
Облысымызда шыны шөлмектен тағы бір жылыжай салынуда. Өңірдегі ерекше нысан шалғайдағы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданың Нежинка ауылында бой көтеруде.
Жылыжай “Нежинка-Ерке” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұрат Жұмабековтың бастамасымен тұрғызылуда. Шаруашылық жетекшісі ғимараттың жобасын ғаламтордан алып, жергілікті жердің климатына ыңғайластырған. Жыл соңында пайдалануға берілетін нысанның құрылысына қажетті шыны шөлмектің 100 мыңға жуыға жиналған.
Жергілікті кәсіпкердің тың идеясы туралы алғаш естігендер бұл бастамаға күмәнмен қарауы мүмкін. Бірақ осыдан он бір жыл бұрын дәл осындай жылыжайдың салынғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ол кезде құрылыс материалдарының орнына 160 мыңға жуық шыны шөлмек жұмсалған еді. Ұзындығы 25 метр, ені 16 метр болатын жылыжайдың меңгерушісі Татьяна Савенкованың айтуынша, бүгінде мұнда көкөніс пен гүлдің жиырмаға тарта түрі өседі. Шатыры поликарбонатпен қапталып, жылы болуы мұқият ескерілген. Орташа жылылық 20-25 градус болса, жаз мезгілінде 40 градусқа дейін жетеді.