«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЕН ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН

Өңірімізде жемісті еңбек етіп, өз тұтынушыларынан жоғары баға алып отырған компаниялардың бірі ғана емес, бірегейі – облыс орталығында орналасқан “Радуга” ЖШС-і. 1993 жылы әкесі Анатолий Михайловичпен бірге құрған кәсіпорынды бұл күндері Дмитрий Шарапаев басқарады.

Серіктестіктің негізгі өндірістік базасы Явленка тасжолы көшесінде, теміржол көпіріне дейінгі оң қапталдағы көпқабатты ғимаратта орналасқан. Онда көтерме сауда орталығы, 2, 5 және 10 килограмдық орамаларда “Император”, “Добрая” атауларымен жоғары және 1-ші сұрыпты ұнды, балаларға арналған әртүрлі салмақта жүгері таяқшаларын, дәмді попкорн шығаратын цехтар жұмыс істейді.

Компания осыдан 12 жыл бұрын Бескөл ауылындағы “Сельхозэнерго” кәсіпорнының қаңырап бос қалған кең аумағын сатып алып, оны мемлекеттің қолдауымен екінші деңгейлі банктерден берілген кредит арқылы біртіндеп іске қосты.

Ең бірінші болып 50,100,150 және 200 грамдық салмақта жылтыр орамада “Добрая” атауымен қуырылған шекілдеуік шығаратын цех жабдықталды, кейін кәсіпорынның екіқабатты ескі ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Онда кеңсе, шағын мәжіліс залы, 30 орындық асхана, серіктестіктің “Радужная” ақпараттық газетінің редакциясы, жанға жайлы 4 шағын қонақүй орналасқан.

Таттанбайтын ақ қаңылтырмен қапталып, жаңадан салынған “Г” тәріздес ұзыннан-ұзақ ғимарат – компанияның екінші өндіріс ошағы. Онда полимерлі тұрмыс қалдықтарын өңдеп, пластмасса бұйымдарын шығаратын цехтар, дайын өнімдер қоймасы, жұмысшыларға арналған тынығу, душ бөлмелері, бу қазандығы жабдықталған.

Дмитрий Анатольевичтің айтуына қарағанда, алғашында өндіріске “ПАМЖЗ” АҚ-дан сатып алған пластмасса бұйымдарын жасайтын 4 көне қондырғы пайдаланылып келіпті. Олар заманауи станоктар емес еді. Оның үстіне қажетті шикізатқа да тәуелді болған. Сондықтан “Қазақстан Халық банкі” АҚ арқылы 1 млн. АҚШ доллары көлемінде кредит алып, “Өзіндік өнімдерді тасымалдау үшін автокөлік құралдары паркін кеңейту” және “Полимерлерді екінші қайта өңдеуге арналған өндірісті жаңғырту” жобаларын қолға алған. Кредит германиялық және қытайлық полимер өнімдерін шығаратын заманауи 6 станок және машина паркіне өзіндік өнімдер тасымалдайтын көліктер алуға жұмсалған. Жеке кәсіпкердің бұл бастамасына кезінде облыс әкімдігі тарапынан мемлекеттік қолдау көрсетіліп, өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен екі жобаның 25,5 млн. теңге көлеміндегі 7 пайыздық сыйақысы 3 жыл бойы мемлекеттік бюджеттен жәрдем қаржыландырылатын болды.

Бүгінгі күні өндіріс орнында Петропавлдағы тұрмыс қалдықтары полигонынан сатып алынатын және Астана сияқты қалалардағы тұрмыс қалдықтары зауытынан әкелінетін шикізаттарды кептіретін, өңдейтін, одан полимер түйіршіктерін шығаратын желі жұмыс істейді. Дайын полимер түйіршіктері қажетті түске боялып, пластмасса бұйымдарын жасайтын цехта шикізат ретінде пайдаланылады.

– Бізде дайындалған полимер түйіршіктеріне өзімізден басқа, сырттан да сұраныс бар. Екіжақты келісім бойынша қапталған өнімдеріміз “Радуга” ЖШС маркасымен Ресейдің Саранск, Нижнекамск, Омбы қалаларына экспортталады, – дейді компания басшысы.

Өндіріс цехында полимерден тұрмысқа қажетті 40-тан астам бұйым түрлері шығарылады. Тек сан алуан өрнекті, түрлі түсті “полимер төсеніш” қана 8 түрлі көлеммен сауда орындарына жөнелтіледі. Киім ілгіш, тұрмыстық шелек пен шаралардың бірнеше түрі, күрек, балаларға арналған шаналардың екі түрі, балықшылар шанасы, қарда жүргіш тіркемесі, 50, 100, 150, 200 метрлік полимер пленкалары, биодәретханалар, айта берсе, толып жатыр.

Бұл өндіріс орнында 200-ден астам адам еңбек етеді. Негізін бескөлдіктер құрайды. Облыс орталығынан келіп істейтіндерге арнайы автобус бөлінген. Олардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңгенің үстінде.

Компания өнімдері ЖШС-нің Абай және Төле би көшелері қиылысындағы “Радужная” әмбебап дүкенінде саудаға түседі, коммерциялық бөлім арқылы облыс аумағындағы, оның ішінде Петропавл қаласындағы сауда орындарына, республикамыздың үлкен қалаларына жөнелтіледі.

Алдыңғы жылы өндірістік базаға компьютермен басқарылатын германиялық “Heizomar” қазандығы орнатылыпты. Жаңа қазандыққа отын дайындалған учаскелерде тау-тау болып үйіліп жататын ағаш қалдықтары пайдаланылады. Олар серіктестік базасында арнайы қондырғымен ұсақталады.

Серіктестік өздерінде өндірілетін тауарларды өткізуге ерекше көңіл бөледі. Бұл мақсат “Добрая рать” брендімен жұмыс істейтін коммерциялық бөлім арқылы жүзеге асырылады. Тиімді әріптестік байланыс орнату, екіжақты қолайлы келісімшарт жасау, тауарлардың үзіліссіз жөнелтілуін қамтамасыз ету, оған жақсы акция ойлап тауып, нарыққа шығару жұмыстарымен осы құрылым айналысады. Оның құрамында тауар логистикасы, бренд-менеджерлер, маркетинг қызметтері жұмыс істейді. Бөлім құрылған 2005 жылдың тамыз айында “Радуга” ЖШС-нің Петропавл, Қарағанды және Павлодар қалаларында ғана филиалдары болыпты. Қазір ол Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Қостанай, Екібастұз, Шымкент, Көкшетау қалаларын да қамтиды.

Серіктестіктің 160 техникадан тұратын машина-трактор паркі бар. Олар – Ресейде, Беларусь пен Қытайда шығарылған заманауи техникалар.

Жалпы саны 1500 адам еңбек ететін компанияның өнімдері мол сұранысқа ие. Жыл өткен сайын серіктестік жаңа өнім түрлерімен өз тұтынушыларын тауып жатады. Осының өзі Дмитрий Анатольевич басқаратын компанияның үнемі ізденіс үстінде екенін танытады.

Өткен жыл радугалықтар үшін жемісті болды. Қазақстан Республикасы Президентінің 5 желтоқсандағы Жарлығымен ЖШС-нің бас директоры Дмитрий Анатольевич “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды, ол басқарып отырған “Радуга” ЖШС ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында “Экологияға қосқан үлесі үшін” аталымында “Парыз – 2014” бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының қола жүлдесіне ие болды.

Бұл – халық тұтынатын тауарлар шығарумен айналысып келе жатқан кәсіпорынның орасан зор еңбегіне берілген жоғары баға.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp