Халқымыздың атадан балаға жеткен “Үй таңдама, көрші таңда” деген нақыл сөзі бар. Бұл өсиеттің астары терең, өміршең екендігіне күнделікті өмірде де көз жеткізіп жүрміз. Осыдан бірер күн бұрын петропавлдық Зинаида Уфимцева үш баласымен үйінің шатырынан шыққан өрттің құрбаны бола жаздады.
Бағына орай, таң ағара есік алдына таза ауамен тыныстауға шыққан 68 жастағы Амангелді Сұлтанов көрші үйдің шатырынан жалындаған отты аңғарады. Бірден зайыбына өртсөндірушілерді шақыруды тапсырып, өзі жүгіре басып қою қара түтінге оранған көрші үйге жетеді. Ол жеткенде жалынға оранған үйдің шаңырағы ортасына түсуге шақ қалыпты. Ер адам өз өмірін тәуекелге тіге отыра, түтінге тұншыға жүріп көршілерін іздейді. Қолымен сипалап жүріп алғаш кірген бөлменің ішінде Зинаида мен оның балаларын тауып алады. Қорыққандарынан орындарынан қозғала алмай қалған көршілерін сыртқа шығарып, таза ауамен демалдырғаннан кейін үйіне апарып, тамақтандырып, балаларға өз немерелерінің киімдерін береді. Бұл уақытта өртсөндірушілер де жетіп, тілсіз жауды ауыздықтайды.
Жасы жетпіске таяған адамның оттан тайсалмай көршілерін құтқаруға ұмтылуы – көпке үлгі боларлық іс. Алайда, Амангелді Сұлтанов “Менің орнымда кез келген адам осылай істер еді”, – деп бұл әрекетін батылдыққа баламайтындығын айтты.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы.