады.

Елена АВДЕЕВА,

“Болашақ” бөбекжай-балабақшасының

логопед-педагогі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp